Жеті ишанға көше берілді
Жуырда Әйтеке би кентінде XX ғасырда аудан аумағының «Құланбай», «Сары төбе» ауылдарында өмір сүріп, Ислам дінінің ғұламалары болған жеті ишанға арналып көше атауы берілді.
Жеті ишан дегеніміз – бұл Ақназар баласы Жақсыкелді ишан және оның балалары Дінім ишан мен Күнім ишан, Баба баласы Кеңес ишан, Қойжан баласы Шоймағамбет ишан, Ақтан баласы Жарас ишан және Тасмырза баласы Қайырлап ишан деген әулиелер. Бұл ишандардың барлығы да сол кезеңдегі ауыл балаларын діни сауаттандырған мешіт ұстазы, халыққа Ислам жолымен дұрыс тәрбие берген ұстаздар болған.
Көшенің ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, ауыл балаларын имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеген жеті ишанның есімі қайта жаңғыртылып жатқанын айтып, жиылғандарды көшенің ашылу рәсімімен құттықтады.
Сондай-ақ, жеті ишанның ұрпағы, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш пен Жанқожа батыр мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов сөз алып, жеті ишанның халық арасында имандылықты насихаттаған еңбектеріне тоқталып, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Мұнан соң, салтанатты шара жаңа көшенің ашылуымен жалғасып, Жанқожа батыр атындағы орталық мешітте Жеті ишанның ұрпақтарының атынан ас берілді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат