Тірлігі толымды Басықара
Аудан орталығы Әйтеке би кентінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан Басықара ауылдық округі 1934 жылы №3 ауылдық кеңес болып құрылған. Сөйтіп, 1949 жылы Қарашеңгел ауылдық округіне кіріктірілген. Бұдан соң Құмжиек ауылдық округіне беріліп, 2001 жылы ғана өз алдына округ болып бөлінді. Қазіргі таңда аймаққа әйгілі ауылдың дамуында ілгерілік байқалады.
Кезінде Қазалы, Арал аудандарында суармалы егістік пен шабындықты жеткілікті мөлшерде игеру үшін су тапшылығынан құтылудың жолы плотина құрылысын бастау болды. Зерттеу жұмысының нәтижесінде Сырдария өзеніне су тоспасын салу үшін Басықара елді мекенінің тұсынан басқа қолайлы аумақ табылмады. 1963 жылы Қызылорда су құрылысы тресіне қарасты Қызылорда №16 жылжымалы механикалық колоннасы құрылыс жұмысын бастап кетті. Ол бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланып, жер-жерден мамандар мен жұмысшылар тартылды. Сонымен бірге ауыл құрылысы қатар жүрді. Ауқымды іске өзбек, орыс, қырғыз, татар, башқұрт, молдаван, түрік, украин, неміс құрылысшылары тартылып, 1964 жылдың аяғына дейін екі пәтерлі 19 үй салынды. Сегіз жылдық мектеп, клуб, емхана, балабақша, монша, орталық жылу жүйесі пайдалануға берілді. 1970 жылы Тыныбаев атындағы Басықара су торабы жұмысын бастап, бүгінгі күні республикалық маңызды нысанның біріне айналды.
Ауыл әкімі Мұрат Бекмамбетовтың айтуынша, осы уақытқа дейін мұнда бірқатар ауқымды жұмыстар істелген. Балаларға арналған спорт алаңы жасақталып, жасөспірімдер мен ересектерге екі бөлек кіші футбол алаңы іске қосылған. Ауыл ішіндегі жолдардың сапасы көңіл көншітерлік. 2013 жылы типтік жобада пайдалануға берілген «Басықара» фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі тұрғындарды аурудан айықтыруды толық қанағаттандырып отыр. Ауылдық клуб пен 50 орындық №8 «Тілашар» бөбекжай-балабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрақты жұмыс істеуде. Қазалы су торабы өндірістік учаскесі, ауылдық кітапхана, №12 су көтеру бекеті, байланыс бөлімшесі, аудандық ән-әуез мектебі филиалында тұрғындар жұмыс көзін тауып, тынымсыз тіршілік қазанын қайнатып отыр.
Одан бөлек, округтегі қос қабатты, замануи технологиялармен жабдықталған №182 орта мектеп 2010 жылы салынып, пайдалануға берілген. Мектепте оқу-тәрбие жұмыстары жолға қойылған. Ауылдық клуб, кітапханамен берік байланыс, оқушыларды ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жоспарлары да түзілген.
Серік АҚМЫРЗА