Қорған болған қараша үй
Әрбір халықтың өзіне тән өмір сүру қағидасы бар. Біздің арғы аталарымыз төрт түлікті баптау мақсатында жазда жайлауға, қыста қыстауға қоныс аударатын болғасын жүктерді буып түюге ыңғайлы бұйымдарды қолданған. Сондықтан ұсталар көшіп-қонуға жайлы баспананы жасаған. Ол әрине киізбен жабылатын қараша үй. Ежелден қазақтардың көшпелі тұрғын жайы саналатын киіз үйдің өмірімізде алатын орны ерек.
Киіз үй көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Адам баласының ғұмыры осы киіз үйден бастау алады. Жалпы үйдің сүйегін киіз үйдің ағаш жабдығы деп атайды. Есік, босаға, табалдырық, иткірмес, маңдайша, топса, кереге, уық, шаңырақ, жақтау ағаш, сықырлауық, күлдіреуіш – үйдің сүйегіне жатады.
Кереге мен шаңырақ арасын біріктіріп киіз үйдің төбесін шығарып тұратын иінді ұзын ағаштарды уық деп атайды. Киіз үйдің маңдайшасына 6 уық байланады. 6 қанат киіз үйдің уығының ұзындығы 15-16 қарысқа дейін барады. Уықтың ағашы мықты болуы керек. Уық бау үшін оны қозға салып түзетеді. Содан кейін сыртын жонып тазалап өңдейді. Уық иінін тезге басып иеді де тақыр жерге белгілі тәртіп бойынша тағылған қалып қазықтар арасына қыстыра береді. Мұндай қалыптың болуы үйшінің уық біркелкілігін сақтай отырып, жылдам істеуін қамтамасыз етіп, жаңа иілген уық иінінің қатпай жатып жазылыңқырап кетуіне мүмкіндік бермейді.
Киіз үйдің төбесін шығарып тұратын шеңберді шаңырақ деп атайды. Төбе жағы жарық түсіп тұратын түндік деп аталады. Сол арқылы ошақтың түтіні жоғары қарай шығады. Байлар шаңырақты сүйектеген немесе күмістеген. Киіз үйдің есігі сықырлауық делінеді. Оның есігі екі ашпалы болады. Маңдайшадан, табалдырықтан, екі босағадан тұрады. Босағасы жіңішкеріліп әсемделіп өрнектелген және сүйектеліп безендіріледі. Кейде бәсекелес төрелер мен байлар киіз үйдің есіктерінің ішкі жағын түгелдей әртүрлі өрнекті сүйек, күміс әшекей және асыл тастармен де сәндейтін болған. Түнде киізбен жапқан ол түрлі-түсті жіптермен тігіліп, безендірілген.
Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау құрлар қолданылады. Таңғыш – екі керегенің сағанасын кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр. Бас арқан – керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл-арқан. Желбау – өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады. Бұл сәндік жиһаздық сипат береді. Оның негізгі міндеті – дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру. Басқұр – киіз үйдің ішін безендіруге әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын өрнекті жалпақ құр саналады.
Мұндай жиналмалы баспана бүгінге дейін құнын жоғалтпай, шетелде де сұранысқа ие. Оның ерекшелігі, бірінші жағынан даланың дауылы мен боранына қарсы тұратындай берік болып жасалса, екіншіден көшіп-қонуға жеңіл құрастырылған. Күннің ыстығы, түннің салқындығы, көктем мен күздің жаңбырына төтеп беретін киіз үй қорған болған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА