Мешіт салу – мұндағы жұрттың мұраты
Арман-мұраты бір арнаға тоғысып, ел еңсесін тіктеу мақсатында бар қажыр-қайраты мен ерен еңбегін сіңіріп жүрген азаматтардың ізгі ісіне сүйсінбеске амал жоқ. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем қазалылықтар қасиетті рамазан айының қарсаңында 700 адамға ас беріп, ақсақалдар батасымен жаңа мешіт іргетасын қалады.
Жалпы имандылық үйінің құрылысы 2021 жылдың қаңтар айында бастау алған. Қазақстан діни басқармасынан рұқсат алынып, жергілікті азаматтардан ұйымдастырушы топ құрылды. Жер көлемі 25 гектар аумақты алып жатқан руханият үйінің ауласына, 3 ғимарат орналасады. 700 орындық мешіт, 200-300 орындық асхана және 10-20 орындық дәретхана салынады.
Игі іс барысында көмек қолын созған бірқатар азаматтар да баршылық. Су жүйесін жүргізуге көмек еткен Арал-Сарбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы, Қазалы өндірістік бөлімшесінің басшысы Әділхан Ахметов және жарықтандыру жұмыстарына Қазалы аудандық мәслихат депутаты Ерболат Мұқашовтың еңбегін атап өткен орынды.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек қолын созушылар үзілер емес. Қазіргі таңда жалпы жиналған қаражат 13 миллионға жеткен, 7 миллион теңге көлемінде материалдық көмектер берілуде.
– Туған ауылдың өсіп-өркендеп, мәртебесінің биіктей түсуіне үлес қосуды мақсат еткен ауыл тұрғындары ғибадатхана құрылысының жұмыстарын бастаған болатын. Мешіт келер жылы толығымен пайдалануға беріледі. «Мешіт салған, оған ықылас-пейілмен қатысқан адамға, Алла да жақындай түседі, мейірім шапағатын молынан төгеді» дейді қасиетті хадисте. Сауапты іске шынайы ниет танытып, көмек қолын созған барша ағайынға, ел азаматтарына алғысымыз шексіз, – дейді ілкімді бастама жайында ұйымдастырушы топ мүшесі Руслан Әбдіқалықов.
Алдағы уақытта халыққа рухани тәлім-тәрбие беретін қасиетті орын елдің игілігі мен бірлігі үшін дінімізді насихаттайтын имандылық ордасына айналатын болады. Ұлы Абай айтқандай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Мешіт салу – жаратушыға шын иман келтіргеннің ғана қолынан келеді. Ол адамның жүрегіндегі имандылықты көрсетеді.
Серік АҚМЫРЗА