Өнегелі өмір
Жаңарық ауылында туған Нысан Қарсақбаев Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың 21 наурызында соғысқа аттанған. Ол алғашында Владивосток қаласына жақын жердегі Голонко станциясына түсіріліп, 6-7 ай дайындықтан өткен соң екінші Украин майданына қатысады. Жас майдангер алдыңғы шепте пулеметпен соғысып, талай қырғынды көзі көреді. Елге оралған соң да әлінше еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүрді. Ұл-қыз өсіріп, қатарға қосты. Бүгінде ұрпақтары елдің түкпір-түкпірінде бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп, керегесін берік ұстап отыр. Әкесі туралы ел есіндегі естеліктер мен жұрт білмеген сырларды жадына тоқып өскен ұлы Жолдасбай Нысанұлы редакциямызға келіп, ағынан жарылды. Газет арқылы оқырманға Отанды қорғау жолында от кешкен әкесі туралы ой қозғауды жөн көріпті. Амандық-саулықтан соң, әңгімесін былай бастады.
«1944 жылы наурыздың бас жағында Курск шайқасында бірде немістер, бірде Совет Армиясы алма-кезек Курсктегі жауды жібермей қанды шайқаста қатты жарақат алғаным бар. Бомба түсіп, дала госпиталіне қалай барғанымды білмеймін», – деп айтып отырушы едім әкем. Госпитальда жеті ай жатып емделгеннен кейін Магнитогорскіге әкеліпті. Әскери госпитальға ауыстырған соң, екі аяғынан бірдей жараланған солдатты үш ай емдейді. Қос балдаққа таңылған әкемді соғысқа қайта жібермепті. Сол жерде ауыр халде жатқан солдаттарға су, дәрі, тамақ тасып өзі мүгедек болса да қол ұшын созған. Оң аяғына ота жасап, ет пен сүйектің ортасында қалған бомба жарқыншағының кесірінен жүріп-тұрудан қалған әкемнің сынған жамбас сүйектерін шегелеген. «Өте ауыр операция болды. Ол кезде спирт беріп ұйықтататын» деп өткен күнді жанары жасқа тола еске алатын», – деді ұлы қабағын мұң шалып.
Кейін күн бұлттап, қар жауса, аяғы сырқырап жанын қоярға жер таппайтын майдангер балаларына аяғын уқалатып, азда болса ауырлық сезімін жеңілдетіуге тырысатын көрінеді. Балдаққа байланып, шаруаға жарамсыз болып қалған Нысан Қарсақбаевты көктем шығып, қар ери бастаған сәтте Табан көл, Жаңарқа колхоздарының басқарма партия хатшысы Ұзақбай Есенов колхоз жұмысына салады. Ол заманда сексен гектарға жетер-жетпес егін егетін колзозда барлық шара қолмен атқарылатын. Өзіне жүктелген міндеттің ешбірінен қашпай, тынымсыз тірлік етеді. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра «Мен осындай едім» деп ешкімнен көмек күтпей, алға ұмтыла берді.
Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін Нысан Қарсақбайұлы «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Отан соғысы» ордені, «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және жыл сайын мерекелік медальдармен марапатталған. Көзі тірісінде ауыл, аудан, облыс басшылары үнемі соғыс ардагерін құрмет тұтып, сый көрсетіп келді.
1995 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Жеңістің 50 жылдық мерекесімен құттықтап, арнайы хат жолдаған. Онда «Сіздер қазіргі ұрпақ үшін де, келер ұрпақ үшінде мәңгі бақи жеңімпаздар болып қала бересіздер» деп жазылған.
Нысан Қарсақбаев жары Шарипа Құлмырзаева екеуі өмірге он бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Күйеуі соғысқа аттанғанда Шарипа ана енесі Әлимамен Жаңарық, сол жаға, Шиелі каналдарын қазуға барады.
– Көп жанұяны асырау оңай ма? Шешеміз торғай шырылдағаннан кетіп, күн бата берген тапсырманы орындап, үлесіне тиген бидайды алып қайтады екен. Үйге келерінде бір арқа жыңғыл, шеңгел арқалай келіп, диірмен іздеп кетсе, әжеміз от жағып, шай қайнатып, балаларына пәтір нан істеп, босаған қазанға тартылған бидайды елеп, ірісінен быламық істеп беретін көрінеді. Әлима әжеміз пысық, ақылды адам болса керек. Келінін ерте жатқызып, өзі қамыр илеп, дайын отқа қазан жаппай пісіріп, таңғы асын дайындап жататынын айтып отыратын. Әжеміз Қараойдың Тоғыз там бекетінде дүниеден озды, – дейді Жолдасбай Нысанұлы.
Шаруаға епті көп балалы ана Шарипа зейнеткерлікке шыққанға дейін колхоздың шаруашылығында еселі еңбек етті. Істеген еңбегі ескерусіз қалмай, «Еңбек даңқы», бірінші дәрежелі «Ана даңқы», «Батыр ана» және «Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін орденімен наградталған.
Нысан мен Шарипадан тараған он баланың сегізі жоғары білімді, біреуі орта білімді. Бір баласы Ташкенттегі Шыршық қаласында тұрады. Қалғаны елдің әр өңірінде қоныс тепкен. Ұрпағымен мың жасаған қарттардың өнегеге толы өмір жолын ұл-қыздары үлгі тұтып келеді. Немере-шөберелері ерлікпен Отанын қорғаған, соғыстан кейінгі бейбіт заманда ауыл шаруашылығын көтеруге, ауылды ірілендіріп, колхоздастыру жолындағы еңбегінің ескерусіз қалмағанына дән риза.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА