Тіл дамуында тежеу бар
Аяғына жаңа тұрып, тәй-тәй басқан, бұғанасы қатайып үлгермен бала секілді, азаттықтың алғашқы жылдарындағы Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасуына көп жылдар керегі анық еді. Елдің дамуы адам жасымен өлшенбейтіні белгілі. Мейлі ол идеологиялық, мейлі саяси-экономикалық тұрғыдан болсын ілгерілеу әлдеқайда көп уақытты талап етеді. Өз мінберіне жете алмай келе жатқан мемлекеттік тіл де баланың былдырындай өз қазағына түсініксіз болғаны да жасырын емес. Елу жылда ел жаңа десек, еншімізді алған 20 жылдың ішінде-ақ бұрынғы болмысымызға таяу қалғанымыз айқын сезіледі. Ұлт болашағы үшін іске қосылған жобалар түбі көпұлтты елді бір тіл, бір мүддеге біріктірері анық. Ал бұл мақсатқа жетуге жәрдемдесетін факторларды тану, мұны тұтас қауымның ұғынуы аса маңызды.
Шовинизм дәуіріне шегініс
Қазақтың шынайы құндылықтан қол үзген сәтіне тарих куә. Елді ұлттық рухтан айыру ауызбіршілікке, имандылық пен білім қууға шақырған ағартушыларды халық жауы етіп көрсетуден басталды. Кеңестік жүйенің жабайы жоспары іске аса бастағанда құнығушылық белең алды. Қазақтың зиялы ақын, жазуышларының еңбектерін оқырман ортасына жеткізбеу үшін баспаханаға жолдауға рұқсат бермеді. Ілеуде-біреу өлең шығарып, кітап жазуға кіріссе үйіне ентелей кіріп, еңбектерінен Кеңес үкіметінің идеологиясына қарсы келетін ілік тауып, жапон-неміс фашизмнің агенті деген желеумен бергісін Сібірге, арғысын анау дүниеге аттандырды. Қанды қырғын жылнамаларда 1937-1938 жылдарда болғанын көрсетеді. Дәл осы тұста қазақ тілін лайықты биігіне қайтарып, ұлтты ұйысуға шақырған Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов пен Мұхтар Әуезов сынды қазақтың сүйікті перзенттерінің басына қара бұлт үйіріліп, ату жазасына кесілді. Құдайдың қазақ жұртының маңдайына берген жұлдыздарын шовинистік жүйе жендеттері жоқ қылды. Сәйкесінше, қазақ тілінің де өміршеңдігі көп жылдық дағдарысқа түсті. Сөнуге шақ қалған шала үмітті жасындай жарқ еткен желтоқсаншы жастар тірілткені рас. Осыдан кейін қаймана қазақ ана тілді тұғырына жеткізуге жанталасып келеді.
Тәуелсіздік жылдары тоқырау кезеңінде бүкіл техникасынан, зауыт-фабрикасынан мақұрым қалған елдің тіл мәселесіне жең түре кірісетін шамасы болмады. Шовинст шалдар мен шаңырағы ортасына түскен одақты аңсайтындар жұдырық үстіне соққы болғандай еді. Жердің иесі, мемлекеттіліктің хабаршысы қазақ тілі деп танылғанымен, орыс тілі өткеннің өксігін аңсаушылардың қалауымен халықаралық қатынас құралына айналды. Бірақ мұндай жандардың да қатары сиреп, қазақ тілі күш алып келе жатқанын байқау қиын емес.
Тіл дамуы неге тұралап тұр?
Салмақты себеп санасы қастандықты ұмыта қоймаған буын өкілдерінде екені көп айтылады. Рас, репрессия мен ашаршылықты көрген жұрттың тәрбиесін алған ұрпақтың тіл мәселесіндегі пайымы бөлек. Бұл жайында қазақстандық өнертанушы, қазақ тілін оқыту әдістеме кітаптарының авторы Ержан Земфираның пікірін елемеуге болмас.
– Бірнеше жыл бұрын қазақтардың неге қазақ тілін үйренгісі келмейтінін, неліктен ана тілінен бас тартқанын түсіндім. Бұл ұлт санасындағы жара. Кем дегенде 1,5 миллион бауырынан айырылған жұрт нені ойлауы мүмкін?
Әрине, мұндай күйзеліс аман жүруді ойлаған қазақтың болашақтағы өмір салтына әсер етті. Қазақ болуды, ана тілде сөйлеуді қауіп деп білгендер де аз болмады. Ой түкпірінде қазақ болу – аштықтан өлу, қуғын-сүргінге ұшырау деген түсінік пайда болды. Сөйтіп, ата-аналар балаларын конформист етіп өсіре бастады. Олар орыс тілін – нәпақа табатын, өсіп-өнетін тіл деп түсінді. Бұл түптеп келгенде өмір мен өлім мәселесі еді. Сөйтіп, қазақ тілін білмейтін ұрпақ өсті. Ал оларды осындай ата-ана бағып-қаққан. Сондықтан оларға ана тілін білу керек дегенде таңғалып, қарсылық танытып, қазақ тілінің архаикалық екенін айтып, негізсіз көп дәлелдер келтіреді. Бұл көп зерттеуді қажет ететін үлкен психологиялық жарақат. Жарақат туралы айтылмаса ол үдей түседі, – дейді тіл үйретуші.
Өз елінде елеусіз ана тілі – науқас. Ана тілдің қазіргі басты диагнозы осы десек, қайтпек керек? Шешімі де көптен белгілі болғанымен отаға кірісер маман болмай отыр. Ота қалай жүргізіледі? Алдымен Ата заңды қазақша дүниеге әкелу қолға алынуы тиіс. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру аясындағы әңгіме осыдан кейін өрбісе жөн. Өйткені отаршылдықтан құтылған отыз бір жылдың ішінде елде 3 мыңға жуық заң қабылданған деседі. Оның ішінде екі ереже ғана 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» және 2002 жылы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң ғана қазақ тілінде жарық көрген. Әрине бұл уақыт өте келе енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды есепке алмағандағы көрсеткіш. Десек те еркіндігімізді айшықтайтын басты құжаттың басқа ұлттың тілінде «іңгәлағаны» көңілге кірбің ұялтатынын несіне жасырайық. Бұл көзге көрініп тұрған қиындықтың бір шешімі.
Сұраныс – сұрапыл соққы
Рас, қазіргі күні сұранысқа ие болған кәсіпкер болсын, мекеме, тауар, тіпті тілдің мәртебесі биіктеп, құны мен беделі жоғарылайды. Тілге қатысты ең алғашқы сұраныс мектеп қабырғасынан басталатыны белгілі. Осы күндері баласын орыс мектептері мен сыныптарына бергіш «көрегенді» ата-аналары қатары қалыңдады. Олар мұны перзентінің заман көшінен ілгері, білімі артық жүреді деп түсіндіргенімен, негізгі себебін Ержан Земфираның жоғарыда айтқан жарақатымен түсіндіруге болатын секілді. Бірақ «өзінше» бала болашағына дұрыс бағдар бергеніне сенімді әкені балағаттап, орыс мектептерін жауып, мәселені шеше алмаймыз деген де пікір бар.
– «Ресейдегі жалғыз қазақ мектебі жабылды» деген сөз бәрімізді бір дүрліктіріп тастады. Арман Шораевтан (белгілі кәсіпкер-ред) бастап көптеген адамдар «Біз де Қазақ еліндегі орыс мектептерін жабуымыз керек» деген пікірді көтерді.
Қате ұран деп ойлаймын. Орыс мектептері жабылғаннан орыс тілді азаматтар қазақ тілді болып шықпайды. Меніңше, біз себебінен көрі салдарымен күрескенді жақсы көреміз.
Біздің міндетіміз – қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру. Қазақ тілін меңгермеген жандар нан сұрап, жей алмайтын жағдайға түскенде ғана орыс тілді азаматтар балаларын қазақ тілді мектепке береді, сонда ғана орыс тілді мектептер өзінен өзі жабылады. Ал қажеттілік екі жолмен жасалынады: біреуі – тілге заң арқылы қажеттілік тудыру. Ал екіншісін Руза Бейсенбайтегі мен Оғыз Доғаннан сұрап алыңыздар, – деген еді саясаттанушы Дос Көшім.
Шынында қазақ тіліне сұраныс пен тілдің даму тенденциясының өсу қарқыны сұранысты қалыптастырады. Қазір мұндай тенденция бар. Неге десеңіз, мемлекеттік тілдің болашағы жарқын деп ойлайтын жұрттың қатары артты. Соңғы жылдары Қазақстанның онға жуық өңірінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалім қатқа айналды. Тіпті елдің екі ірі қаласы Нұр-Сұлтан мен Алматыда өзге тілде білім беретін маман тапшы. Мегаполистерде орыс тілі көбірек қолданыста болып келгенін ескерсек, мұны түсіну қиындауы мүмкін. Бірақ ата-аналар да осыдан кейін баласын орыс сыныпқа беру туралы сезімінен тартына бастағаны байқалады. Жақында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың бастауыштан басқа тілді алып тастау туралы алғашқы қадамы тілге жанашырлығы аз жандарды ойландырып тастағаны анық.
– Бастауыш сыныптарға келсек, осы тақырыпта зерттеу мен сараптама жүргізе келе, 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Мәселе дидактика мен физиологияда. Осы мәселе бойынша шешім қабылдап, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуға қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдымен өз тілінде оқып және жазып үлгереді. Екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі енгізіледі», – деді Аймағамбетов.
Министр орыс тілін мүлде алып тастау туралы шешім қарастырылып жатпағанын ашық айтты. Дегенмен қазіргі әлемдік саяси ахуалдың, басқа да факторлардың әсерін ескерсек, ұлтжанды министрден күтеріміз аз емес.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ