Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздіктің бастауы
Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, тәу еткен тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Егемендіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл.
Елімізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы желтоқсанда бодандыққа қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыратын болады. Олардың сол қаһарлы күндердегі қайсар мінезді ерліктері бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге.
Жуырда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап 1986 жылы алаңға шыққан Желтоқсан қаһармандарымен кездесті.
Басқосуда аудан басшысы Желтоқсан оқиғасының тәуелсіздікке жету жолындағы маңызы мен ел тәуелсіздігін алуға деген бетбұрыстың жасалуына тигізген ықпалы жайында сөз қозғады. Сондықтан да Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы ретінде бағаланатынын тілге тиек етті.
Кездесуде Желтоқсан оқиғасына қатысушы жерлесіміз Ұлбосын Алматова ауданда желтоқсаншылардың қоғамдық ұйымы құрылғанын, оның төрағалығына Шарападин Кенжебаев ұсынылғанын жеткізді. Өз кезегінде Шарападин Кенжебаев сенім білдіріп отырған азаматтарға алғысын айтып, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыстар көп екендігін жеткізді.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ізгі тілегін білдірді.
Басқосу соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына Алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат