Мұғалімдердің жалақысы келесі жылы қаншаға өсетіні белгілі болды
Қазір астананың 143 мектебінде барлығы он сегіз мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Нұр-Сұлтанда 2022 жылы ұстаздардың жалақысы 25%-ке өседі. Соңғы екі жылда мұғалімдердің айлығы елу процентке артқан.
Қазір елорданың 143 мектебінде, оның ішінде мемлекеттік, жекеменшік, республикалық мекемелерде 17 981 мұғалім жұмыс істейді.
"Ұстаз мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін педагогтердің еңбекақысы жыл сайын көтеріле бастады. Мәселен, елордалық мұғалімдердің жалақысы соңғы екі жылда - 2020/2021 жылдары 50%-ке өсті. 2022 жылы педагогтердің жалақысы тағы 25%-ке артады", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Мемлекет мұғалімдерге қандай қолдау көрсетеді
2021 жылдың бірінші жартысында астаналық 2384 мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан тегін өтті.
Қазіргі таңда мұғалімдер инновациялық педагогикалық технологияларды пайдаланып, оқушылардың сыни ойлауын дамыта білуге тиіс. Сонымен қатар жаңа оқу бағдарламаларында шығармашылық идеяларды қолдануы керек.
Елорда ұстаздарының алдында білім берудің әлемдік стандарттарына сәйкес оқыту тәсілдерін қайта қарау, сондай-ақ бағдарламаларды жетілдіру міндеті тұр.
Осыған байланысты Нұр-Сұлтанда "SHARE" халықаралық жобасы іске асырылуда, оның мақсаты – педагогтердің зерттеу қызметі нәтижесінде анықталған өзгерістерді менеджмент пен сабаққа енгізу арқылы білім сапасын арттыру.
2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жобаға қаланың 5 мектебі қатысады: №37, 58, 59, 67, 76.
"Жоба аясында Кембридж университеті білім беру факультетінің басшылығымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Елорданың 5 мектебінен 25 мұғалім Кембридждегі әріптестерінен білім алды", - деп атап өтті қала әкімдігі.
Сондай-ақ сапалы кадрлар даярлау мақсатында ЖОО-ларда педагогикалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны ұлғаюда. Мысалы, биыл Астана Халықаралық университетіне педагогикалық мамандықтар бойынша 515 грант орналастырылды.
Аттестаттау қорытындысы бойынша мұғалімдерге педагогикалық шеберлігі үшін 30%-тен 50%-ке дейін, білім ұйымдарының басшылары мен басшы орынбасарлары үшін лауазымдық жалақысының 30%-інен 100%-іне дейін қосымша ақы төлеу көзделген.
2019 жылы "Туған жер" бағдарламасы аясында жас мұғалімдерге арналған 350 орындық жатақхана салынды. Қазір онда Қазақстанның басқа өңірлерінен келген ұстаздар тұрады. Сонымен қатар, мұғалімдерге баспана сатып алуға бастапқы жарна төлеу үшін тұрғын үй сертификаттары беріледі.
Айта кетері, биылғы оқу жылында республикалық "Үздік педагог" байқауында елорданың 5 мұғалімі жеңімпаз атанды.
Бүгін, қазан айының бірінші жексенбісі Қазақстанда Мұғалімдер күні аталып өтеді.