Қазақстанда Ахуалдық-талдау орталығы ашылды. Оның мақсаты не және құқық бұзушылықпен қалай күреседі?
Біршама уақыт бұрын Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан полициясында талдау орталығы құрылатынын хабарлаған еді. Оның мақсатын еліміздегі құқық бұзушылықтарды алдын алу болмақ деп көрсеткен. Бұл жүйе статистика үшін емес, адамдар үшін құрылуы қажет деді министр өз сөзінде. Қазіргі уақытта аталған орталық ашылып, жұмысын бастап кеткеніне төрт ай болыпты. Қысқа уақыт ішінде Ішкі істер министрлігі құрылымының штабында Ашылған ахуалдық талдау орталығы қандай шаралар жүргізгені және оның негізгі міндеттері жайлы Stan.kz тілшісі анықтады.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сәуірде Алматыға сапары барысында Қазақстанда талдау орталығын ашу қажеттігі жайлы мәлімдеген. Орталық аясында қылмысты алдын алатын және ең осал аймақтарда мақсатты профилактика жүргізетін талдаулар қамтамасыз етіледі деген еді ол.
“Бізге қылмыстың алдын алу және процесті басқару бойынша сараптама орталығы қажет. Яғни, есеп беру үшін емес, тез әрекет ету үшін. Біз процестерді басқаруымыз керек. Яғни статистикаға емес, адамдар үшін жұмыс істеуіміз маңызды”, – деді Марат Ахметжанов.
Осы жылдың мамыр айында ІІМ штабының құрылымында басқарма құрылды, ол ҚР ІІМ Ахуалдық-талдау орталығы деп аталады.
Орталықтың негізгі міндеті – Ішкі істер органдары тіркейтін қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ өңірлердегі қоғамдық-саяси жағдайды талдау, құқық бұзушылық өсімінің аномальды көріністерін анықтау.
ІІМ штаб басшысының орынбасары Ренат Зұлхайыров орталықтың негізгі мақсатын қылмыстық істерге талдау жасау екенін атап өтті. Одан бөлек қандай міндеттері барын тізіп шыққан маман сөзіне қарағанда басқарма ретінде құрылған орталықтың болашақта қазақстандық полицияға берері көп тәрізді.
Министрлік өкілімен сөйлесу барысында орталықта кімдер қызмет етеді және қандай шаралар жасалып үлгергенін сұрадық.
“Орталықта министрлік қызметкерлері жұмыс істейді. Басты функциясы мен міндеті – Ішкі істер министрлігіндегі бар ақпараттық жүйені біріктіру, мемлекеттік ақпарат дерекқоры мен Ұлттық статистика бюросы, Smart Data Ukimet жүйесі, “Бүркіт” шекаралық қызметі, миграциялық полиция мәліметтер базасымен тұтастыру”, – дейді Зұлхайыров.
Орталық қандай пробламаларды шешеді?
“Бұлардың барлығы не үшін керек? Ең алдымен қазіргі жағдайға байланысты талдау жасау, қылмыстық құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатындағы талдау, елімізде қандай процесстер орын алып жатқанын түсіну үшін қажет. Жалпы, қылмыстық істердің алдын алу мәселесіне тереңнен еніп қарайтын болсақ, оған түрлі факторлар әсер ететінін көреміз. Оның шінде миграциялық, экономикалық процестер, өңірдің қандай территорияда орналасқаны, өңірдің айналасында не болып жатқаны әсер етеді.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда не болмаса аудан көлемінде тұратын халықтың саны да (қанша адамның кіріп-шыққаны) криминалдық жағдайға тікелей әсер етеді. Бұл ақпаратты алу арқылы біз айтқан ақпарат базасын біріктіруге мүмкіндік туады. Қазіргі таңда ситуация бойынша бұл ақпарттық жүйелерді әр мемлекеттік орган әртүрлі бағдарламалау тілінде, әртүрлі уақытта жазған. Сондықтан оларды біріктіру күрделі болып отыр. Осы мәліметтер базасындағы деректерді бір-бірімен интеграциялау мақсатында аталған орталық құрылған еді”, –дейді маман.
Құқық бұзушылықтың анаомальді құбылыстарын дер кезінде көруге болады
Ахуалдық орталық өзінің күнделікті қызметінде әртүрлі ақпарат көздерін, оның ішінде полиция департаменттерінің 102 жедел басқару орталықтарының арнасына келіп түсетін мәліметтерді пайдаланады.
“Қазіргі жалпы тіркелген қылмыстар саны мен әкімшілік құқық бұзушылықтар санын білеміз, онымен қоса, соңғы 5-10 жыл аралығында олардың саны азайған-азаймағанына, қандай бағытта өзгергеніне талдау жасауға тырысып жатырмыз.
Сонымен қатар, болжам жасауға да мүмкіндік болады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласына тағы бір-екі аудан қосылатын болса, халық саны қандай көлемде өзгеретінін есептеп, бұның барлығы криминалды жағдайға қаншалықты әсер ететінін көруге болады. Егер қылмыстық іс-әрекеттердің өскені әсер етсе, тиісінше бізге де амал қолдану қажет. Бұл – штаттық қызметкерлердің санын арттыру, не болмаса патрульдік тексеру маршруттарын қайта құру, яғни күтіп отырмай белсенді болуымыз қажет. Басты міндеттердің бірі – қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық жағдайлардың анаомальді құбылыстарын дер кезінде көре алу арқылы Ішкі істер министрлігіне ақпарат беру. Тиісінше олар өз кезегінде белгілі бір шешімге келу үшін жасалады”, – дейді Ренат Зұлхайыров.
ІІМ баспасөз қызметінде мәселелерді жою құқық бұзушылықтардың тиімділігі мен алдын алуды арттыруға мүмкіндік берді дейді. Орталық құрылған сәттен бастап қысқа уақыт ішінде жол қауіпсіздігі және көші-қон процестерін есепке алу саласындағы мәселелер анықталыпты.
Орталықта кімдер жұмыс істейді?
Сондай-ақ, орталыққа қызметкерлерді жұмысқа орналастыру егжей-тегжейлі жүргізілетін көрінеді. Әзірге бұл басқармада үш адам жұмыс істейді екен.
“Ахуалдық-талдау орталығының жеке құрамы Министрліктің құқық қорғау органдарында ұзақ жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер қатарынан қалыптастырылды. Оның қызметі Ішкі істер органдарының тұтастай республика бойынша да, жекелеген өңірлерде де криминогендік ахуалды дамытуға ден қою деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қызметкерлерді де жауапкершілікпен таңдап жатырмыз. Олар жан-жақты дамыған болуы қажет. Біз осы уақытқа дейін жол жүру ережелерін және жылдамдықты бақылайтын сыртқы бейнебақылау камералары туралы, жол-көлік ережелерінің бұзылу фактілері, жол-көлік туралы анализ жасап, тиісті деректерді, ұсыныстарымызды ұсындық”, –дейді маман.
Сондай-ақ, Зұлхайыров сөзінше, осы ретте министрлікте қосымша "Қорғау" атты жаңа жоба дайындалған.
“Аталмыш жоба бойынша патрульдік тексерісте жүрген полиция қызметкерінің планшетіне жол жүру ережесін бұзып келе жатқан автокөлік туралы хабарлама келеді. Мәселен, ол автокөлік Әл-Фараби көшесінің бойында белгіленген жылдамдықты 2-3 есеге асырып келе жатуы мүмкін. Жүйе бұл бұзушылық жайлы ақпарат алған полиция қызметкері дер кезінде жүргізушіні анықтап, тоқтатып шара қолданады. Бұл жүйе қазір қолданыста.
Осы арқылы жүйе жол жүру ережесін бұзушыларды анықтауға мүмкіндік берді. 20-30 рет, тіпті 100 рет жол жүру ережелерін бұзып, айыппұлдарын төлемей жүргендерге нақты шаралар қолданды.
Министрдің айтуы бойынша, сыртқы бейнебақылау камералары азаматтық құқық бұзушылық фактілерін байқайды, бірақ олардың сонымен қоса алдын алу шараларына да көмегі тиюі қажет.
Сондай-ақ, маманның сөзінше, аталмыш жүйе жалған нөмірлерді анықтауға мүмкіндік береді.
“ЕГер көліктің нөмірі базада тіркелмеген болса, полиция инспекторы оны тоқтатып, не себепі жалған нөмір тағылғанын тексереді. Сонымен бірге шетелдік нөмірлер бізге кіргенде сақтандырылуы тиіс. Сақтандырылуы болмаса, инспектор оған қатысты шара қолданатын болады”, – дейді Ренат Зұлхайыров.
Шетелдік тәжірибе
Орталық әзірге республиканық барлық өңірлерінде қамтылмаған. Ол Ішкі істер министрлігінің базасында құрылған.
“Өңірлік Полиция департаменттеріне қолда бар материалдарды құрал ретінде тапсырамыз. Олар оны қолданады, оның ішінде "Қорғау" жобасы да бар. Олар тәртіпті орнату үшін базаны, жүйені белсенді қолдануда”, – дейді ол.
Шетелдік тәжірибеге назар аударсақ, ситуациялық орталықтар кейбір еуропалық мемлекеттерде, сондай-ақ Ресей Федерациясында ашылған.
“Мұндай орталықтардың атауы әр елде әртүрлі. Бір жерде институциялық орталық десе, енді бір жерде аты да болмауы мүмкін. Оларда мәселен, кезекшілік бөлімдерінің жұмысы тұрғысында үлкен тәжірибелері бар. Яғни, біз олардан тәжірибе ала аламыз. Біз зерттеп, салыстырдық. Кейбір аспектілер бойынша біз алда келеміз, ал кей тұсы оларда жақсы жүйелеген. Ол бәлкім, жаңа шешімдер қолдануында немесе жеңілдетілгендігінде болуы мүмкін.
Жақында ғана министр Ташкентке барып қайтты. Әрине, біз мұндай істе олардың тәжірибелерін қолданамыз. Тек қана Өзбекстан емес, Ресей де бар. Біздің барлық жерде өкілдеріміз бар. Тіпті біздің елден іссапармен кеткен кезде министр жаңа дүниелерді, жаңа шешімдерді іздеуге тапсырма қояды”, – дейді Ренат Зұлхайыров.
Яғни, елімізде қолданысқа енгізу үшін министрлік шетелдік тәжірибені бақылап, тың деректерді жинауды бастап кеткен. Мұндай сапардың соңғысы Өзбекстанға болса, сонымен бірге министрлік АҚШ-қа барып тәжірибе жинап келіпті.