Дән себілді далаға
Көктемнің ұзынсары атанған мезгілі қат-қабат, қарбалас тірлікті де ала келетіні бесенеден белгілі. Қой қоздап, қорада шу басталды. Көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін диқан қауым дала төсін еңбек дүбіріне бөлейді. Егіс алқаптарының еңбек көрігін қыздырып, ертеңгі күннің мал азығының негізін қалайды.
Мезгілдің шуағы түсіп, жауынның ылғалы еніп, жер сызы кетісімен дала төсінде егіс жұмыстары басталып та кетті. Бұл – күзде орғанын кәдеге жаратқан егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, қайнаған еңбектің қызатын шағы. Шаруалар егістік жерді тазалау мен жер жыртуды аяқтап, тұқым себу жұмыстарын қолға алып бастады. Міне, осы қызу жұмысқа «Агро Өркен» ЖШС-ның еңбеккерлері кірісіп те кетті. Соған сәйкес өткен сенбіде Аранды ауылдық округінде «Дала күні» семинары ұйымдастырылды.
Ең алдымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, шаруашылық құрылым басшылары, ауылдық округ әкімдері, еңбек ардагерлері Жанқожа баба кесенесі басында бас қосып, батыр рухына құран бағыштады. Артынша кент орталығынан 47 шақырым қашықтықты артқа тастап, Қожабақы ауылындағы егін алқабына жеттік.
Мұнда аудан басшысы атпал азаматтармен бірігіп, дихандарға егіннің мол болуына тілектестік білдіріп, алғашқы дән септі. Сондай-ақ егіс алқабында салалық мекемелер және шаруашылық басшыларымен кездесіп, күріш егу жұмыстарының барысымен танысты. Көп ұзамай аудан басшысының төрағалығымен семинар-кеңес өз жұмысын бастады.
– Жыл сайын мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау артып келеді. Барлығымызға белгілі өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылды біршама табыстарымен қорытындыладық. Егілген егіннің әр гектарынан жоғарғы өнім жиналып, жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Соның арқасында ауданымыз «Үздік аудан» номинациясын жеңіп алды. Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан көктемнің дала жұмыстарын жоспарлаудың маңызы ерекше. Соған сәйкес бүгінгі жиында осы бағытта мәселелер қаралатын болады. Мақсатымыз – ел байлығы, қамбаға мол астық құю. Алдымызда біз үшін сұранысқа ие болған дақыл көлемін арттыру міндеті тұр, – деді аудан басшысы.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай көктемгі егіске дайындық, «Қазалысушар» өндірістік учаскесі бастығының орынбасары Нұрлан Әбілдаев егістікті суармалы сумен қамтамасыз ету, «Агро Өркен» ЖШС директоры Медеу Есқожаев шаруашылықтағы күріш егуге дайындық барысы туралы хабарлама жасады.
– «Агро Өркен» ЖШС бойынша барлығы 1800 гектар тегістелген жерге 5 ауыспалы егістік ротациялық кестеге сай егін егілген. Ал биылғы жылы 1600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде 508 гектарға көне жоңышқа, одан бөлек осы жылы «семеречный месня» деген тұқым алынып, 316 гектар жерге жаңа жоңышқа егілді. Ресейден элиталық алабұға сорты ақ бидай алынып, 130 гектарға бидай себілді. Облысқа белгілі «Абзал и К»-мен келісімшартқа қол қойып, бірінші репродуциялық 162 тонна «янтарь» шорт тұқымы, 18 тонна бірінші репродуциялық «лидер» тұқымы алынып, 650 гектарға күріш дақылын егеміз деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек қажетті тыңайтқыштар алынып, толықтай қамтамасыз етілді, – деді «Агро Өркен» ЖШС директоры.
Жиын соңында аудан басшысы дихандарға күріш егу науқанын оңтайлы мерзім ішінде аяқтау үшін ұйымдастыру шараларына аса мән беріп, барлық агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін тапсырды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК