Қатталған тарих қазынасы
Шараға көршілес орналасқан Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның 9 сынып оқушылары және сонау СССР-дің шағында сан қилы қиындықты бастан кешкен, тыл ардагері Сәби Исқақова есімді ақ жаулықты ана мен бірқатар азаматтар қатысты.
Сәби әжей үстел басына жиналған жасөскіндерге еңбек жолындағы қызықты оқиғаларын айтып, оқушылар қарт-ананың әрбір айтылған сөзінен ой түйе отырып, сауалдарын қойды.
Онан соң, мекеме басшысы Абай Орақбаев пен оның міндетін атқарушы Күлсім Меңдібаева жиындағы жандарға архив жұмысын таныстырды.
– Архив – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы. Жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысыр, Қытай, Рим сынды алып елдері бастаған.
Ал оның қазақ даласына келу тарихына келер болсақ, ұлттық архив ісінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды.
Архивтерде мәңгілік мерзімге сақталып, қорғалатын тарихи деректер – мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономика, саяси-идеология қатынастары туралы құжаттар ұлттық байлықтың бір бөлігі болып табылады, – деді мекеме басшысы.
Сондай-ақ ауданда «Алтындар ұстаханасы» аталып кеткен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей құрметіне жасалған арнайы бұрышты оқушылар назарына ұсынып, әңгіме өрбітті.
Одан кейін шара екінші қабаттағы архивтер жинақталған бөлімде жалғасты. Мұнда аудан тарихында ойып тұрып орын алған азаматтар мен жергілікті жерге қарасты барша мекемелердің тарихи-жинақтары сақталған. Оның ішінде қос ауданның тілшісі, «Ақпарат саласының үздігі», ақын Жұмабек Табынбаев сынды азаматтардың да құжаттары жинақталған.
Шара Сәби әжейдің ақ батасымен тәмамдалды.Серік АҚМЫРЗА