Салт-дәстүр – өшпес мұра
Өмір заңдылығы бойынша әр халықтың өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі болады. Бұлар халықпен бірге жаңғырып, оның тарихында өшпес із қалдырары сөзсіз. Өкінішке орай олардың қатарында ұмыт болған ұлттық жоралғылар да бар. Онда ғасырлар бойы санамызда қатталып, кейін жадымыздан өшкен дәстүрлерге ойысайық.
Атбайлар ежелден келе жатқан дәстүрдің бірі, оның екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыс шашу шашып, «керегесі кең, босағасы берік болсын» деп тілек айтады. Байғазы беріп, ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Сол үрдіске орай «Атбайлар» деп аталған.
«Атбайлардың» екінші түрі – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға барғанда қыздың жеңгелері алдынан шығып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Кәдеден екінші әйел тәбәрік сұрауға қақылы.
Тағы бір жоралғы – аушадияр. Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең-жыр. Жай өлең емес, өзіндік шырқалар әнімен қатар ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен атқарылатын той көркі, салтанат сәні, өнегелі өнер санатында есептелген. Ерекше туындыны іздеп тауып қайта жаңғыртқан жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгісін шет жердегі қазақтар бізге жеткізген. Шынтуайтында қазір айтылмайды, халық жадынан шығып қалған. Үрдіс бойынша «аушадияр» үйлену тойы үстінде айтылады.
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер...
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле-өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл-ой, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза әрі бай дәстүрі бар. Ұлттың әдет салтының бұл түрін бүгінгі тірлікке енгізетін болсақ, мәдени қазына да, өнер де өсе түсері хақ.
Қызықты қыз қашар дәстүрі жайлы айтсақ, «қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін болған. Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойдың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатысып, күйеуден сұралатын «қол ұстаттар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», тағы сол сынды кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бір-бірін көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де өзара ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлық береді.
Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса, ол қазақ заңында өте ауыр іс саналды. Оның арты үлкен дауға ұласады. Күйеу себепсіз бас тартса, бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзса, қалыңмал толық қайтарылады және айып төлейді.
Шаңырақ көтеру салты бойынша жас отаудың алғаш рет шаңырақ көтеруінің өзі қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт-дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы «Фәниден бақиға дейін» кітабында былай деп жазған: «... қазақта жас отаудың шаңырағын көтеруге баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер бөліп, отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Малды отауды көтерткен жақ береді».
Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адам көтереді. Ал жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде зор мән бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашан да елге сыйлы және тілектес адам. Күйеу қартайған сайын жұртына қадірі, сыйы арта түседі. Осы жолды қазақтар әлі ұстанады. Кәрі күйеу келсе ауылдың үлкен-кішісі онымен тілдесіп, хал-жағдайын сұрасады. Оның шаңырақ көтеруінде де терең сыйластық бар.
Шаңырақ түйе – ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі, тағы басқа) мінген көліктері осылай аталады. Және ол келін үшін ыстық әрі қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса, оны көрген жұрт «пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген.
Ертедегі салт бойынша, көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.
Қазан шегелеу салтына келер болсақ, өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барады. Олар «осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Үй иесі әзілмен жауап қайырып: «Жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік», – деп қонақжайлылықпен қонақасы береді. Демек «қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді.
Қонақасы дәстүрі тарихи аңыз-әңгімелерде Алаш ата өзінің Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұлына енші бөліп бергенде, өзіне тиесілісін: «Бұл бүкіл иісі қазақтың бөлінбеген еншісі болсын, мұны да сендерге бөліп берейін. Бұл үрім-бұтақтарыңа жалғассын. Бір-біріңе қайырымды болыңдар. Алыстан шаршап-шалдығып келген қонақтың еншісі – қонақасы болсын» деп әрауқты атамыз батасын берген екен.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА