Жаңа монша – ел игілігіне
Ауданда кәсіпкерлер саны жыл санап артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді. Оған себеп мемлекет тарапынан бөлініп жатқан түрлі бағдарламалар мен қайтарымсыз гранттар. Кентте кәсібін дөңгелете білген жандардың көбі ісін «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы иігілігін көріп жатса, екіншісі өз қаражатымен бастауда. Сондай талапшыл жас кәсіпкердің бірі – Әйгерім Өтепберген. Ол жуырда Қазалы қаласы мен кенттің екі аралығында орналасқан заманауи үлгіде жаңа монша кәсібін қолға алып, аудандағы кәсіпкерлік нысандарының қатары арттыруда өз үлесін қосты.
Бұл іске білек сыбана кіріскен Әйгерім Өтепберген нысанға «Ернар» деп ұлының есімін беріпті. Сұйық отынмен жылытылатын монша екі жуынатын бөлме, киім ауыстыратын, демалатын бөлмелермен қамтылғандығын аңғардық. Сондай-ақ бір мезетте жиырма адам шомыла алады. Бір-біріне кедергі болмайтындай ара-қашықтықта адамдар ыстық буда отырып, еркін тыныстайды. Кезек күткен жағдайда демалатын орындарға жайғасады. Моншада үш қызметкер тәулік бойына келушілерге қызмет етеді. Кәсіпкердің алдағы уақытта еңбекқорлықты жанына серік еткен бірнеше жанды да жұмыспен қамтуға даяр екенін айтты.
Аптаның 6 күнінде жұмыс істеп, сейсенбіде санитарлық тазалық жүргізіледі. Өз кезегінде кәсіпкер Әйгерім Тілепбайқызы тұрғындар арасында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға арнайы көмектер қарастырылғанын айтады.
Мұндағы бір ерекшелік орыс ағаш буы. Ондағы бу адам ағзасына зор көмегі және түрлі аурулардың алдын алудағы пайдасы мол.
Сондай-ақ уақытқа шектеу жоқ. Тұтынушылар кіргеннен бастап, өзі қалаған уақытында шыға алады. Ал моншаның құнына келер болсақ, ересек жандарға 1000 теңге және балғындар мен жасөспірімдерге 500 теңге тұрады. Шомылу орынынң басқа да керемет қырлары, Ташкент, көк, қызыл шайлары да бар. Яғни, келген тұтынушы тек шомылуға ғана емес, демалуға да келеді десек болады.
– Мұнымен тоқтап қалмай, кәсіптің ауқымын кеңейтсек пе дейміз. Ендігі жұбайымызбен көздеп отырған мақсатымыз монша жанынан отбасылық демалыс кешені мен кең көлемді бассейн салу болып тұр.
Әрқашан адал нәпақасын табуға талпынған жан жетістікке жетпей қоймайды. Ел батасымен көгеріп, адалынан еңбек еткен де ғана мақсатың айқын болары хақ. Қолда бар қаражатты кәсібіне құйып, кейін еселеп қайтару үшін алдымен істің көзіне машықтану керек. Осының барлығын бір арнаға ұштастырып, алға қойға арман-мақсатқа жету де, оның жолында құлдырау да әрбір жанның өз қолында, – дейді Әйгерім Өтепберген.
Серік АҚМЫРЗА