Ет дегенде «бет» жоқ
Бүгінде базардағы ет бағасына қатысты шағымданатын тұрғындардың қатары көбейді. Неге екені белгісіз, соңғы уақытта ет құны шарықтап кеткен. Оған қоса сапасы да көңілге қаяу келтіріп тұрған көрінеді. Бұқараның базынасына құлақ түріп, мән-жайды білмеккке орталық базарға ат басын бұрдық.
Ашығын айту қажет, «ет дегенде, бет бар ма?» деген қазақ үшін маңызды тағамның басында ет тұр. Яғни, ұлттық тамақтың басым көпшілігі еттен жасалатындықтан одан дәмді әрі қуатты ас жоқ. Оның үстіне апта сайын қара қазанға ет салып, сорпа ішпесе отыра алмайтын жандар ай сайын тоңазтқышты осы өнімге толтырып қояды. Бірақ осындай жандар құнының неліктен көтеріліп бара жатқанының себебін білгісі келеді.
– Өзім мал ұстамаймын. Бірақ шаңырағында еттің ісі бұрқырамайтын қазақ жоқ. Сондықтан әріптестерім деңгенеге деп, яғни айлыққа мал сойып жатқанда жіліктеп алып қоямын. Таусылып, аяқ-асты қажет болғанда базардағы саудагерлерге жүгінуге тура келеді. Бірде сондай жағдаймен ет дүкенге бардым. Міне, қызықтың көкесі сол кезде басталды. Өмірімде еттің жақсысы және жаманы болып екіге бөлінетін бірінші рет естуім. Қашаннан бері төрт түліктің етін жақсы не жаман деп бөлетін болғанбыз. Неге олай болды деп саудагерден қызыға сұрағанымда, соған сай бағалары да өсіп отыратынын білдім. Бағасы да санаға сыймайды. Сосын ақырын келесісінің есігін қағып, мән-жайды білгенімде, тағы да осындай жағдайға куә болдым. Осыдан соң базардан ет алуды доғардық, – дейді кент тұрғыны Асылхан Демеу.
Ел ішінде «күре жолдың бойында көлік қағып, көз жұмған малды дүкендерге таратады» деген сыбыстың бар екенін көпшілік жақсы біледі. Оның үстіне «екі түліктің етін бір-біріне араластырып сататын да осындай дүкендер» деп сөз қосатын тұрғындар кездеседі. Сол секілді кент тұрғыны Жамал Жәми базардан «фарш», яғни тартылған етті алуға болмайтынын айтады.
– Мен бірде базардан тартылған ет алатын болып, асығыс сатушыдан салып беруін өтіндім. Сосын ақысын төлеп, кетіп қалдым. Үйге келген соң ашып қарасам ет емес, толған май араластырып беріп жіберіпті. Оған қоса түсінен жаңа мен көне еттің араласқаны байқалады. Иісі де шығып тұр. Амал жоқ, итке тастауға тура келді. Бірақ сол дүкенге бірер күннен соң аялдап, барлығын ескертіп айттым. Артық шуға басуға болар еді, бірақ ол жан да отбасы асырап отыр ғой деген оймен басылдым. Мен бұлай жасағанмен келесі жолы басқа жан олай істемейді, Сондықтан тұтынушы ақшасына сатып алған соң дұрыс қызмет көрсету қажет, – дейді ол.
Мұнымен ел ішіндегі барлық ет сататын жандарды қаралауға болмайды. Бәріне бірдей күйе жағып, даттай алмаймыз. Арасында жасаған ісіне адал, осы кәсіптен береке тауып отырғандар да бар.
– Бас жоқ, көз жоқ айқайға басып кететіндер күніне бірнеше мәрте кездесіп тұрады. Соның арасында ет танымайтындар көп келеді. Сөйте тұра шу шығаруға құмар. Негізі қазір ет дүкендерінде қой 2500, жылқы 2300, түйе 2000 және фарш 2500 мың теңге тұрады. Мысалы, менің күйеуім малды өзі сойып, өзі ішке алып келеді. Кешегіне бүгінге араластырып, беруден аулақпыз. Айтпақшы, тартылған ет қажет жандарға айтарым, саудагерден өздеріңіз көріп, арасынан шығарып беріп, сол жерде тартып беруді сұраңыз. Сосын келесі жолы бұрыс ойдан арыласыз, – дейді 8 жылдан бері ет сатумен айналысып келе жатқан Сағира Болатқызы.
Етке қатысты наразылықтар жоғарыдағыдай. Халық айтса, қалып айтпайды. Сондықтан бағасына бақылау жасап, сапасына жіті көңіл бөлу қажет. Әйтпесе, ет дегенде бетімізді ұстайтын жағдайға жетеріміз анық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК