Елімізде тұтынушылық кредит беру көлемі қысқартылмақ - Үкімет
Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңейтілген Үкімет отырысында 2023 жылы елімізді күрделі кезең күтіп тұрғанын атап өтті. Бұл ретте Премьер-министр Әлихан Смайылов жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерге төтеп беру үшін Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен тапсырмаларын сапалы іске асыру керектігін айтты.
«Біз форс-мажор жағдайларға барынша тез әрекет етуіміз қажет. Әр министр өз саласы бойынша тапсырмалардың 100%-ке орындалуына кепілдік беруі тиіс. Ал, әрбір әкім жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің сапалы шешілуін қамтамасыз етуі керек. Мен цифрлық жобалық офис аясында барлық бағдарламалардың, жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын тұрақты түрде бақылайтын боламын», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Егер жүктелген міндеттер мерзімінде орындалмаса немесе орындалу сапасы нашар болса, Үкімет басшысы дереу кадрлық шешімдер қабылданатынын ескертіп, бірқатар тапсырмалар берді.
«Президент Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының іс-шараларын министрліктердің салалық тұжырымдамалары мен даму жоспарларына қосу керек. Біз оларды келесі жылдың басында бекітеміз. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әкімшілік реформа шеңберінде мемлекеттік басқару деңгейлері арасында функцияларды қайта бөлу арқылы заңнамалық актілерді жүйелі тексеруді аяқтауы тиіс. Тиісті заң жобасын әзірлеп, оны 2023 жылдың 1 наурызына дейін Мәжіліске енгізу керек», - деді Премьер-министр.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, бір ай ішінде инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жаңарту қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, бір ай ішінде Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қайта қаралмақ. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сыйақы ставкаларын субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұзарту қарастырылады.
«Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, тұтынушылық кредит беру көлемін қысқарту шараларын әзірлеуі тиіс. Сондай-ақ, Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, Ұлттық қордан аударылатын трансферттерді біртіндеп төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс», - деп нақтылады Премьер-министр.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов өзге де ведомстволарға біқатар тапсырма жүктеді.
«Еңбек министрлігі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және өндірістік жарақаттың алдын-алу тетіктерін жетілдіруге баса назар аударуы қажет. Ішкі істер министрлігі Ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, басқа елдерде тіркелген автокөліктерді заңдастыру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінде полицияның сервистік моделін тарату үшін қажетті шараларды қабылдау қажет. Сыртқы істер министрлігі Үкіметтің инвестициялық блогының жұмысын күшейту бойынша қосымша ұсыныстар енгізсін. Индустрия және экология министрлiктерi Бас прокуратурамен бiрлесiп, заң бұзушылықпен берiлген кен орындарын мемлекет меншiгiне қайтару шараларын қабылдасын. Энергетика министрлігі әрбір жылу электр орталығының жағдайына кешенді түрде талдау жүргізуі қажет. Ұлытау облысында мұнай өңдеу зауытын салудың қажеттілігі туралы мәселе пысықталуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ашық цифрлық картасын жасасын, оларды бөлу тетігі айқын болуы керек. Өңір әкімдері тұрғындар тарапынан туындайтын проблемалық мәселелерге уақтылы мониторинг жүргізіп, оларды шешудің нақты алгоритмдерін әзірлесін», - деді Үкімет басшысы.