Пәндік көрменің көмегі көп
Дәл қазір ауданның білім беру ұйымдарында тақырыптық жоспарлау жүріп жатыр. Бұл жаңа оқу жылында пән бойынша оқушыларға білім берудің әдіс-тәсілдерін толықтыру, тәжірибе алмасуды қамтиды. Әлемдік пандемияға байланысты екі жыл ұйымдастырылмаған науқанның биылғы қарқыны ерекше. Себебі тақырыптық жоспарлау аясында ауданда бірінші рет пәндік көрме ұйымдастырылды.
– Қазалы ауданында ұзақ жылғы тәжірибесі бар, республикалық деңгейдегі білікті ұстаздар көптеп саналады. Біз мұнымен мақтана аламыз. Алайда өз пәні бойынша үздік болу мен үздік оқушы даярлау екі бөлек дүние. Қазір тақта мен бордың дәуірі ескірді десек қателеспейміз. Сондықтан жас мамандар мен тәжірибелі оқытушылар бала оқытудағы артықшылықтарын ортаға салуы керек-ақ. Республикалық, халықаралық пәндік сайыстардың жеңімпаздарының салада жүріп өткен жолы да әріптестерін қызықтырады. Биыл осындай ұстаздар көрме жасаса, келер жылы басқа мұғалімдердің бағыт-бағдар көрсетуіне мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ биылғы тақырыптық жоспарлау науқанында ұстаздар тарапынан кеткен кемшіліктер көрсетіледі, – дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Лаура Рзаққызы.
№266 мектеп-лицейде бастау алған көрменің көркін инклюзивті білім берудің әдіс-тәсілдері кіріктірілген кітапшалар келтірді. Мемлекет басшысының пәрменімен көптің көңілі ауған ерекше балаларды оқыту бүгінде бірізге түсіп үлгерген. Қазалы ауданы бойынша осы күні 819 ерекше жеткіншек тіркелсе, оның 332-сі аталған әдіс бойынша білім алады. Тағы 87 бала денсаулық жағдайына байланысты үйден оқиды. Мұндай оқушыларға білім ғимараттарына кіруге, еркін қимылдауға лайықты жағдай жасалғанын айта кету керек.
– Психодамуы тежелген, тілінде мүкістігі, аутизм белгілері бар, еркін жүріп-тұра алмайтын балалардың білім алуға, өнерге, спорттық сайыстарға деген ынтасын ашатын әдістемелік құралдар жаңарып отыруы тиіс. Бүгін мектепке келген әріптестерімнің назарына осындай жетік көрнекілік құралдар мен кітапшаларды ұсындым. Бірлесе пішкен тон келте болмайтынын ескеріп, олардың да ақыл-кеңесі, әдістерімен танысып жатырмын. Бұл бар бақытқа лайықты ерекше балалардың санасын дамытып, біліммен сусындатуда өте маңызды, – дейді №266 мектеп-лицейдің педагог-логопеді Райхан Жандосқызы.
Көрмеге келген көпшіліктің назары психология бұрышына ауды. Бұл уақытта Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің психологы Жания Бисенова әріптестеріне суицидтің алдын алуды көздейтін жобасын таныстырып тұрған. Педагог маманның айтуынша, авторлық жоба баланың белгілі бір жағдайда көрсететін мінезін тыюдан пайда болатын психологиялық күйзеліске бағытталған. Автор еңбегі жайында: «Біз бала құлап, жыласа: «Неге жылайсың? Жігіт емессің бе?» деген сияқты сөздермен намысына тиеміз. Мұндай жағдайда оны жұбатып, қай жері ауырғанын сұрау керек. Ауырсынудың әп сәтте басылатынын айтып, жұбатуды көп жағдайда ұмыт қалдырамыз. Осыдан кейін балақай өзін толыққанды «жігіт» сезіне алмай, тұйықталады. Ойлау жүйесіне зақым келеді. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған балақайдың ата-анасымен осы жобам арқылы жұмыс істеуді бастадым. Жалпақ тілмен айтсақ, оларға баланың психологиясы жайында оқытамын», – дейді.
Бұдан бөлек лицейдегі көрмеде физика, математика, информатика, химия, биология, дене шынықтыру, алғашқы әскери техникалық дайындық, көркем еңбек өнеріне қатысты ұстаздардың жобалары мен әдіс тәсілдері жинақталған бұрыш ұйымдастырылған. Олардың әрбірінде кем дегенде бір заманауи үлгідегі оқыту еңбегі таныстырылды. Секциялық көрме Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп, Қ.Сәтбаев атындағы №216 және Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияда жалғасады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ