Ұлттық ғұрыпты ұмытпайық
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, әр халықтың атадан балаға мұра болып келе жатқан өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Ұлттың ұстанымын үлгі ететін бұндай рухани құндылықтарға қазақ халқы өте бай.
Адамзаттың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың қоғамда алар орны ерекше. Олар сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне орныққан. Алайда қазақ елінде ертеден қолданылып келе жатқан салт-дәстүрлердің кейбірі ұмыт болып бара жатқандығы көңіл қынжылтады. Мәселен, Қымызмұрындық деген сөз көпшілігіміздің құлағымызға жат емес. Ол – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлем «қымызмұрындыққа» шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Бұл қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті көрсетеді.
Дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі – ерулік беру. Бұл ғұрып қазір де өз құнын жойған жоқ. Өйткені жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы беріп, дәм-тұз таттырып, ықылас-пейіл білдіріп жатқандығын жиі болмаса да кезіктіреміз. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Қазақ қашанда қайырымдылық жасауды азаматтық борышқа балаған халық.
Бүгінде жанашыр азаматтардың қолдауына зәру жандарға қол ұшын беру үрдісі жиі көрініс табады. Бұны бұрындары жылу жинау десе керек. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады.
Әр ата-ананың арманы – сәби сүю. Ерлі-зайыпты арасында дәнекер болар перзентке зар болып жүргендер ертеде мойнына көгеннің бұршағын салып Құдайдан перзент сұраған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп соятын дәстүр де болған. Бұл – ат тұлдау деп аталған. «Қап қағар» деген дәстүрдің барын бұрын естіп пе едің? Қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Ол ет қапта болады. Сол кезде ет асылып, аздап адам шақырылады. Бұл дәстүр “ет қайтар” деген ұғымды білдіреді, ал қаптың ең соңғысын асып, бөліп жейді.
Атбайлар дәстүрінің екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды. Бұрындары ас асату, балаға құлақ беру жиын-тойларда жиі кездесетін. Аузы дуалы, елге сыйлы ақсақалдар өз қолымен табақтың түбінде қалған асты өзінің балаларына берген.
«Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе?». Бұл мәтел салт-дәстүрге сай шыққандай. Құйрық бауыр тарту рәсімі – құдалық кезінде орындалады. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.
Ұлттық ғұрыпты ұмытпай, халық қазынасының озығын, ақылды да әдепті жан-жақты жетілген патриоттық сезімдегі азамат тәрбиелеуде пайдалансақ, қателеспейміз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА