Қоғамдық іске қамданыс
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тәмсілді ұстанған бұрынғылар ел ішінің ауызбіршілігіне баса мән берген. Әрдайым халық атынан сөйлейтін азаматтарын қадірлеп, олармен ел болып кеңесіп отырған. Жалпы бұл үрдіс бүгінгі күн талабында да өзекті. Осы ретте Қазалы ауданының әкімдігінде жуырда ғана ауданның қоғамдық кеңесіне сайланған азаматтардың бас қосуы болып өтті.
80 мың халқы бар ауданның ендігі саяси ахуалы, ауызбіршілігі мен тыныштығы осы атқа мінген азаматтарға тікелей байланысты екені ескеріліп, жиын ізгі тілек пен жылы шырайлы көңілден басталды. Аудан басшысы М.Оразбаев қоғамдық кеңес осыдан жеті жыл бұрын алғаш рет жұмысын бастағанын еске салып, көне құрамға ілтипатын білдіргенді құп көріпті. Алдымен мінберге шыққан Қасқырбай Әлімбай ҚР Ақпарат министрлігі мен аудан әкімінің Алғысын алды да, қоғамдық кеңес құрылған уақыттағы қарбаласты еске алды.
– Шынын айту керек, алғашында ұйымды қалай жұмыс істету керегін өзіміз де түсінбедік. Оразғали Бекбановтың, марқұм Ботабай Рыстығұлдың көпті көргендігі кеңестің ісін ілкімді етуге біраз септесті. Жаңа құрам елдің ауызбіршілігі мен тыныштығын жарастыра алса – абырой. Бұған кеңес мүшелерінің ақыл-парасаты жететініне сенемін, – деді.
Бұдан кейін осы кезге дейін елдік мәселеге екпін беріп, аудандағы саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауда тер төккен Оразғали Бекбанов, Жалғасбай Жаппарберген, Ібайдулла Тілеп, Мінәжадин Өтеев, Қасқырбек Мәмбетжанов пен Ләззат Ізбасқанға М.Әуесұлы ризашылығын білдіріп, иықтарына шапан жапты. Ізін ала қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз алды.
– Бұрынғы құрам орташа жасы жетпіске жақын зиялы қауымнан жасақталса, жаңасы 50 жастың айналасындағы интелегент, кәсіп пен мүмкіндігі шектеулі топ өкілдерінен құралып отыр. Елдік мәселелер ендігіде әкімдермен емес, халықпен тіл табысу арқылы шешілуі тиіс. Әрине бұл жағдайда ұсыныс-пікірдің салмағы екшеленеді, – деді төраға.
Т.Бөріқұлақов тарихи сәттерге әділ баға берілсе екен деген ойын да ашық айтты. Бұл «қоғамдық кеңестің алғашқы төрағасы кім болды?» деген сауалдан туындаса керек.
– Қоғамдық кеңеске алғаш жетекшілік жасаған облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп екені әркез айтылуы керек, – деп қосты жаңа кеңес жетекшісі.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ