Арайлап атқан азат күн
Тәуелсіздіктің таңы атып, еліміз береке мен бірлікте өмір сүріп келе жатқанына да 26 жыл болды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы әлемдегі кез келген мемлекетпен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, олармен иық тіресе сөйлесе алады. Бұл бізге тәуелсіздік берген тәтті сый десек артық айтқандық емес.
Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы озатын кең байтақ жерімізді ата-бабаларымыз білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап, біздерге аманаттап кетті. Кеңес үкіметінің бұғауында болғанда салт-дәстүрлерімізді, дінімізді, ділімізді жоғалтып ала жаздадық. Дегенмен, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бодандық бұғауын бұзып шығып, тәуелсіз ел болуды әсте ұмытқан емес.
1986 жылдың желтоқсанындағы дүниені дүр сілкіндірген оқиға халықтың жадында, тарихта мәңгі қалды.
Сол кездегі еліміздің орталығы болған Алматы қаласында жастар алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсетті. Олардың қылышынан қан тамып тұрған қаһарлы империядан сескендірмеген негізгі күш Азаттыққа, Тәуелсіздікке деген аңсау болатын. Шынында да Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді. Желтоқсаннан кейін барып Кеңес елінің түпкір-түпкірінде сан түрлі толқулардың болғаны, ақыры араға бес жыл салып Қызыл империяның күйрегені баршаға белгілі.
Әйгілі желтоқсан көтерілісінде Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сияқты боздақтар қыршынынан қиылса, жүздеген жастар темір тордың ащы дәмін татып, мыңдаған азаматтар жазықсыз қудаланып, білім ордаларынан шығарылып, қызметтерінен қуылды. Алайда, Тәуелсіздік алған соң желтоқсан батырлары түгелге жуық ақталды. Өзекті өртеген өкініштісі, Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбирадай қыршын жастар тәуелсіздік таңының арайлап атқанын көре алмай кетті.
Бұл еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының қаншамасы мерт болып, көптеген жандар қатты қысым көрді. Шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың аман қалғандары өздері аңсаған азаттық қызығын көріп, бүгінде арамызда жүр. Солардың бірі – сол кездегі жас жігіт Асанжан Ешнияз.
1986 жылы жиырма бір жастағы Асанжан Бақдәулетұлы В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының 3 курс студенті болатын. Ол күндердің жаңғырығы әлі күнге дейін тайға таңба басқандай есінде сақталған.
– Мен оқитын оқу орны орталық алаңға жақын болатын. 16 желтоқсанда алаңға жиналған жастарды көріп, жаңа жылға дайындалып жатқан болар деп топшыладық. Сабақтан шығысымен бізді жатақханаға апарып, кураторымыз және тағы басқа оқытушылар бар сыртқа шығармады. Бізге «орталық алаңға «нашақорлар, арақ ішкен бұзықтар» шығып, тәртіпсіздік жасап жатыр» деп жатақханадан жібермей қойды. Алайда кешке қарай еліміздің басшысы Д.Қонаевты орнынан алып, орыс басшы келгенін естідік. Қарап отыруды жөн көрмей, әжетхананың терезесінен қашып шығып, орталық алаңға бардық.
Орталық алаңдағы адамдардың қарасы қалың. Барлығы дерлік студенттер. Мұнда келген жастар «Қазақ жерін қазақ басқарсын» деген ойларын жеткізді, – дейді желтоқсан оқиғасының куәгері.
Бейбіт мақсатта алаңға шыққан жастарға күштік құрылым қызметкерлері негізсіз жала жауып, «сендер нашақорсыңдар, арақ ішіп алғансыңдар» деп айыптады. Біртіндеп күш қолданып, қыз бала, ер бала демей аяусыз жаншып, таптады. Ұсталғандардың барлығын машинаға тиеп, тауға апарып, адам құрлы көрмей төмен қарай құлдилата төге берді, төге берді.
Бұл сәтте біздің кейіпкеріміз көзіне жас алып, қиын күндерде кейбір достары мен таныстарының қасынан табылмағанына қынжылыс білдірді.
– 18 желтоқсан күні мені сабақта отырған жерімнен милиция қызметкерлері ұстап алып кетті. Маған шеруге шығып, кісі өліміне қатысы бар деген айып тағылды. Бес күн бойы абақтыда жатып, тергеуде болдым. Мұнан кейін босатып, үйқамаққа алды. Желтоқсан айынан 1987 жылдың маусым айына дейін күдіктілер тізімінде болдым. Сотталып кетуім де мүмкін болатын. Алайда, қасымдағы Серік Қонысбаев деген группаласым мен бірнеше жанашыр азаматтардың араласуымен аман қалдым. Қатысатын адамдарымның бәрі менен сырт айналды. Асханаға барсам тұрып кетеді, жатақхана бөлмесіне келсем көрмегендей болады. Осы жағдай менің жаныма қатты батты, – деген ол тәуелсіздік өзінен-өзі келмегенін, оны бағалай білу қажеттігін тілге тиек етті.
Иә, бүгінде біз өз тәуелсіздігімізді алған еркін де азат мемлекетпіз. Еліміздің әнұраны мен көк туы әлемнің әр шетінде қалықтап, азаттығымызды, еркіндігімізді паш еткендей желбірейді. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бақытты да бақуатты ғұмыр кешейік.
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, қазақ елі!
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ