Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Баламен ересек адамдай сөйлесу керек

Баламен ересек адамдай сөйлесу керек

Байқасаңыз, бүгінде тілінің мүкістігі бар балалар жиі кездеседі. Бір емес, бірнеше дыбысты бұзып айтатындар көп. Ата-аналар алаңдайтын үлкен мәселелердің бірі де – осы. «Баламыздың тілі дұрыс шықпай жатыр» деп дабыл қағушылар аз емес. Осы орайда №266 мектеп-лицейдің логопеді Райхан Пірімжароваға бірнеше сауал жолдаған едік.
– Райхан Жандосқызы, бала тілінің кеш шығуының басты себебі неде?
– Баладағы сөйлеу тілі бұзылысының негізгі себептерінің биологиялық факторларына құрсақішілік даму кезінде ұрықтың гипоксиясы, анасының жұқпалы аурулармен ауыруы, босану кезіндегі зақымдар, сондай-ақ туылғаннан кейінгі алғашқы айларда әсер ететін патогендік факторлар (ми инфекциялары, жарақаттар, т.б.) жатады. Ал әлеуметтік-психологиялық тұрғысынан қоршаған ортаның жағымсыз әсерлері, қостілділік, айналасындағы адамдардың сөйлеу қабілетінің бұзылуы әсер етеді. Көп ата-аналар баланың сөйлеудегі дыбыс шығаруы үлкендердің көмегінсіз, өз бетімен дамиды деп ойлайды. Бірақ бұл қате түсінік. Қазір көп балақайлар сағаттап теледидардың алдынан шықпайды немесе ұялы телефон, планшет, компьютер ішіндегі вертуалды әлемге кіріп, санасы қажетсіз ақпаратқа толады. Салдарынан олар ойын жеткізе алмайды және тілі кеш шығады.
Сөйлеу тілі дамуының айқын ауытқуы бала үшін нағыз жағымсыз салдарын туғызады. Баланың психикасы кешігіп дамиды, таным іс-әрекетінің жоғары деңгейлерінің қалыптасуы тежеледі, ерік-эмоциялық жағының бұзылуы пайда болады, ол тұлғалық ерекше қасиеттерінің қалыптасуына алып келеді. Балада тұйық мінез, көңіл-күйінің тұрақсыздығы, сенімсіздік пайда болады.
– Сөйлеу тіліндегі бұзылыс қай ­жаста басталады?
– Бір жастағы бала 10-15 сөзді, екі жастағысы 300-дей сөзді анық айтып, 3 жастан асқасын еркін сөйлесе ­алатын жағдайда болуы қажет. Егер 3 жастан асқан соң олардың тілі бұл нормаға сәйкес келмесе және 4-5 жаста дыбыстарды бұзып айтуы, тұтығуы, ­байланыстырып сөйлей алмауы байқалса, ата-ана логопед маманның көмегіне жүгінгені дұрыс. Алайда бұл кезде де олар бар жұмыс пен жауапкершілікті логопедке артпауы қажет. Яғни баланың сөйлеу тілі бұзылысын түзетуде маманмен ата-ана бір команда болып үздіксіз жұмыс жасаса тез әрі жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.
– Үй жағдайында баланың сөйлеу тілін түзете-дамыту үшін ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
– Сөйлеу процесіне тіл, тіс, ерін және жақ қатысады. Сондықтан ерте ­жастан бастап баланың сөйлеу мүшелерін, қимыл-қозғалысын дамыту маңызды. Осы орайда балғынның сөйлеу тілін түзете-дамытуда ата-аналарға мынадай кеңестер ұсынамын. Жаңа туылған сәбиде алғашқы тістер пайда болғаннан бастап қою тағамдарды қосымша жеу қажет. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгілген ас ішеді. Осылайша шайнау қажеттілігі қанағаттандырылмағандықтан, оларда тіл дамуы тежеледі. Сондай-ақ, емізікті 1 ­жастан кейін пайдалануға болмайды.
Балаға жеке және психикалық тәрбие беру балалық шақтарынан басталады. Барлық дағдылар отбасынан алынады, соның ішінде дұрыс сөйлеу дағдысы да отбасында қалыптасады. Баланың тілі жаңадан шығып келе жатқанда онымен бір тілде тілдесіп және «бала тілімен» сөйлеспеу қажет. Мысалы, ням-ням, пи-пи, бум-бум, тағы басқа сөздерге шектеу қойып, оның дұрыс еместігін түсіндіріп, нан, машина деп таза айтқызыңыз. Баланың ұсақ қол маторикасымен көп жұмыс жасау керек. Ұсақ қол маторикасы арқылы баланың тілі дамиды. Бірге көбірек сурет салыңыздар, мозаика, пазл, манка және құммен сурет салу, ­ермексаз, ұсақ дәнді дақылдармен жұмыс жасау арқылы сіздер өз балаларыңызды жан-жақты дамыта аласыздар. Кішігірім әңгіме құру үшін суретпен жұмыс жасап, балаға уақыт бөліп, кітап оқып беріңіз. Кітап оқу арқылы баланың ойы, танымы, логикалық ойлауы дамиды. Баламен үнемі сөйлесіп, оның жауаптарын тыңдау керек. Бала сөйлескенді, оны тыңдағанды ұнатады, қажет етеді. Серуенде әңгімелесіп, жаңа сөздерді бірнеше рет қайталаңыз. Балаға айтқан сөздеріңіз анық болсын. Сөйлемдерді де анық, дұрыс айтыңыз. Балаға сюжеттік ойындар ойнатыңыз. Мысалы, «Дүкен», «Шаштараз», «Дәрігер», «Балабақша» секілді. Кітаптағы суреттер арқылы әңгіме жүргізіңіз, баланың өзінен сұраңыз. Фотоальбомдағы суреттер бойынша әңгімелесіңіз. Жеңіл тақпақтарды жаттатып, мәнерлеп айтқызыңыз. Тұтықпасы бар балаларға тыныс алу жаттығулары, ән айтқызу және жаңылтпаштар жаттату жақсы нәтиже береді. Өз сөйлеуіңізді тым қарапайым түрде жасамаңыз, ақырын күрделендіріп, ересек адамдардың сөйлегені сияқты сөйлесіңіз. Осындай жай түрдегі кеңестерге сүйеніп отырсаңыз, баланың ойлау қабілеті, тілі, жалпы дамуы жақсы болады және үлкен нәтижеге жетесіздер.
– Сөйлеу тілінде бұзылысы бар балаларды ерте жастан логопед маманға апару қаншалықты тиімді?
– Ата-ана баласынан сөйлеу тілі дамуының кешеуілдеуін немесе бұзылысын байқаған жағдайда логопед маманның көмегі арқылы ерте ­жастан түзету жұмысын жүргізіп, тез оң нәтижеге қол жеткізе алады. Сондай-ақ, логопедиялық диагноздарға байланысты баланың ерекшелігі мен қажеттілігіне сәйкес басқа сала мамандарымен кешенді түрде жұмыс жүргізген тиімдірек. Атап айтсақ, педиатр, невропатолог, остеопат, ортодонт дәрігерлерінің бақылау емі, психолог, дефектолог мамандарының түзете-дамыту жұмыстары баланың тек сөйлеу тілінің дамуына ғана емес, жалпы дамуына оң әсерін тигізеді.
– Сіздің практикаңызда қандай жағдайлар жиі кездеседі?
– Мен жалпы білім беретін мектепте мұғалім-логопед болып қызмет атқарамын. Ерекше білім беруді қажет ететін баланы психологиялық-педагогикалық әдіс-тәсілдерімен тексере отырып, әртүрлі тіл кемістіктерінің түрлерін, психикалық дамуы тежелген, эмоционалды және мінез-құлықтағы бұзылыстарын түзетуде қызмет етіп келемін. Менің тәжірибемде мектеп жасындағы балалар арасында сөйлеу тілінің жалпы дамымауы 2-3 деңгейі, дыбыс айту бұзылысы, тұтықпа, ринолалия диагноздары көп кездеседі. Сөйлеу тілінде бұзылысы бар балалармен түзете-дамыту жұмысының мазмұнына қойылатын қазіргі таңға сай жоғары талаптарды іске асыруда ең алдымен логопедтің тұлғалық қасиеттері де өте маңызды. Ол әлеуметтік және ұйымдастырушылық белсенділігімен ерекшеленіп, балаларды сүйіп, өз ісіне бірілген болуы керек. Логопедке педагогикалық шығармашылықтағы емес, бақылаушылық, шыдамдылық және жауапкершілік қажет деп есептеймін.
Менің мамандығыма деген сүйіспеншілігім мен құлшынысым жыл санап артып келеді. Себебі, балалармен логопедиялық түзете-дамыту жұмысын жүргізу арқылы оң нәтиже шығару мен үшін үлкен жетістік. Ата-ананың алғыс білдіруі мен баланың қуанышы мені қанаттандырады. Әрбір бала – бір жұлдыз. Сол жұлдызды жаға білу менің кәсіби шеберлігіммен баланы шыңдау жолында атқаратын талмас ізденісіме тікелей байланысты.
Егеменді еліміздің ең басты мақсаты – өркениетті елдер қатарына қосылу болса, оған жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алар орны ерекше. Сондықтан әркім өз ісін жетік меңгеріп, өзгелерге септігін тигізе алса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
– Кеңестеріңізге рахмет.

Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
13 қыркүйек 2020 ж. 2 157 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 55

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930