Тағамның тәттісі – түймеш
Соның бірі – қарынбөртпе. Бұл қарынға салынып пісірілетін ұлттық тағам. Оны пісіріп дайындау үшін сүйектері ұсақталып шабылған жас ет туралады. Сосын айналдырылған қарынға тұз, бұрыш, жуа қосылып, аузын мықтап буады да, қазанға салып, суға қайнатады. Ол қазанға асқан еттей емес, хош иісті әрі жұмсақ, дәмді болады. Қарын ішінде піскендіктен өз нәрі өзіне сіңеді. Мұны қонақ күткен ауыл адамдары жақсы біледі, арнайы әзірлейді.
Көмеш – қарынға салып пісірілетін тағам. Тазартылған қарынның ішіне аса толтырмай марқаның, бағланның, қой мен серкенің етін және картоп, сәбіз сияқты түрлі көкөністі бірге салады. Ерте кезде қарынның сыртын балшықпен сылап, отқа көміп дайындаған. Қазіргі кезде көмешті электр пеште пісірсе де болады. Ішіне толтырылған қарынның аузын бекітіп, тесік тесіліп түтікше орнатылады. Көмеш екі сағаттың ішінде дайын болады.
Ертеректе соғымның сүр етінен жентек, түймеш, парша тағамдары жасалған. Екеуінің де әзірленуі бірдей. Яғни етті арнайы дөңбекке салып, ағаш балға, қолтоқпақ сияқты ұрғылармен жаныштап ұрып, жентектеп немесе түймештеп етті ұсақтап, тұз, бұрыш салады. Түймештелген етке бидайдың немесе тарының талқанын қосып, илеп қатырады да, біразға дейін ет мұздау үшін үлкен керсенге салып сақтайды. Содан соң оны қамырға салып түйеді. Міне осы тағамды «түймеш» деп атаған. Мамандар «қазіргі замандағы фаршты ата-бабаларымыз осылай жасаған. Мұндай етті парша-түймеш деп те атаған» дейді. Ескеретін жайт, бүгінде фаршты жас еттен жасаса, түймешке сүрленген ет қолданған. Сүр еттің құнарлығы, жас еттің нәрлілігінен сегіз есе жоғары болатындықтан ертеректе көбіне ас-ауқатына сүр етті пайдаланған.
Түймештің дертке дауа қасиеті мол. Арнайы зерттеулер бойынша сүрленген етте жас етке қарағанда холестерин мөлшері 2-2,5 есе аз болады. Есесіне сүр етте белок, кальций, фосфор, мырыш тәрізді адам ағзасына қажетті минералды зат өте көп. Мамандар бұған қатысты «сүр етте болатын дәрумендер адам ағзасына зор күш-қуат береді. Бүгінде етті сүрлеу ұмытылып барады. Кептіріліп, сүрленбестен бірден тоңазытқышқа салынған ет дәрумендерінің күші азаяды да, құнарлылығын жоғалтады. Сондықтан сүрленген етті пайдаланған дұрыс» екендігін алға тартады. Осы жайтты ескергендіктен ата-бабамыз сүр етті көбірек пайдаланған. Ал түймеш асына сүр етті пайдаланудың арқасында біраз дертке шипа да тапқан деседі.
Салт-дәстүрге орай қыз ұзатуда құдасына түймеш ұсынған. Жалпы түймеш тағамы сыйлы құдаға арналған. Әсіресе қыз ұзату кезінде түймешті құдасына ұсынған сәтте қызды алуға келіп отырған құдалар оның жасалғанына қарап, сол үйдің қызына өзара сын көзбен қараған. Егер түймеш әдемі, біркелкі етіп жасалса, құдалар жағы «қыздарыңыздың қолы епті, ұқыпты екен» дескен.
Тағы бір ұмыт қалған тағамның бірі – май шұрқан. Бұл тағамға семіз ет, құйрық шарбы, өкпе-бүйрек қосып қайнатып тұз, сарымсақ, бұрыш салып, үстіне талқан немесе қамыр, құрт қосып, майлы тұздығымен жеген. Көбіне жорықта, жылқы қостарында әзірленген. Май шұрқанды қамырдың ортасына ұсақ туралған майлы немесе жанышталған ет салып пешке де пісіруге болады. Май шұрқанды пешке салып пісірерде мүмкіндігіне қарай, қамырды сүтке болмаса жас сорпаға илесе, дәмді және құнарлы болады.
Мамандардың пікірінше, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды жасау технологиясы, тамақты күтіп баптау мен сақтау тәсілдері арнайы зерттеуді қажет етеді. Дегенмен кейбірі халық арасында жаңғыртылып, заманауи реңкпен әзірлеу қолға алынуда.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ