Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел ырысы – ынтымақта

Ел ырысы – ынтымақта

Қазалы – ел қорғаған батыр мен ділмәр шешеннің, қол бастаған көсемдердің кіндік қаны тамған жер. Ауданға ат басын тіреген халыққа аты мәшһүр қайсыбір азаматы болмасын, әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының кесенесіне барып, құран бағыштамай өтпейді. Бұл жолы ауданға алғаш рет аялдаған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та осы үрдісті жалғады.
Облыс әкімі Қазалы ауданындағы сапарын кесене басында Жанқожа батырдың рухына құран бағыштап, мал шалудан бастады. Жапырағы желмен тербелген саялы жерде аудан басшыларымен және ақсақалдармен кездесті.

Өндірісті жандандырған жоба
Аймақ басшысы бұдан кейін аудандағы ірі кәсіпорынның бірі «РЗА» АҚ қарасты ірі қара өсіру кешеніне барды. Мұнда заманауи технологиялар арқылы өнім шығару жұмысы қарқын алған. Бүгінгі күні 85 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кешен 1200 бас ірі қараға есептеліп салынып, күніне 30 тонна
сүт өндіреді. Мұндай ауқымды іске мемлекет қолдауы көрсетілетіні анық. 2,1 миллиард теңгенің жобасына демеу болсын деп мемлекет жем-шөп қорын даярлау үшін 1233 гектар жер учаскесін табыстаған. Мұнымен қоса «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым жұмыстарын жетілдіруге республикалық бюджеттен 228 миллион теңгеден астам қаржы қаралған. Осының аясында кәсіпорынға электр желісін жеткізу де шешім тапқан.
– Алдымен шетелдерге сатылымға шығарылатын сүт пен ет өнімдерін өндіру бағытында тауарлы сүт фермасымен оны өңдейтін зауыт салынды. Бұдан кейін 2010 жылы «Рза-Асыл түлік» серіктестігі құрылып, асыл тұқымды мал шаруашылығын экспорттау қоса қолға алынды. Сол жылы іске қосылған кешен аналықтар мен бұзауларға қора, сауын және төлдеуге арналған 1200 орындық арнайы алаң, көң жинау орны, санитарлық өткізу мен дизенфекциялық нысан ретке келтірілді. Өндіріске қажетті технология Нидерланд, Германия, Ирландия елдерінен алынып, автоматтандырылған жүйеге қосылды. Арнайы 660 бас «голштинофриз» тұқымды қашарларды Венгриядан алдырдық. Бірнеше жыл бұрын тағы осындай 300 бас сиыр Германиядан әкелінді. Мұндай сиырдың біреуі жылына 9000 литрден астам сүт береді. Өңдеу зауыты осындай жүктемемен жұмыс істеп жатыр, – деді серіктестік басшысы Жеңіс Қарабалаев.
Бұған дейін «РЗА» серіктестігі пас­терленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сары май және ірімшік өндірісін жолға қойған. Жергілікті өнімді қазалылық тұтынушылардан басқа Ақтөбе, Маң­ғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыс­тарынан сатып алып отыр.

Бұқаралық спортты дамыту – басты мақсат
Облыс әкімі серіктестік жұмысымен танысқаннан кейін Қашақбай Пірімов атындағы ауылға келіп, көпшілік асыға күтіп жүрген жаңа спорт кешенінің құрылысын көрді. Нысан пайдалануға берілген тұста жүгіру алаңы, футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен ауыл тұрғындары кедергісіз шұғылданатын болады. Бұдан бөлек шығыс жекпе-жегі, бокс сияқты үйірмелерді де қамтитын 350 миллион теңгенің ғимараты биыл пайдалануға берілуі тиіс.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев спорт кешені құрылысынан бөлек, Құмжиек, Қарашеңгел, Басықара ауылдық округ­терін газдандыру бағытында атқа­рылып жатқан тірлік туралы да айтып өтті. Наурыз айында басталған үш ауылға көгілдір отын жеткізу ісі күз жеткенше аяқталады деп жоспарланып отыр.
– Биыл Жалаңтөс батыр ауылында 273, Қашақбай Пірімовтегі 235, ал Басықарадағы 325 тұрғын үйге газ жүргізіледі. Әлеуметтік нысандар да ұмыт қалмайды. Қаржы көлемі 883 миллион теңгені құрайтын құрылысқа жергілікті тұрғындарды тарту көзделген, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев.

Көпшілік күткен көгілдір отын
Өткен айда ғана Құмжиек, Қарашеңгел, Басықара ауылдық округтерін газдандыру жұмысы басталғанын хабарлаған едік. Сол тұста көптен айтылып келе жатқан Қазалы қаласы да осы жылы көгілдір отынмен қамтылатыны айтылған. Міне, көптен күткен күн жетіп, қала тұрғындарының қуанышы еселенді.

Газға қосылған Қазалы қаласындағы жүйелі жұмысты мердігер мекеме «МБК Құрылыс» ЖШС жүргізді. Олар 1 миллиард 26 миллион теңгеден астатын қаржыға 60 шақырымға жуық құбыр желілерін жүргізіп, газ реттегіш құрылғылар орнатты. Осылайша 2020 жылдың соңында лентасы қиылған құрылыс толық аяқталды. Осындай мерейлі күнде қуанышты бөлісуге келген облыс әкімі қала тұрғындарына жылы лебізін жеткізді.
– Бүгін Қазалы қаласы үшін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қосылып жатқан көгілдір отын әрбір отбасыға өзінің жылуымен келсін! Облыста барлық аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласы көгілдір отынға қосылды. Сондай-ақ Сексеуіл, Төретам мен Ақай елді мекенін газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Міне, бүгін Қазалы қаласындағы газдандыру жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Жоба аясында 8 мыңнан астам тұрғын газға қол жеткізеді. Нәтижесінде облыс тұрғын­дарының 65 проценті та­биғи газбен қамтылмақ. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Айтулы күнмен Қазалы қаласы тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың лебізінен соң қазалылық еңбек ардагері Жақсыбай Орынбасаров сөз сөйлеп, ел азаматтары мен құрылысшыларға алғысын айтты. Мұнан соң аймақ басшысы қала тұрғыны Бақытжан Махамбетжановтың үйіне барып, көптен күткен көгілдір отынның берілуін арнайы көрді. Сонымен қатар көтеріңкі көңіл күйдегі отбасыға газ плитасын сыйға тартып, қуанышын еселеді.

Сенімге селкеу түспесін

Мұнан соң Нұрлыбек Мәшбекұлы аудандық актив отырысына қатысты. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында сөз сөйлеген аймақ басшысы жиналғандар алдында ел бірлігінің артуы, өңір өркендеуі жолында халықпен бірлесе жұмыс істейтінін айтты.
– Мен бүгінгі алғашқы жұмыс сапарымды Арал мен Қазалы ауданынан бастап отырмын. Қасиетті Рамазан айында өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Аймақ басшысы ретінде алғаш рет жүздесіп тұрмыз. Жақында ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы маған үлкен сенім білдіріп, туған жеріме қызмет етуге мүмкіндік берді. Ер азамат үшін еліне, оның ішінде туған жеріне қызмет ету үлкен бақыт, зор жауапкершілік. Алаштың анасына баланған Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму жолында сіздердің қолдауларыңызбен аянбай еңбек етіп, осы кезге дейін жинаған тәжірибемді ел игілігіне арнаймын. Алға қойған мақсатымыз айқын. Ол – ел Президентінің сенімінен шығып, жерлестеріміздің алғысын алу.
Сыр өңіріне басшы болып келгеніме қуанып жатқан жерлестерімнің көптігі маған үлген жігер беруде. Осы жолда өздеріңіздей еңбекқор азаматтармен бірлесе Сыр өңірін өркендетіп, республикадағы алдыңғы қатарлы облысқа айналдырсам деймін.
Халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің бірінші кезектегі басты міндетіміз. Қазақта «Біріккен білек жер қопарады» деген дана сөз бар. Туған жерді дамытуға күш біріктіріп, тізе қосып, кесімді пікір мен келелі шешім қабылдау үшін халықпен кеңесіп отырудың орны бөлек. Соңғы уақытта, өздеріңіз жақсы білесіздер, азды-көпті Үкіметте жұмыс жасадық. Көптеген азаматтармен, елге тілеулес басшылармен араластық, жанында жүріп тәжірибе жинадық. Өндірісі дамыған басқа өңірлерді көрдім. Солардың барлығынан жинаған тәжірибені елдің әлеуетін көтеруге жұмсаймыз. Қиындықтар бар, білеміз. Бірақ әр істі ұтымды ұйыстыра білсек ғана оны жеңеміз, – деді жиында аймақ басшысы.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев облыс әкіміне өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар алдағы мақсат-міндеттерге шолу жасап өтті. Отырыс соңында «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов лебізін жеткізіп, Нұрлыбек Мәшбекұлының облыс көлемінде бұрын атқарған жұмыстарына тоқталып, тәжірибесі мен білік-біліміне, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға аянбай еңбек етеріне сенімі зор екендігін атап өтті.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов аудан тұрғындары атынан жылы ықылас білдіріп, жаңа әкімге батасын берді.

Көпір жұмысы қадағалауда
Мұсылман жұрты үшін көпір салу – сауапты істердің үлкені. Қазалы ауданындағы қарқынды тірліктің бірі – «Қарлаң» көпірінің жұмысы екені сөзсіз. Бүгінгі таңға дейін аудан жұртшылығын алаңдатып, ел мен жердің арасын алшақтатып келген көпір жұмысы басталғанда қуанбаған халық кемде-кем десек артық айтқандық емес.
Бұған дейін Сырдария өзені арқылы темірбетонды көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Бүгінде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған құрылыстың жалпы құны 4, 5 млрд теңгеге жуықтап отыр. Қазалыдағы сапары барысында «Қарлаң» учакесінде болған Нұрлыбек Нәлібаев жаңа көпірдің құрылыс жұмысын көрді.
Дарияның арғы бетінде орналасқан «Бірлік», «Өркендеу», «Тасарық», «Лақалы», «Қожабақы», «Бозкөл, «Кәукей» сияқты ауыл халқы мұны көп жылдан бері күтіп жүргені шындық. Енді елді мекендегілердің көктем мен күзгі сең жүру кезінде қиындық көрмейтіні қуантып тұр. Ал экономикалық тиімділігі жағынан өзеннің арғы бетіндегі егістік және балық шаруашылығын дамытуға оң септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ қауіпсіз және тұрақты көлік қатынасымен қатар медициналық жедел жәрдем көрсетуге де оң әсерін бермек.
Сырдария өзені үстіне түсетін көпір ұзындығы 250 метрге жуықтайды. Ені 13 метр, жолы екі жолақты болмақ. Бұған дейін құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, салалық басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған еді. Қазір жеңімпаз болған «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жұмыс жүргізуде. Жұмыс сапарында аймақ басшысы көпірді сапалы әрі дер уақытында аяқтауды жауаптыларға міндеттеді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат


19 сәуір 2022 ж. 417 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031