Оңтайландыру оң шешім бе?
Бала – елдің болашағы. Кез келген өркениетке ұмтылған мемлекетте басты капитал – білімді бала мен саналы азамат болса керек. Дәл осы себептен балаға білім беруді бұғанасы қатып, қадамы нығайған сәттен-ақ бастаймыз. Дегенмен мемлекет тарапынан қолдау тауып жүрген білім саласы қайшылыққа толы.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектепке дейінгі білім беру саласында жан басына қаржыландыру жоспары енгізілді. Бұған дейін мұндай тәжірибеден денсаулық сақтау мекемелері өтіп, ақырында ауылдық елді мекендегі ауруханалар медпунктке, ветеринариялық нысанға айналған еді. Нәтижесінде көптеген ауыл ауруханасыз қалып, пандемия кезінде адамдардың жаппай жан сауғалап кеткені жасырын емес. Ал аталған қаулы бойынша ауыл балабақшаларында жасалып жатқан шаралар мен шарасыздықтың мәні неде? Мәселеге бірге үңілейік.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектепке дейінгі білім беру саласында жан басына қаржыландыру жоспары енгізілді. Бұған дейін мұндай тәжірибеден денсаулық сақтау мекемелері өтіп, ақырында ауылдық елді мекендегі ауруханалар медпунктке, ветеринариялық нысанға айналған еді. Нәтижесінде көптеген ауыл ауруханасыз қалып, пандемия кезінде адамдардың жаппай жан сауғалап кеткені жасырын емес. Ал аталған қаулы бойынша ауыл балабақшаларында жасалып жатқан шаралар мен шарасыздықтың мәні неде? Мәселеге бірге үңілейік.
Балабақшаны оңтайландыру жобасы қашан және қалай басталды? Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес биылғы жылдан бастап балабақшалар мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыны игеруі тиіс. Жан басына қаржыландыру әдістемесі негізінде мемлекеттік балабақшада 1 балаға 50433 теңге, ал, жеке балабақшада 46303 теңге, санаториялық балабақшада 76323 теңге қаржы қаралады.
Жан басына қатысты нормативтік қаржыландыруды енгізудің нәтижесінде қаржыландыру теңдігі және әділдігі, баланың қай мектепте және қай жерде білім алатынына қарамастан, 1 оқушыға жұмсалатын шығындардың теңестірілуі, мектептердің бәсекелесу қабілеті, педагогтар ұжымын нәтижеге ынталандыру орын алады делінген. Бұл қалалық жердегі немесе балалар саны көп мекемелерге қиындық тудырмайтыны анық. Яғни жан басына берілетін қаржы шығынға да, баланың қажеттілігіне де жеткілікті. Бюджеттің қаржысын үнемдеу – үкімет үшін де ыңғайлы шешім. Алайда, аталған жобаның тиімділігін анықтау үшін балабақша саласы мамандарының аяқ киімін киіп, жүрген жолымен жүріп көру керек.
Мысалы, аудандағы не ауылдағы бір балабақшаға 50 бала барады десек, әрқайсысына 50 433 теңгеден қаржы бөлінеді. Есептеп көрсек, жалпы қаржы 2 521 650 теңгені құрайды. Ал осының ішіне тамақтан басқа қызметкерлердің айлығы, суға, жылуға, жарыққа кететін коммуналдық шығындар, балаларға қажетті төсек-жабдық, ойыншықтарға жұмсалатын ақшаның бәрі кіреді. 50 балаға қызмет көрсететін балабақшада заңдылығы бойынша 21 маман жұмыс істеуі керек. Балабақша басшысы 2,5 миллион теңгені қай қызметкеріне жеткізіп, қай жыртығын жамайды?! Міне, түйткілдің аяқ алысы осы жерден басталады.
Облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп бұл мәселені облыс әкіміне, сенатор Мұрат Бақтиярұлына жеткізіп, шешімін іздеп жүрген азаматтың бірі. Ол: «Ауданда мектепке дейінгі біліммен қамтитын 19 мекеме болса, соның көпшілігі жартыжылдық кезінде-ақ жұмысшыларына айлық бере алмай, қарызға батқан. Осы уақытқа дейін 29 тәрбиеші штаттан қысқарып, жұмыссыз қалды. Жақсы кадр жоғалтып жатқанымыз көңілге қаяу салады. Дәл осылай жалғаса берсе, балабақшалар түгел жабылады. Осыдан кейін бала біздің болашағымыз деген жалған ұранға қалай сенеміз?» – дейді.
Жақында жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бойынша, 2022 жылдан бастап елдегі ең төменгі айлық мөлшері 60 мың теңге болмақ. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық көрсеткіш. Алайда табыс мөлшері артқан сайын балабақшадағы басшы жан басына бөлінетін қаржымен кімді, нені қамтамасыз етерін білмей, жағдайдың ушығары анық. Білім және ғылым министрінің қаулысы мемлекетке қаржылай үнем сыйлағанымен, жұмыссыздар үлесін көбейтуде. Жан басын қаржыландыру бойынша жоспар толық орындалып, тұрғындардың еңбекпен қамтылуы, балалардың мектепке дейінгі білім алуы елеусіз қалса, көп ішінде көш бастағаннан не пайда?
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің басым бөлігі жалақысын ала алмай жүр. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, Гүлсезім есімді маман да осы мәселе төңірегінде пікірін білдірді.
– Өзгерістің бізге, тәрбиешілерге, басты кедергісі – материалдық қиындығы. Жалақы кеш беріліп жүр. Штаттан қысқарғандар да жоқ емес. Бір айдан, бір жылдан кейін жағдайға қарай қысқарып кетуіміз мүмкін бе деген қорқыныш бар. Әрине, бұл мемлекеттік мәселе. Бір шешімі табыларына сенемін, – дейді ол.
Мұндай үрдіске 2022 жылы орта білім беретін мектептер де көшеді-мыс. Спорт саласы да бұл қатардан қалыс қалмайды. Қаулының мақсаты білім беретін мекемелердің бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, ұлттық қазынаның қаржысын тиімді жұмсауға мүмкіндік беру екенін ескерсек, ауыл баласының болашағын екінші орынға қойғандай көрінеді. Осыдан кейін мамандар «ауылда жұмыс істеуден қашады» дегенді қалай ақтай аламыз? Жауаптылар осы жайды көзге іліп, сөзден іске көшсе дейміз. Дәл қазір таразыға түскен балабақшалар тағдыры бала тағдыры іспетті маңызға ие боп тұр.
Дина БӨКЕБАЙ