Сора егіп сорлатқан

Мамандардың дерегінше, егуге тыйым салынған сора қара нарықта келісі 350-500 мың теңгеге саудаланады. Ресейде 1 миллион теңгеге дейін бағаланады-мыс. Осындай оңай олжаға кенелуді көздегендер саны артып бара жатқандығы құқық қорғау өкілдерін қатты алаңдатуда.
Сондай-ақ, есірткі бизнесіне қарсы күресті жандандыруды мақсат тұтқан ҚР Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясының кафедра бастығының орынбасары Әділ Тұлмағамбетов ауылдық округ әкімдері мен учаске полицияларын, ауылшаруашылық, жер қатынастары бөлімдерін бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. Көшпелі оқу курсында есірткі заттарын тәркілеу операциясы кезінде түсірілген бейне жазбалар арқылы қара сора өсімдіктері қандай болатындығы көрсетілді.
Маңызды басқосуда Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының өкілі, полиция подполковнигі Ғалымжан Мүсірепов заңсыз егілген сора алқаптарын байқаған жағдайда 102 сенім телефонына хабарласу қажеттігін айтты. Құнды мәлімет бергендерге ақшалай сыйақы берілетіндігін әрі құпиялылық сақталатындығын мәлім етті.
Көшпелі семинарды ашып, қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев ауданда егістік алқаптары мен орман қоры жерлерін пайдаланушыларымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бос жерлерді зерделеп отыру керектігін алға тартты.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА