Басықарадағы толымды тірлік
Аудан орталығы Әйтеке би кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым қашықтықта орналасқан Басықара ауылдық округі 1934 жылы №3 ауылдық кеңес болып құрылғанын көпшілік біле бермейді. 1949 жылы Қарашеңгел ауылдық округіне кіріктірілген. Бұдан соң Құмжиек ауылдық округіне беріліп, 2001 жылы ғана өз алдына округ болып бөлінді. Қазіргі таңда аймаққа іргелі су торабымен әйгілі ауылда даму белгілері анық байқалады.
Ауыл тарихы – тереңде
Кезінде Қазалы, Арал аудандарында суармалы егістік пен шабындықты жеткілікті мөлшерде игеру үшін су тапшылығынан құтылудың жолы плотина құрылысын бастау болды. Зерттеу жұмысының нәтижесінде Сырдария өзеніне су тоспасын салу үшін Басықара елді мекенінің тұсынан басқа қолайлы аумақ табылмады. 1963 жылы Қызылорда су құрылысы тресіне қарасты Қызылорда №16 жылжымалы механикалық колоннасы құрылыс жұмысын бастап кетті. Ол бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланып, жер-жерден мамандар мен жұмысшылар тартылды. Сонымен бірге ауыл құрылысы қатар жүрді. Ауқымды іске өзбек, орыс, қырғыз, татар, башқұрт, молдаван, түрік, украин, неміс құрылысшылары тартылып, 1964 жылдың аяғына дейін екі пәтерлі 19 үй салынды. Сегіз жылдық мектеп, клуб, емхана, балабақша, монша, орталық жылу жүйесі пайдалануға берілді. 1970 жылы Тыныбаев атындағы Басықара су торабы жұмысын бастап, бүгінгі күні республикалық маңызды нысанның біріне айналды.
Қазіргі таңда бірлігі жарасқан ауылда 233 отбасы мамыражай өмір сүруде. Онда 1200-ге жуық тұрғын бар. Ауыл көгілдір отынмен қамтамасыз етілмесе де, өткен жылы үй ішіне ауызсу кіргізіліп берілген. Ауыл әкімі Дархан Алпысбаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін мұнда бірқатар ауқымды жұмыстар істелген. Балаларға арналған спорт алаңы жасақталып, жасөспірімдер мен ересектерге екі бөлек кіші футбол алаңы іске қосылған. Ауыл ішіндегі жолдардың сапасы көңіл көншітерлік. 2013 жылы типтік жобада пайдалануға берілген «Басықара» фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі тұрғындарды аурудан айықтыруды толық қанағаттандырып отыр. Ауылдық клуб пен 50 орындық №8 «Тілашар» бөбекжай-балабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрақты жұмыс істеуде. Қазалы су торабы өндірістік учаскесі, ауылдық кітапхана, №12 су көтеру бекеті, байланыс бөлімшесі, аудандық ән-әуез мектебі филиалында тұрғындар жұмыс көзін тауып, тынымсыз тіршілік қазанын қайнатып отыр.
Талантты жастар талпынысы
Ауылдық округ орталығы халқының 20 проценттен астамын жас буын өкілдері құрайды. Мұндағы жастар қоғамдық жұмысқа тартылып, мемлекеттік саясаттан шет қалмай, өздерін жан-жақты дамытуға баса көңіл бөліп отыр. Оған ауылдық клуб жанынан ашылған домбыра, ән, хор, драма, көркемсөз оқу секілді үйірмелер дәлел бола алады. Соның арқасында ауыл тұрғыны Жеңісбек Нұрдәулетұлы “Жігіт төресі” сайысының облыстық біріншілігіне жолдама алып, екінші орынды қанжығасына басқан. Ал Аружан Аманжол есімді ару республикалық домбырашылар сайысында үздіктер қатарынан танылып, екінші орынмен оралған. Бұдан бөлек Айтолқын Іскендір, Сұлушаш Сүйінтай сияқты балауса ақындар мен Ардақ Нағашыбаева, Нұрай Жәдігер есімді жас әнші, термешілер айтулы додаларда жұртшылықты талантына тәнті етіп, ұлттық өнердің өркендеуіне үлестерін қосып жүр.
Басықаралық жастар спорт саласындағы жоғарғы көрсеткіштерімен де әйгілі. Олай деуіміздің себебі №17 жасөспірімдер спорт мектебінің ауылдық филиалында 50-ге жуық бала грек-рим күресімен шұғылданады. 2018 жылы грек-рим күресінен 6 спортшы, атап айтар болсақ, Руслан Алексеев, Шыңғысхан Әбдіхалимов, Әбдіғани Әбідкер, Абылайхан Әбдіхалимов, Әли Жауынбай мен Кенже-Әлі Сүлеймен спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғап шықты. Бұл спортшылардың өткен жылы республикалық және облыстық турнирлерде жүлделі орындарға ие болғаны мақтаныш. Бұлардың бапкері Әмірбек Айнадинов жеңіске жеткенінен бөлек, жастайынан спортпен шұғылданатын балалардың келешек дені сау, саламатты азаматтар қатарында қалыптасатынын айтты. Бұдан басқа ауыл перзенті ауыр атлетші, спорт шеберлігінен үміткер Таиссия Алексеева өткен жылы Қазақстан біріншілігінің екі дүркін чемпионы атанды. 32 келі салмақта сынға түскен Таиссия 68 келілік зілтемірді бастан асырып, қарсыластарын қапы қалдырған.
Білімділерді баптаған білім ордасы
2010 жылы екі қабатты заманауи технологиямен жабдықталған типтік жобадағы №182 орта мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілгендегі көтеріңкі көңіл-күйді басықаралықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Өйткені тозығы жеткен көне мектептің орнынан балаларға білім беретін жаңа ғимарат тұрғызу олар үшін көптен бері шешілмей жүрген мәселенің бірі еді. Қазіргі таңда аталған білім ордасын саладағы тәжірибелі басшының бірі Жетібай Таңмамбетов басқарады. Ол басшылық ететін білім шаңырағында 44 жоғары білімді мұғалім жұмыс істейді. Екеуі жоғарғы санатты, 10 бірінші, тағы 17-сі екінші санаттағы ұстаздар. Жаңа оқу жылындағы санақ бойынша мектепте 231 оқушы білім нәрімен сусындайды.
– Балалардың сапалы әрі кешенді білім алуын қамтамасыз ету үшін ұстаз саны жеткілікті. Өткен оқу жылында 11 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, оның 10-ы мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнына қабылданды. Тағы біреуі арнаулы оқу орнына түсті. Мектеп ішінде тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол, үстел теннисінен үйірмелер ұйымдастырылған. Нәтижесінде, әсіресе, үстел теннисінен оқушылар облыс абыройын республикалық деңгейде асқақтатып жүр.
Оқу ордасының материалдық-техникалық базасы толық заманауи технологиямен жабдықталған. Ғаламтор желісімен қамтамасыз етілген екі компьютер класы бар. Алайда балалар санына шаққанда 4 оқушыға 1 компьютерден келеді.
Дарияның арғы бетінен, елді мекендерден қатынайтын балаларды тасымалдау үшін арнайы автокөлік бөлінген. Мектепте білім алатын екі мүмкіндігі шектеулі баланың үйіне пән мұғалімдері барып, сабақ береді. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары үшін бір мезгіл ыстық тамақ беру де жолға қойылған. Тамақтың сапасы мен қоймажайларды тиісті сала мамандары ұдайы тексеріп тұрады, – дейді мектеп басшысы.
Мектеп айналасының жасыл-желекке бөленген көрінісі көңілге жайлылық ұялататынын айта кеткен дұрыс. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша бұл ағаштардың бірқатары аудан көлемінде өткен тазалық айлығы барысында отырғызылған.
Жөндеу жүргізілген балабақша
Басықара ауылына барғандар әкімдік жанында орналасқан бірнеше секциялы көзге тартымды балабақшаны байқайды. Бұл оның күрделі жөндеуден өткеннен кейінгі келбеті. Бұған дейін №8 «Тілашар» бөбекжай-балабақшасы үй жағдайындағы пешпен жылынып, құдықтағы ауызсуды тұтынатын. Мекеменің қазіргі жағдайына мұндағы қызметкерлер де, ата-аналар да дән риза.
– Ол кездері ойын бөлмесінде, асханада, әкімшілік бөлімде бір-бір пештен болатын. Сонымен бүгінге дейін жұмыс істеп келдік. 2012 жылы балабақша ғимараты апатты жағдайда деп танылып, тағы бірнеше жыл жаңа балабақшаның жоба-сметалық құжаттары даярланды. Алайда ол ойдағыдай болмай, кейінге қалдырылды. Ал ғимарат апатты жағдайға жатқызылғанымен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлдіру де қиындық тудырды. Ақырында заңнамаға сәйкес шатырын ауыстырып, шағын бу қазандығын орнату үшін бюджеттен 15 миллион теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу негізінде “Казстрой” корпорациясы 8 872 000 теңгеге ұтып алды. Жөндеуді кешіктіріп бастағанымен, қазіргі таңда жұмыс аяқталды. Жасалған құрылысты қабылдау ісі үйлестіріліп жатыр, – дейді мекеме басшысы Ғайни Жәрімбетова.
Бұдан бөлек балабақшаның электр желісін жаңарту үшін де 1 милионнан астам қаржы бөлінген. Қазіргі таңда тиісті қаражат мақсатты іске жұмсалып, балабақша жағдайы жақсарып қалған.
“Тілашар” бөбекжайы негізінен 50 бүлдіршінді қабылдауға қауқарлы. Мұнда тәрбиеленетін балалар кіші және үлкен екі топқа бөлінген. Бос орын жоқ. Бүлдіршіндерге педагогикалық білім беретін 8 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар медбике, аспаз, тәрбиешілердің көмекшілері, психолог сияқты 16 маман балалар күтімімен айналысады.
Кәсіпкерге жан-жақты көмек
Жалпы Басықара ауылында 52 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 14-і жас кәсіпкерлер болып саналады. Өткен жылы ауылдың 3 жас тұрғыны әлеуметтік жұмыспен қамтылса, тағы бір азамат жастар практикасы негізінде қызметке орналасқан.
2018-2020 жылдар «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары» болып жарияланғаны белгілі. Осыған сәйкес өткен жылы «Бастау-Бизнес» жобасымен ауылдың 5 тұрғыны оқу курсынан өтіп, Қасиет Амангелдиева сұлулық салонын ашу үшін 240 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған.
Бұдан бөлек «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін 9 адам кәсіби білім алды. Олардың қатарында ауылдан көлік жөндеу орталығын ашуға 1 млн 700 мың теңге қайтарымсыз грант иегері атанған Фазылжан Қайратұлы да бар.
25 жасар механик Орал қаласындағы жоғары оқу орнының бірінен есепші-экономист мамандығын бітірген. Отбасында төрт ағайынды болғанымен, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ол осында кәсібін гүлдендіріп, ауылдың өркендеп дамуына өз үлесін қосқысы келетінін айтады.
– Бағдарлама бойынша оқып, сертификат алдым. Конкурстың негізгі талабы инновациялық жобаларды іске асыру екені белгілі. Бала кезімнен көлік жөндегенді ұнататынмын. Оның үстіне осы аумақта орналасқан Қызылту, Құмжиек, Басықара ауылдарында көлік жөндеу орталығы жоқ. Сол себепті бизнес жоспар дайындап, конкурсқа қатыстым, – дейді ол.
Өзі тұратын аймақта жетімсіз, бірақ халық сұранысына ие жобаларды қолдауға арналған бағдарлама бойынша 3 миллион теңгеге дейін қаржы қаралған. Көлік жөндеуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін құжаттарын тапсырған Фазылжанға 1 700 000 теңге бөлінген. Жас кәсіпкер ол қаражаттың 1 миллионына көлікті көтеруге арналған құрылғы және екі түрлі көлік дөңгелегін қалыпқа келтіріп, жөндейтін техникаларды Алматы мен Астана қалаларынан алдырған. Қазіргі таңда ТЖО жұмысын бастауға дайын. Тек жер құжатын кәсіпкерлік мақсатқа ауыстыру ісі мәресіне жетсе болғаны.
– Көлік жөндеуге қатты қызыққаныммен үйрететін адам болмады. Кейінірек шыққан жылы көне көлік сатып алдым. Қазақ: “Мәселе керек болса көлік ал”, – дейді ғой. Содан білетіндерден сұрап, ғаламтордан оқып, көлігім бұзылса өзім жөндеп алатын жағдайға жеттім. Бірақ машинаның моторын жөндеуді толық білмеймін. Сондықтан орталық іске қосылғаннан кейін көлік қозғалтқышын жетік білетін және көмекші екі адамды жұмысқа аламын деп жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.
Мал шаруашылығы – тіршілік көзі
Басықаралықтардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Оны ауылға кіреберістегі далада жайылған төрт түліктерге қарап біле берсеңіз құп. Мемлекет тарапынан да ауылшаруашылық саласын дамыту арқылы өзін-өзі қамтамасыз еткісі келетіндерге, жұмыс орнын ашамын деушілерге қолдау қарқынды жүруде. Осындай ауқымды істі атқаруға ауыл тұрғыны Шаңғытбай Маратов та атсалысып жүр. “Бизнес Кеңесші” бағдарламасы арқылы оқу курсынан өтіп, бизнес жоспар даярлаған ол кәсіп бастаушыларға тиімді көмек көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламаларға дән риза.
– Бизнестің қыр-сырына үйреткеннен кейін өткен жылы 1 800 000 теңге жеңілдетілген несие берді. Ол қаражатқа 6 бас бұзаулы сиыр сатып алып, өсіріп, көбейтуге ден қойдым. Қазір олардың барлығы бір реттен төлдеді. Егер бәрі жоспардағыдай болса, алдағы уақытта кәсіпті кеңейтіп, ет, сүт өнімдерін сатылымға шығарғым келеді, – дейді Шаңғытбай.
Жер беті көктей бастағанда ірі қаралар өріске жайылады. Кәсіп иесі ара-тұра барып, түгендеп, жайылым алаңына бағыттап жібереді. Ал қазір күн салқындағанда мал кіргізетін қора даярлап жатыр. Бұзауларға да бөлек қоражай салып қойған.
– Қазақ болғаннан кейін тіршілігіміз төрт түлікпен ерте заманнан біте қайнасып жатыр. Әкем де мал шаруашылығымен айналысқасын, оны бағу, көбейту жолдарын жақсы білемін. Елбасы әркім өзі білетін шаруамен айналысу керектігін айтты емес пе? Сондықтан қолдан келген кәсіппен айналысып жүрміз, – деген шаруа баққан азаматтан өзгелер үлгі алса екен.
Бау-бақшасы жайқалған бағбан
Осыдан біршама уақыт бұрын “Үлгілі үй”, “Үлгілі отбасы” деген сияқты номинациялар ауыл тұрғындары арасында үлкен қызығушылыққа ие тұғын. Бұндай шаралар Басықара ауылында да кезінде көптеп ұйымдастырылды. Ол тұста әр отбасы өзіне тиесілі үйіргелік ауласында бақ өсіріп, жаз бойы жемісінің рақатын көрді. Ауыл тұрғындары арасынан Әлдебай Сейсеновтің шаңырағы 2010 жылы “Үздік үй” атағына ие болып, тұрғын үй маңдайшасына бекітілді. Оны сол тұстағы аудан басшысы Айтбай Көшербаев арнайы келіп, табыстаған.
Жеміс-жидекке көмкерілген бақ иесі көптеген ұйымдарда басшылық қызмет атқарған. Осындағы су торабы мекемесінде де тізгін тартқан. Бұдан соң да ауылдағы су шаруашылығы саласында бөлім басшылығы қызметінде болып, 2015 жылы еңбек демалысына шыққан. Содан бері 2010 жылы егіле бастаған ауласындағы бақты баптап, жыл сайын аста-төк өнім алады.
Қазіргі таңда мұнда 70 жеміс ағашы бар. Оның ішінде алма мен алмұрттың 3 түрі жайқалып өсуде. Жемісінен бөлек аптап ыстықта адам жанына сая болатын 500 түп жүзім ағашын еккен. Сонымен қатар қара өрік, өрік, шие сияқты басқа да жеміс түрлері қазірдің өзінде пісіп, бақ ішінде төгіліп жатыр. Жыл сайын Әлдекең 500 қызанақ, 200 түп қара бұрыш пен баклажан көкөністерін егеді. Тұрмысқа қажетті мөлшерде жерге орналастырылатын, сәбіздер де жемісін беріп тұр. Әлдебай ақсақал бұл маусымда қызын ұзатып, баққа жеткілікті көңіл аудара алмағанын айтады. Бірақ жылдағы күтім әсерінен болар, бақша бұрынғыша жеміс беріп, той дастарқанын толтырып тастаған көрінеді.
Бақ ішін аралағанымызда бұрын соңды көрмеген жеміс түрін байқадық.
– Алматыға барып, 15 түп алма ағашын алып келдім. Оның көп бөлігі бұл аумақты жерсінбей, 3 түбі ғана көктеді. Сатушы әйелдер басқа ағаш түрімен шатастырған болуы керек осындай жеміс шықты. Біздің табиғат жағдайында жеміс беретінін, не бермейтінін білмеймін, бірақ менің ойымша бұл анар талы. Оны жемісі әбден пісіп, жерге түскеннен кейін білеміз. Әзірге үзуге қимаймын, – дейді бағбан.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ