Премьер-министр министрлерге тапсырма берді
Үкімет отырысында Премьер-Министр Смайылов 2023 жылы министрлер кабинеті Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы жүзеге асыруға назар аударуы керектігін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов министрліктер мен ведомстволарға төмендегідей тапсырмалар берді.
Ұлттық экономика министрлігі, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі - тұтынушылық несиелеу көлемін қысқартсын.
"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру, тұтынушылық кредит беру көлемін қысқарту шараларын әзірлеу және Ұлттық қордан трансферттерді біртіндеп төмендетуді қамтамасыз ету керек.
Оған қоса, бюджеттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына көбірек дербестік беру, сондай-ақ Экономиканы демополизациялау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын күшейту бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс", - деді Смайылов.
Әлихан Смайылов заң бұзушылықпен берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жөнінде шаралар қабылдау, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыруды жеделдету, республикадағы әрбір ЖЭО-ның жай-күйін кешенді қарау және Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін қажетті газ инфрақұрылымын жүргізу жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігіне назар аударды.
Сонымен қатар, премьер-пинистр ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ашық цифрлық картасын жасауды тапсырды. Оларды бөлу тетігі айқын болуы керек. Ал өңірлердің әкімдеріне оларды шешудің нақты алгоритмдерін әзірлей отырып, тұрғындар тарапынан туындайтын проблемалық мәселелерге уақытылы мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.