Жайлаудағы жыр
Дүйсенбіде жусан иісі аңқыған кең далада Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппараты және Абай ауылдық клубы, «Амандос» шаруа қожалығын құрған Молдабай Шектібай ұрпақтарының демеушілігімен ауқымды шара өтті. Онда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Жайлаудағы ауыл» жобасы аясында «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» атты бесік жырын айтудан ауыл келіндері байқауда бақ сынады.
Жапан дала жайлауында өткен шарада қазақылықтың нышанына айналған киіз үй тігіліп, қонақтарға қымыз-қымыран құйылып, майға нан басылып, кең дастарқан жайылды.
Молдабай Шектібай 1937 жылдың 27-ші қаңтарында қасиетті Қазалы топырағы, Авангард ауылында шаруа отбасында өмір есігін ашқан.
2002 жылы «Ботбай» елді мекенінде «Амандос» шаруа қожалығын құрады. Округтің өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Сөйтіп 2021 жылы 5 мамырда дүниенден өтті. Ол көптеген іс-шара мен қайырымды істерге етене араласып, демеушілік етіп, артындағы ұрпағына үлгі бола білді.
Бесік жыры ананың балаға деген үлкен махаббатының жырмен өрілген көрінісі. Қазақтың батыры да, данасы да осы жырмен тербеліп өскен. Осындай киелі істі жалғап келе жатқан келіндер арасындағы байқау шымылдығын Қазалы ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Әбенұлы түрді.
– Қазақта ырым-тыйым көп. Оның ішінде ойып тұрып ойын алары көп. Салт-дәстүрдің тозығы мен озығы болады. Одан озығын пайдалансақ, елге пайдасы тиері анық. Қазақ даналығында «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деп тәрбиенің бесіктен бастау алатынын тілге тиек еткен.
Жалпы бесік атадан балаға, баладан немереге жалғасып жеткен үлкен аманат. Сондықтан бүгінгі өтіп жатқан шара өте орынды деп санаймын және алдағы уақытта көптеп өтуін нәсіп етсін. Қатысушылара сәттілік тілеймін, – деп сөзін тәмамдады.
Екі кезеңнен тұратын танымдық байқауда Қазалы қалалық Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова, Мәдениет саласының ардагері Ұлжан Ахметова және Абай ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, мәдениет саласының ардагері Сахыпжамал Жұмағали қазылық етті.
Жарысқа ауданның 14 ауылдық округінен келісті келіндер қатысты. Онда мәдениетін игеру, орындалған бесік жырының мән-мағынасы мен әуені сарапқа салынды.
Нәтижесінде көш басына Абай ауылының келіні Зәуре Қалиева жайғасып, бас жүлдені иемденді. Ал жүлделі бірінші орынды Жанқожа батыр ауылынан Фарида Кемал жеңіп алды. Екінші және үшінші орынды лақалылық Қырмызы Елемес пен Бірлік ауылынан Алтынай Илясова бөлісті. Ал өзінің ерекше мәнері, қазақылығымен басықаралық Айтолқын Іскендір «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.
Кеш соңында ауыл тұрғындары ұйымдастырушы ұжым мен Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Б.Ерқосаевқа дән риза екенін айтып, Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығы өнерпаздарының әуезді әнімен аяқталды.
Серік АҚМЫРЗА