Ешкімде жоқ есімдер
Өмір болған соң бәрі болады. Кейде естір құлақты елең еткізер есімдерді де кездестіріп жатамыз. Кейбіріне таң қалсақ, енді бірі езуге еріксіз күлкі үйірілтеді.
Ешкімде жоқ есімдерді иеленген жандар біздің арамызда ара-тұра кездесіп қалып жатады. Ондайда атының шығу тарихын, түп-төркінін сұрап қалуға тырысамын. Әкемнің айтуынша, туған ауылым – Қызылжардағы Райым ауылдық атқару кеңесінің төрағасы Әлімжан Жүгінісов деген кісі есім қоюға жүйрік болған екен. Сауатты әрі шығармашылыққа жаны құмар Әлімжан аға кенже баласының есімін Декабрь қойыпты. Оның бірінші себебі декабрь айында дүниеге келгендігі болса, екіншісі – «Декабрь жылдың – соңғы айы, ал менің ұлым баламның кенжесі» дегенге саяды. «Әлімжан ағамен бірге жұмыс істедім. Ол кісі бірде маған: «Ербол мен немеремнің есімін Төртқұда қойдым. Оған себеп осы ұрпағым дүниеге келгенше төрт құдалы болыппын. Алайда баланың есімін құжатта басқаша жазыпты деді. Бір інісінің баласына Құттықонақ деп есім бергенін де естідім. Оның да өзіндік себебі бар. Інісінде көпке дейін ер бала тұрақтамай, Әлімжан аға үйіне қонаққа барғанда келіні ұл бала дүниеге әкеліпті. Содан ат қою құрметі бұйырғанда ағамыз Құттықонақ деп атапты», – деді әкем. Міне, әр есімнің астарында терең мән-мағына мен тілек-ниет жатыр.
Ал Зиратханның да есімі ерекше. Бұрын-соңды бұндай атты естімегендеріңіз де бар шығар. «Атам Әбдіжәмил Түркістан қаласына зиярат етуге жолға дайындалып жатқанда мен дүниеге келіппін. Сол кезде «Зиярат етуге бара жатқанда өмірге келді. Есімін Зиратхан қойыңдар», – депті. Атымда жатқан құпия осы ғана», – дейді ол.
«Үлкен әжелерімнің бірінің есімі қызық. Бір отбасында бірнеше қыз өмірге келіпті. Ұл баланы аңсаған әкесі соңғы қызына, яғни әжеме Ендіқой деп есім беріпті»,– дейді Ақмарал есімді ару. Аттары ілеуде бір кездесетін адамдарды сұрастыра отырып, Бекертуған есімді бозбаланың барын білдім. Менің санамда «Әке-шешесіне керек болмаған ба?» деген ой пайда болды. Алайда ойым орынсыз болып шықты. Сөйтсем, көптен бері бала тұрмаған ата-ана ұлдары дүниеге келгенде осындай есім беруге мәжбүр болыпты. Оған себеп ананың босанар алдында көрген түсі екен. «Балаға ерсілеу есім беріңдер» деген аяннан кейін ол отбасында Бекертуған атты бала өсіп келеді. Бір қызығы, Бекертуғаннан кейін екі бауыры өмірге келген.
Немерелеріне ерекше есім берген жандардың бірі – кәукейлік Бөрібай Ізімқұл. Жиырма жылдан астам уақыт ел басқарған азамат ат қоярда тарихи тұлғалар туралы кітаптарға жүгінген. «Тұңғыш немеремнің аты – Афрасиаб. Афрасиабтың есімі Фир-даусидің «Шаһнамасы» арқылы жұртшылыққа таныс. Шыңғысханның немересі Құбылайдың есімін келесі немереме қойдым. Алла бұйыртып, немерелі болып жатсам, Хайду деп атағым келеді. Ол да Шыңғысханның ұрпағы», – дейді ол.
Айналайын, атың кім?
Бүгінде бұрынғыдай ат қою салтына аса мән бермейтіндер көп. Жас ата-аналар ата-әженің қойған атын жақтырмай, өз талғамдарын дұрыс санайды. Қазір теледидардан, газет беттерінен жаңа туған сәбилерге қойылып жатқан кейбір есімдерді естігенде есіңнен танасың. Ал енді біріне күлкің келеді. Мәселен, қайбір жылдары Саммитхандар мен Азиадалар дүниеге келді. Еліктегіш ел екенімізді есім қоюда тағы бір рет дәлелдейміз. Себебі, бізде Адина, Аделья, Сабина, Марина, Жанна есімді қыздар мен Данил, Тимур, тіпті Роберт атты ұлдар да бар. жақында Оңтүстіктің бір тұрғыны баласына Бәйджікэкспо деп ат қойып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Не күлерімізді, не жаға ұстарымызды білмей қалдық. Қазақ неге қазақылықтан қашады? Неге қазақша ат қою азайды. Өйткені, “Өзім білеммен” жүретін жастар өзінікін құптайтындай. Бұлай жалғаса берсе, бара-бара бір жылдары қазақ деген ел болғанымен қазақша есімді адамдар саны саусақпен санарлық болып қалатындай.
Ырым-тыйымы қатар жүретін қазақ үйде бала тұрмағанда Тұрсын, Тұрсынгүл, ылғи қыз бала болып, ұлға зар болғанда Ұлту, Ұлболсын, Ұлтуған деген есімдерді берген. Өзге ұлт өкілдерінің атын көз тимесін деген мақсатпен ғана қойған. Қалдыгүл, Қалдыбай есімдері не үшін қойылғаны айтпаса да түсінікті.
Баласының болашағына үміт артып, өскенде осы кісілердей болсын деп танымал ақын, жазушылардың, батырлардың, тарихи тұлғалардың есімін, ақылына көркі сай сұлу бойжеткендердің атын үлкен ниетпен нәрестесіне қойған.
Қазіргі есімдер естір құлаққа әдемі болғанымен мән-мағасы жоқ.
Бірде “Хабар” агенттігінің жаңалықтарында үш қазақ қызына француздың Жозефина есімі берілгендігін естігенім бар. Бізге Напалеонның сүйіктісінің аты неге керегі бар. Сол француздардың қыздарына Тоғжан, Айжан деп ат қоймайтыны анық. Егемендігіміз жоқта жолдан тайғанымыздың жөні бөлек десек, қазір шүкір Тәуелсіз елміз. Басқаға жалтақтаушылық, еліктеушіліктен арылайық, ағайын!
Азан шақырып ат қою – ата-баба салты
Қазақ халқында жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты дәстүр мен салт-жоралғы бар. Ол – азан шақырып, ат қою деп аталады. Сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады. Жақын-жұрағат жиналып, ат қоятын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалады. Сондықтан азан шақырып, ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының қалыпты қағидаларының бірі болған. Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына аят жолын айтып, «мұның аты пәленше ..., сенің атың пәленше ...» деп, үш мәрте айқайлап айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілегін айтып, үлкендер батасын берген. Жиналғандардың ішінен біреуі қазанның құлағын даңғырлата қағып, балаға қойылған атты үш рет қайталап, жұртқа жария ететін болған. Ат қоюшы ата-ананың қалауымен сәбидің бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Бұл аты қойылған баланың елімен алғашқы жүздесуі деп есептелген. Әрбір іс-амалын асыл дінмен астастыра білген халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес осындайдан қалса керек. Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Бұл орайда дін өкілдері: «Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Ислам шариғатында жаңа туылған баланың құлағына азан шақырудың мән-мағынасы – оның бойына иман сөзін жастайынан сіңіру. Өйткені азан мәтінінде адам баласының Алла Тағалаға деген сенімі мен мұсылмандығын айғақтайтын куәлік сөздер қамтылған. Нәрестенің құлағына айтылған сөздер оның жүрегіне жетіп, иманды ұрпақ болып өседі. Мұнымен қоса азан айтудың тағы бір сыры – азан сөздерінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында. Өйткені ол нәрестені туылғанша бақылайды. Әрбір пенденің жанында қосақ-шайтаны болады. Ал шайтан-малғұн азанның дауысын естіген кезде құты қашып, қаша жөнеледі. «Азан шақырып, ат қою» жоралғысын сәби туылғаннан кейін жетінші күні жасаған жөн», – деген пікірде. Бала дүниеге келгенде әр отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, үлкендер ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, енді бірі ежелгі есімдерді қояды. Есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме? деген сауал төңірегінде ғалымдар ХХ ғасырдан бері зерттеу жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше, адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі. Көбіне қазақтар ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған.
Қалай болғанда да есімсіз адам болмайды. Кез келген жанға бұйырған аты беріледі. Ең бастысы – адам деген атқа, үлкен үміт, ақ ниетпен қойылған есімге кір келтірмеу. Сонымен қатар азан шақырып, ат қоюдың да мәнін жоғалтпағанымыз жөн.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА