Балам сөйлемейді
Кішкентай күнімізде үлкендер жағы «Кімнің баласысың?», «Жасың нешеде?», «Атың кім?» деген секілді сұрақтарды қойып, «тәтті» тілімізді қызықтайтын. Кім екеніміз, руымыз, жасымызды айту біз үшін қалыпты жағдай көрінетін. Ал бүгінде бүлдіршіндеріміздің көбінен бұл жауапты алу қиын. Бал тілді балаларымыздың былдыр тілінің кешеуілдеп шығуы қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Бірде туысымның бес жасар қызының енді сөйлей бастағанына сүйсінгеніне таңырқай қарағанымды байқаған анасы «Тобында 4-5 бала ғана анық сөйлей алады. Соның біреуі менің қызым», — дегені бар.
«Балам сөйлемейді» деп бәйек қаққан ата-ана, білгенінін айта алмайтын бүлдіршіннің мұндай саналы әрекетінің орын алуына не себеп? Бұрын-соңды атын естіп көрмеген дефектолгқа дегдарлық, логапедке қажеттілік қайдан туындады? Осы сұрақ төңірегенде ой өрбіттік.
Патима Мұстафаева, Қазалы аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері:
– Бала тілінің кешеуілдеп шығуы ата-аналармен қатар қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Бұл топтағы бүлдіршіндер дәрігер мамандардың жіті назарында болады. Баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер өте көп. Ана құрсағында даму барысында болған кеселдер, анасының аяғы ауыр болып жүргендегі әр түрлі инфекциялық аурулармен ауруы, токсикоз, ана мен баланың қанының сәйкес болмауы, қан аздығы,босану барысындағы жарақат, 1 жасқа дейінгі миының зақымдалуы, емізікті ұзақ ему, қатты шошынудан тұтығу да әсер етеді.
Мүкістік ақауының дислалия, дизартрия, ринолалия, алалия, афазия сынды бірнеше түрі бар. Дислалия кезінде бала тек дыбыстарды ғана бұзып айтады. Ал дизартрия жағдайында баланың сөйлеу мүшелері жүйке тамырларымен толық қамтамасыз етілмейді. Тіл мүкістігінің ең ауыр түрлерінің бірі – афазия. Бұл бала миының зақымдану факторынан туындайды. Оның тілі шықпаған жағдайда 3 жасқа дейін есепке алмай, ата-анасына логопед, дефектологқа апаруға кеңес, нейро дәрумендер беріліп, логопедттік массажға белгілеу беріледі.
Біздің есебімізде мүлде сөйлемейтін 12 бала бар. Оның тоғызына мүгедектік тағайындалған. Кекештікпен күй кешіп жүрген 29, бұдан өзге түрлі тіл мүкісі бар 29 бала бақылауда. Бұл дәрігерге қаралғаны. Ал, үйде отырып, баланың сөйлемеуін генетикалық құбылыс не ерекелік деп жүрген қанша ата-ана бар. Менің айтарым, баламен неғұрлым ерте сөйлескен дұрыс. Онымен қатынаста «сөздерді қабылдай алмайды, әлі жас» деп немқұрайлылық танытудың соңы көп жағдайда қиындыққа апарады.
Зейнегүл Нұралы, №4 «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының психологы:
– Сәби тілінің дамуы бұл күрделі процесс. Соңғы уақытта бала тілінің кеш шығуына уақытында мән беретін ата-аналар да, керісінше «өзі кейін шығады» деп уақыт өткізіп, көңіл бөлмейтіндіктен, психикалық даму тежеулігіне дейін жеткізетіндер бар. Бала ең алдымен ата-анасымен, отбасы мүшелерімен байланысады. Осындай кезде оны еркелету, бірге ойнау, жақсы көрген ойыншығын алып беріп, тығыз қарым-қатынасқа түсу маңызды. Ал, сөйлеу белсенділігінің төмен болуына түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Мәселен, психикалық дамуында тежелу бар балалардың тілінің дамуында кешеуілдік болады. Қатты қорыққаннан да сөйлемей қалуы мүмкін. Ата-ана мейіріміне зәру кішкентайларда да бұл құбылыс байқалады. Бұрын бала дүниеге келгеннен бесік жырын, әлдиін айтып тербетіп, шақалақпен қосыла уілдеп,алдымен әжелері баламен байланысқа түсетін. Ертегілер айтатын. Қазір бұл үрдіс орындалмайды. Психологиялық тұрғыдан қарғанда алдымен импрессивті сөз яғни түсіну қалыптасады. Содан соң ғана экспрессивті сөйлеуі қалыптаса бастайды. Сол себепті бала өмірге келгеннен бастап онымен сөйлесіп, еш уақытта өз-өзімен ойнап отыруға жол бермей, ұдайы байланысқа түскен жөн.
Кейбір балалардың байланыстырып сөйлеуі жақсы болады да, бірақ дыбыстарды бұрмалап айтып, айтқан сөзіне түсінбеуіңіз мүмкін. Бұл дегеніміз балаларды шектен тыс еркелетіп, былдырлаған тілін қызық көріп ата-ана заттық атауларды мысалы («лас» сөзін «какай», ыстық сөзін «үпі», іш де, кіш де деген сияқты сөз тіркестерін пайдаланып, нәтижеде көп уақытқа дейін баланың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың дұрыс айтылуының дамуын кешеуілдетуге жағдай жасайды.
Балаға үйде екі тілде сөйлесу де кедергі болады. Қазіргі таңда бала тілін дамытудың түрлі әдіс-тәсілдері дамыған. Мектепке дейінгі кезеңде балалардың қолдың ұсақ саусақ моторикасы мен қимыл-қозғалыстарын дамыту маңызды болып табылады. Мысалы, Су Джок терапиясы арқылы санамақтар айту. Бала сөйлеуін дамытуда саусақ жаттығулары, қуырмаш, ертегі, тақпақтар, жаңылтпаштар жаттау, бала тілін дамытып, сөздік қорларын байытуға бірден-бір ықпал етеді. Бұл жерден шығатын түйін, ата-аналар балапандарымыздың кеш сөйлеуін сыртқы фактордан емес, өзімізден іздеуіміз керек.
Күләш Абашева, №2 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының меңерушісі:
–Еліміздегі экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуынан туа біткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған ауру салдарынан дамуында түрлі тіл жетіспеушілігі бар балалардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Әсіресе мектеп жасына дейінгі балалар арасында сөйлеу тілі бұзылғандар саны жоғары деңгейде. Осы жағдайды негізге ала отырып, 2010 жылы біздің балабақшада аудандық білім бөлімінің басшылығымен логопедттік пункт ашылды. Пунктте логпед С.Тәжібаева, психолг Т.Мүсірепова, дефектолог Ә.Айсауытова жұмыс істейді.
Балабақшадағы барлық топ балаларының сөйлеуі әрекетін арнайы мамандардың бақылануы бойынша іріктелінеді. Олар ата-анасының келісімімен аудандық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесі мамандарының толық кеңесінен өткізіліп, қорытынды алынып, біздегі логпедттік пункт тізіміне енгізіледі. Соңғы үш жылдағы есеп бойынша логпедтік пунктке тізілген 58 бала қазірде мектеп партасында.
Бала дамуының жетілуіндегі маңызды фактор – дұрыс сөйлеуге үйрету арқылы олардың бойындағы мәдениетті қалыптастырамыз.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей ата-ана – маман – тәрбиеші одағы біріксек, бағындырмайтын белес болмайды.
Арайлым Оспанова, Қазалы психологиялық-педагогикалық консультация мекемесінің логопеді:
–Қазір көп ата-ана баласымен бір жасынан бастап сөйлеседі. Сөйлессе де баланы шектен тыс еркелетіп, кәдімгі түсінікті тілмен емес, баланың (баламен бала болып) былдырлаған тілімен ұғысады. Кішкентай уілдеп сөйлесе, шешесі де оған қосылады. Бұл дұрыс емес. Керісінше, бұл жағдайда ана баласын түсінбесе де онымен дұрыс сөйлесіп, сөз үйретуі керек. Көптеген ата-ана сөйлеу тілінің бұзылысы бар балаларға дер кезінде мән бермейді. Олардың көбі психологиялық-медициналық-педагогикалық көмектің қызметі тегін, логопед маманнан кеңес алуға болатын ауданда арнайы орын барын біле бермейді.
Осы жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация кеңесінен жалпы 189 сөйлеу тілі бұзылысы бар бала өтті. Оның ішінде 3 жасқа дейінгі қойылатын диагноз сөйлеу тілінің кешеуілдеуі бойынша 18 бала, жалпы тіл кемістігінің І дәрежесі – 15 бала, ІІ дәрежесі – 42 бала, ІІІ дәрежесі – 63 бала, тұтықпасы бар – 36 бала, ринолалия диагнозы бойынша – 15 бала тіркелген.
Бала тілі 3 жасқа дейін шықпаса дабыл қағып, ата-аналар бірден дәрігер және логопед мамандарының көмегіне жүгінуі тиіс. Қандай қиындық болса да күніне 1-2 сағат уақытты кез келген ата-ана баласына арнауға тиіс. Бала 1 жаста 10-15 сөзді, 2 жаста 300-дей сөзді айтып, ал 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы қажет. Алайда, бүгінде мұндай балалар сирек кездеседі.
Балаларда кездесетін «жалпы тіл кемістігінің түрлері» бірнеші дәрежеде кездеседі:
бірінші бала сөйлемеуімен көзге түседі. Буындарды, қос буынды сөздерді «мама», «папа», «ата», «апа» сөздерін айта алады. Дыбысқа (мяу, ксс, му) еліктейді. Дені сау балаларда бұлай сөйлеу 5-6 айға дейін созылып, бірте-бірте сөздік қоры көбейсе, екінші дәрежеде былдырлау, жестпен сөйлеумен қатар сөз тіркестері болады. Бұл кездегі баланың сөздік қоры кедей, өзіне таныс заттар мен қимыл әрекетті білдіретін кейбір сөздерден ғана тұрады. Сөз тіркестерін үлкендердің көмегімен айта алады. Бірақ күрделі сөйлем құра алмайды. Ал, сөйлеудің үшінші дәрежесі жоғарыдағы түрлеріне қарағанда жеңілірек. Ауызекі сөйлегенде сөздік қорының аздығы байқалады. Сөздік қоры зат есім, етістіктен тұрады, сан есім, үстеу аз кездеседі. Септік жалғауларды, жұрнақтарды қолдануда қате жібереді. Құрмалас сөйлем сирек кездеседі. Дыбыстарды бұзып айту салдарынан сөйлем түсініксіз айтылады.
Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын-жаттығулардың орны ерекше. Осы орайда ата-аналарға үй жағдайында жасауға болатын, сөйлеу тілін дамытатын жаттығуларды ұсыну жөн.
Қандай бала болмасын ойынмен өсіп, жетіледі. Ойын үстінде бала ешнәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз – барлық дамудың баспалдағы. Балалармен ойынды бірнеше бағытта өткізуге болады. Мысалы: «Заттармен» ойналатын, «Үстел үсті», және «Сөздік ойын». Сонымен қатар балалардың сөздік қорын дамытуда ойындарды қолданумен қатар, саусақ жаттығуларын қолдану өз нәтижесін беруде. Ол балалардың саусақ бұлшық етін дамытып қоймайды, сөздік қорын, таным белсенділіктерін арттырады, қозғалыс-қимылдарына қарап, бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады, өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сөйлеу тілі дамымаған баланың ұсақ саусақ моторикасының дамуы әлсіз, тыныс алудың бұзылыстары ерекшеліктері көрініс береді. Сол себепті логопед маман бала тілін дамытудағы түзету жұмысында ұсақ моторикасына әр түрлі жаттығуларды орындауды, тыныс алу жаттығулары мен нүктелік уқалау түрлерін жасауды ұсынады. Сөйлеу тілін қалыптастыру жағдайына ата-аналар жиі қатысса, логопед пен баланың жұмысына оң әсер етеді. Ата-аналар үнемі ізденісте болған жағдайда ғана нәтиже шығатыны белгілі. Сол себепті дәрігерлік көмекті ала отырып логопедтің ұсыныстарын, берілген инструкцияларын орындау қажет.
Ақшагүл Қызылбаева, ардагер-ұстаз:
– Бұрын логопед, дефектолог дегенді білмейтінбіз. Ұзақ жыл бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еттім. Бірен-саран бала тілінде ақаулық болмаса, жалпы мұндай қиындыққа жиі кездеспейтінбіз. Тілі кешеуілдеп тұрған балаларға әрбіріміз тіл дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыра отырып, олардың қатарға қосылуын қадағалайтынбыз. Қазір сөйлеу жүйесі дұрыс қалыптаспаған балаламен көптеп ұшырасып жүрміз.
Осы орайда санамызда сақталған ұлттық танымымызды сөз еткім келіп отыр.
Ертеде бұндай жағдайда нағашы жұрты уақ малды жиеніне ниеттеп сойып, соның ішегімен баланың мойнын «қылғындырып» ырым жасайтын болған.
Сондай-ақ, бүгінгіннің балалары ет жеп, сүйек мүжімейді. Сүйек мүжудің тілдің шығуына үлкен септігі бар. Бұл кезде ауыз қуысының бұлшық еттері ширап, баланың қимыл-қозғалысы жаттығады. Жақында газет бетінен оқығаным бар, құрт сору да сақаулықты тежейді екен. Топрақта ойнау да бала бұлшық етін дамытып, сөйлеуіне септігін тигізетінін көбіміз ескермей жүрміз. Бала сөйлемесе, маманға жүгінумен бірге, оған осы амалдарды жасап көрсек, нәтижесіз болмас еді. Тәжірибемен келген ұлттық педагогикадан ұтпасымыз болмаса, ұтыларымыз жоқ.
Роза Әлсеева, ата-ана:
–Әрбір ата-ана перзентінің тезірек сөйлеуіне мүдделі. Оған асығып, шыдамсыздана күтеді. Ал, айналасындағылардың өз дәрежесінде қажетін айтып, қарым-қатынасқа түсіп жатқанда сенің балаңның сөйлей алмауы өзіңе қандай қиындық тудыратынын сезінудің өзі ауыр. Ұлым тәй-тәй басып, тұсау кестіргенге дейін «мама», «ата» деген сөздерді айтып жүрген. Бір жасқа толғанда қатты ауырып, дұрыс сөйлей алмай қалды. Біреулер «тілінің астын кестір» десе, бірі логопедке апаруға кеңес берді. Қыс айына сәйкес келгендіктен арнаулы орындарға апару қиындық туғызды. Күн жылыған соң баламның ақауын анықтатып, мамандар қызметіне жүгіндім. Біраз кешеуілдетіп алыппын. Өткен жылдан бастап балам «Рауан» инклюзивті орталығына барып жүр. Түрлі арнаулы мамандар қамқорлығы арқасында балам жаман емес. Өзіне керектіні айта алады.
Қазалы қаласында тұрамын. Қазір баламмен бірге кентке қатынап жүрміз. Жақында біз барып жүрген орталық жабылады деп естіп қалдық. Бұл жұмысын тоқтатса, мен сияқты кеуделерінде қуаныш оты ұшқындаған қанша ата-ана қайда сабылады? Айтарым, әр ауыл, қалаға қолжетімді, осындай талапты тегін ұштайтын логопед,дефектологтарға штат қарастырлса екен.
Р.S.Тіл мүкістігінен құтылу үшін грек философы Демосфен екі ұртына тас салып жүрген деседі. «Ұл мен қыздың қызығы тілі анық шыққанша» деп бабаларымыз жырлағандай, тіл – ойдың жүзеге асқан формасы екендігін ескерсек, әлемдегі ең қоры бай тілдің иелерінің бүгінгі қиындығы әрбірімізді алаңдатуы тиіс.
qazaly.kz