Дамудың даңғыл жолындамыз
Қазалы ауданы өңірдегі басқа аудандардан экономикалық даму көрсеткіші жағынан кем тсүпейді. Арзан тауарлар мен сапалы құрылыс материалдары үшін осында ат арытып келетін жолаушылар да аз емес. Мұның бәрі жергілікті кәсіпкерлік саласының күш алғанын, дамудың даңғыл жолына түскенін аңғартады. Керек десеңіз, өндіріске беттей бермейтін ауданға шағын және орта кәсіппен айналысатын азаматтар күш беріп отыр деуге болады. Бірақ барлығы бір күнде кәсіпке бет бұрып, нөлден көтерілді деп құр мақтанға салыну ұят болар еді. Белгіленген талапқа сай, «талабым бар» дегеннің барлығына қолына 1 миллион 200 мыңға жуық қайтарымсыз грант пен жеңілдетілген несие ұстатып, саудада сауаты жоқты қайта оқытып отырған мемлекеттің қолдауы қозғаушы күш екеніне ешкім дауаласа қоймас. Осыны ойға алып, қазалылық кәсіпкерлер үкіметтен басқа қандай көмек алды, жақсылықтың қайтарымы болып жатыр ма деген сарындағы сауалдың жауабын білмек ниетпен аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақовпен тілдескен едік.
– Ақтілеу Талайлыұлы, жылдың аяқталуына бірнеше апта уақыт қалды. Биыл кәсіппен айналысуға бел буған азаматтар саны қаншалықты өсті?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет бірнеше жылдан бері кәсіпкерлік саласын жетілдіруге шындап ден қойғанын білесіз. Мұны қаржылай, тренингтік, құқықтық қолдауларға қарап аңғарсақ болады. Соған сәйкес, әр жыл сайын икемі бар іске көңіл бөліп, жеке кәсібін домалатуға бекінген қазалылықтардың саны артып келеді. Мәселен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, дәл қазір 5893 кәсіпкерге көбейген.
Әңгіме шағын және орта кәсіп иелері туралы өрбіп отыр. Яки, биыл 1858 азамат салық басқармасына тіркеліп, жеке кәсіп бастағаны туралы талон алған. Өкінішке орай, саладағы жұмысын тәмамдаған жандар да аз емес. Жыл басынан бері 1400 кәсіпкер белгілі-белгісіз себептермен ісін тоқтатты.
– Мемлекет осыншама қолдау көрсетіп отырғанын ескерсек, жұмысын тоқтатқан іскерлердің саны минималды болуы керек емес пе? Бұған не себеп? Осы тұста кент, қала, ауылдық округтердің белсенділік көрсеткіші жайында үлкен сауал туады.
– Мойындау керек, кейбір ауылдық округтерде ашылған нысандардан жабылған субектілердің үлесі басым. Бір ғана Арықбалық ауылдық округінде 10 айдың ішінде 35 кәсіпкер жұмысын тоқтатты. Ал жаңадан тіркелгендердің саны жиырмаға жетпейді. Мұндай кері көрсеткіш Қарашеңгелде 9, Аранды, Басықара, Сарыкөл, Сарбұлақ 6 бірлікті көрсетіп отыр. Бұл кемшіліктер ауданның кәсіпкерлік саласы бойынша атқарған жұмысын артқа тартып отырғанын айта кету керек. Ауыл әкімдері мұны елдімекендегі кадам санының аздығы мен кәсіптен түсетін пайданың төмендігімен байланыстыратыны сөзсіз.
Ал өсу динамикасына келетін болсақ, Әйтеке би кентінде 349, Қазалы қаласында 122, Майлыбаста 11, Ақжона мен Көларықта 8, Құмжиек ауылдық округінде 5 азаматқа артқан. Алайда, аталған белсенді елді мекендердегі көрсеткішті одан әрі өсіруді мақсат етіп, жұмыстарын ширатуы қажет. Себебі қазіргі таңда жалпы кәсіпкерлердің белсенділік көрсеткіші 95,6 процентті құрағанымен, белгіленген 95 пайыздан төмен нәтижені Қазалы қаласы мен Сарбұлақ ауыл көрсетіп отыр. Соған сай қала және ауылдық окургтерде әрекетсіз кәсіпкерлердің қызметін қайта қосуға жұмыс жасаймыз.
Жалпы Қазалы ауданында шағын және орта кәсіпкерлікте тіркелген халықтың үлесі небәрі 7,5 %-ды құрайды. Бұл көрсеткіштің төмен екендігін жасырмаймыз. Бұдан бөлек, ШОК бойынша халықтың үлесі 5 пайыздан төмен ауылдар бар. Майдакөл, Басықара, Майлыбас, Алға, Бөзкөл, Тасарық, Бірлік, Аранды, Қарашеңгел ауылдық окургтеріндегі баяу өсім өнімді іске қолбайлау болып отыр.
– Аталған ауылдардағы төменгі көрсеткішке байланысты қандай ескерту, амал жасалып жатыр? Қиындықтан шығаратын қандай жоспарыңыз бар?
– Бұл көрсеткіш облыс әкімінің де сынына ілігіп отыр. Себебі Қазалы сауда-саттығы дамыған, кәсіпкерлікке бейім аудан ретінде бағаланады. Нұрлыбек Машбекұлы жыл соңына дейін аудан кәсіпкерлерінің үлесін 9 процентке жеткізуді тапсырды. Ол үшін қолда бар әлеуетті пайдаланып, тұрғындарды мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыруды ойлап отырмыз.
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің санын көбейту үшін ауыл әкімдері аумағы бойынша заңсыз кәсіппен айналысушыларды қолданыстағы заңнама шеңберінде салық басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркетуі және өткен жылдары «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грантқа ие болып, кәсіп ашқан азаматтардың қызметін қатаң бақылауы тиіс. Сондай-ақ ауылдағы ағайындарды жеңілдетілген несиемен қамтуды ұсынамын. Әрі-беріден кейін сала көрсеткішінің төмендеуі қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкерлердің кәсібін жыл өткен соң жауып тастауы салдарынан орын алып отыр.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін ШОК-ті кем дегенде 10 процентке жеткізу туралы іс-шара жоспары, тапсырмасы тұр. Мұндағы мақсатымыз әрбір әкімшілік аумақтағы кәсіпкерлер санын ай-сайын арттыру болатын. Тіркелген және жұмыс жасап тұрған ШОК субъектілері санын ұлғайту бойынша тек Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ақжона, Алға, Майдакөл, Мұратбаев, Майлыбас, Өркендеу ауылдық округтерінде ғана жұмыс жасалғанын байқап отырмыз. Қалған ауылдық округтерде 10 ай қорытындысымен кәсіпкерлер санын қажетті межеге жеткізу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмегендігін аңғартады.
Ендігі кезекте, кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлер санын арттыру үшін кәсіпкерлік бастаманы қаржылай қолдау шараларын жүргізу өте маңызды. Бұл бағытта ағымдағы жылдың 10 айында аудан кәсіпкерлеріне сауда айналымын қаржыландыру, өндіріс түрлерін ашу және ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында түрлі қаржы ұйымдары тарапынан 636 өтініш берілді. Соған сай жалпы көлемі 3 миллиард 523 миллион 500 мың теңгенің несиесі мен грант жеңіп алынды.
– Қандай жоба, нендей несие ұйымы кәсіпкерлерді қолдауға қуана кіріседі? Қаржылай көмек жайында сөз өрбітейік.
– Кәсіп бастау, ең алдымен қаржы мәселесіне келіп тірелетіні түсінікті. Соған байланысты көптеген несие ұйымдары мемлекеттік бағдарламаларға жәрдем жасап отыр. Мәселен, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банктер 200-ге жуық жобаны қаржыландырды. Бұл дегеніміз 2 миллиард 63 миллион 600 мың теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек «Қазалы Несие» серіктестігі 9, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 23, «Атамекен – Қызылорда» МҚҰ 13, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы – 12 жобаның несиелік сұрағы мақұлданды. «Сырдария 1», «Ауыл», серіктестері де ортақ іске біркісідей жұмылып отырғанын ерекше айту керек. Бұған 400 АЕК көлеміндегі «Стартап» грант жобасы арқылы 366 жоба жұмысын бастағанын қосыңыз. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде гранттық қаржыландыру жобасы да ара-тұра кәсіпкерлерге несие береді. Басқа да қаржы ұйымдарынан аудан бойынша 401,6 миллион теңгенің 44 жобасының қаржыландыруын күтіп отырмыз.
– Қазалы ауданында, оған қарасты ауылдық округтерде қандай кәсіп түрін қолға алған дұрыс? Жергілікті жерде қандай қызмет түрі қат?
– Әрбір әкімшілік-аумақтық бірлік экономикалық қажеттілігіне қарай, аумағында жоқ кәсіп түрін ашуға бетбұрыс жасағаны дұрыс. Мысалы, қызмет көрсету саласында қоғамдық монша, автокөлік жуу, вулканизация, шаштараз сияқты, ал өндірістік мақсатта нан-кондитер, құрылыс бұйымдары цехын ашқысы келетіндерге қаржылай сүйемелдеуді күшейту керек.
Осы ретте, әрбір әкімшілік аумақтық бірліктің ШОК субъектілерінің экономикалық қызмет түрлеріне талдау жасалып, кәсіпкерлік паспорт жасалған болатын. Нәтижесінде, Алға, Басықара, Бозкөл, Бірлік, Құмжиек, Майлыбас, Тасарық ауылдық округтерінде қоғамдық монша, шаштараз сынды қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік нысандары мүлде тіркелмеген. Осы жұмыстарды өз деңгейінде орындау мақсатында сыртта жүрген табысты азаматтарды ауылға инвестор ретінде тарта отырып, өңірге қызмет көрсету немесе өндіріс бағытындағы бизнестерді бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, салық базасының ұлғайюына септігін тигізетіні сөзсіз.
Үлгі ретінде айта кетейік, былтыр Ақтөбе қаласының кәсіпкері, Бекарыстан би ауылының тумасы, жерлесіміз Болат Сансызбаев Майдакөл ауылдық округінде 100 орындық балабақша салып берді. Балақайлардың қуанышы өз алдына, оған дейін құрылыс жұмыстарына қазалылық 17 адам тартылып, уақытша болса да нәпақасын айырды. Туған жерге тағзым ете білетін осындай атымтай азаматтардың арқасында ауданның көркі ажарланып, қуаты арта беретіні түсінікті. Ал кәсіппен айналысушыларға жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін тағы бір мәрте еске сала кетейік.
– Ашық әңгімеңіз үшін ризашылығымды білдіремін!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ