Тоқтармен кездескен күндер
1991 жыл, 2 қазан. Алматы уақыты 11 сағат 59 минутты соққанда қазақ жігіті Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров Халықаралық экипаждың құрамында сегіз тәуліктік ғарыш сапарына аттанды.
«Ай ортақ, күн ортақ, қара жер ортақ – еліңнен шыққан ер ортақ» дегендей, бұл қазақтың даңқы көкке өрлеп, бөркін аспанға атып, жүрегіміз жарылардай қуанған, ерекше ұмытылмас күн...
Қарапайым отбасында дүниеге келіп, орта мектепті бітіріп, еңбек жолын он бес жасында жүк тиеуші, Теміртаудағы құю-механикалық заводында токарьлықтан бастаған Тоқтардың Ресейдегі Армавир жоғары әскери авиация училищесінің әскери әуе Қорғаныс бөлімін, онан кейін сынақшы-ұшқыштар мектебін оқып бітіріп, сынақ жұмыстарымен айналысуы, қазақ балалары үшін кездесе бермейтін мүмкіндік. Ол онан кейін А.Микоян атындағы тәжірибе-конструкциялық бюросының он алты жыл бойы ұшақ сынаушысы бола жүріп, талай рет өлімге бас тіккен тапсырмаларды мінсіз орындаған. 1988 жылы «МИГ-31» жоюшы ұшағымен әуеде екі мәрте жанармай құю арқылы Солтүстік полюсті кесіп өткен.
Оған әуе күштерінің қатарында қызмет етуде елуден астам ұшақтарды сынау кезіндегі көрсеткен ерліктері үшін 1988 жылы Кеңестер Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» қоса табыс етілген. Қырымда кеме үстіне қонатын әскери ұшақтарда қызмет атқарған. Кеңестер Одағында 1989 жылы алғашқы ауыр ұшақтар тасымалдаушы «Тбилиси» крейсерінің алаңынан дыбыстан жылдам «МИГ-29К» сериялық ұшағын әуеге ойдағыдай көтерген жетістігі әлемдік «Гиннестер кітабына» тіркелген. 1990 жылы Кеңестер Одағының «Еңбегі сіңген ұшқыш-сынақшысы» атағы берілген. Серго Орджоникидзе атындағы Мәскеудің ұшқыштар даярлайтын институтын бітірген.
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1991 жылғы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер орталығында дайындыққа кірісіп, «Союз-ТМ» ғарыш кешенінде ұшу мен «МИР» кешенінде қызмет атқаруға арналған дайындық курсынан өтті. Басқалар жылдап оқып, дайындықтан өтетін сынақтар мен тапсырмаларды небәрі төрт айда меңгеріп, 1991 жылғы 2 қазанда борт-инженер ізденуші «Союз-ТМ» кемесімен ғарышқа ұшты. Бұл жетістігі үшін «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды.
Осылайша аты аңызға айналған Тоқтар Әубәкіров Тәуелсіздік алған елімізге оралғаннан кейін ҚР Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің бірінші орынбасары, Қазақстан Президентінің ғарышты игеру саласындағы көмекшісі, Президент кеңесшісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды. ТМД-да алғашқылардың бірі болып Ұлттық Аэроғарыш Агенттігін құрып, оның бас директоры болды.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Т.О.Әубәкіровке 1994 жылы «Қазақстан Республикасының ғарышкері», 1995 жылы «Халық қаһарманы», 2001 жылы «Ғасыр саңлағы» атақтары беріліп, «Отан» және «Алтын жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Ол Авиацияның генерал-майоры.
Сонымен бірге Т.О.Әубәкіров ХІІ-ХІІІ шақырылған Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Өткен күндерге ой жүгірте отырып, қасиетті халқымызды тағы бір қырынан әлемге танытқан, ертедегі эпостық жырларда айтылатын жанын аямай, елін қорғаған батырларға тән алып денелі, еңсесі биік, ер кеуделі Тоқтармен бірнеше рет кездескенім есіме түсті. Сөйтіп Ғарышкерлер күні қарсаңында қолыма қалам алдым.
* * *
1991 жылдың 24 қарашасы. Қазалы өңірі тарихында мәңгілікке сақталып қалды. Өйткені, отыз жыл бойы сарыла күткен, арманға қол жеткізген қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туған жерге аман-есен оралғаннан кейінгі елу үшінші күні Қазалы жерінің киелі топырағын басып, халықпен кездесті.
Аудан орталығындағы Қашақбай Пірімов көшесі мерекедегідей безендірілген, желбіреген түрлі-түсті жалаушалар, қаз-қатар тігілген үйлер еріксіз көз тартады. Көше бойы көңілдері көтеріңкі халыққа лық толы, арасында көршілес Арал ауданынан келгендер де жүр. Көшенің батыс бөлігіндегі арнайы құрастырылып қойылған кілем жабылған биік сахна мінбесіне ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен қасындағы қосшысы Талғат Мұсабаев көтерілгенде халықтың қуанышында шек болмады. Әрқайсысы қазақтың даңқын асырған Тоқтарды жақыннан көргісі, лебізін есіткісі келеді. Облысымызға келген қонақтарды республика Премьер-Министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков бастап, республикалық, облыстық деңгейдегі бірнеше басшылар, Байқоңыр ғарышқа ұшу айлағының командирі, генерал-лейтенант А.Л.Крыжко, Тоқтар Әубәкіровті ғарышқа ұшуға әзірлеген Социалистік Еңбек Ері, генерал-майор А.А.Шумилин, тағы басқалары болды. Қызмет бабында қонақтарды күтушілер қатарында жүрген маған «Жақсыны көрсең, жанаса жүр» деген ой келіп, қайтсем де Тоқтармен жақын барып, амандасып, қол алысып қалуды мақсат тұттым.
Қазақстанның тұңғыш ғарышкерімен кездесуге арналған салтанатты митингіні халық депутаттары аудандық Кеңесінің және атқару комитетінің төрағасы Жарылқасын Шәріпов ашқан еді. Сонан соң халық депутаттары облыстық Кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтың: «Қызылордаға ғарышкер азаматтарымыз келіп, халықпен кездесті. Сосын біз ақылдаса келіп, ғарышкерлерімізді елдігі, ерлігі, ауызбіршілігі мол Қазалыға әкелуді жөн көрдік», – деп тебірене сөйлегені әлі есімде.
Бір кездері ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке сөз беріліп, ол қазақша сөйлей бастағанда бұрынғыдан бетер ырза болған халық ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті.
– Мен Арал теңізін ғарышта жүргенде көріп, үстінен тәулігіне үш рет ұшып өттім. Сонда мен міндетті түрде Сіздерге келемін, көремін деп уәде бергенмін. Мезгілсіз уақытқа, қарасуыққа қарамай вокзалға шыққан көп халықты көргенде қатты толқыдым, шексіз риза болдым. Көп жасаңыздар, балаларыңның қызығын көріңіздер. Ғарышта Арал теңізі жөнінде көп жұмыс жасадым, алға қойған мақсатымды орындадым. Ол жақта алғандарымыздың бәрін Қазақ КСР Ғылым академиясы зерттеп жатыр. Қорытындысын Алла жазса бірге көретін боламыз, – деп көпшілікке жымия күлімсіреген күйде қол бұлғады.
Қазалылықтар ұлттық дәстүрімізге сай ғарышкерлерге шапан жауып, ат мінгізді. Ақбоз атқа отырып, әрі-бері жүрген Тоқтарды көрген көптің төбесі көкке жеткендей қызыққа батты. Егіз ер балалы болған Ерболат Жүсіпов пен Күнсұлу Махамбетжанованың нәрестелеріне Тоқтар мен Талғаттың есімдері берілді.
– Сенің атың Тоқтар, менің баламсың! – деді құндақтаулы баланы қолына алып, көтерген ол.
Осылайша нөпір халықты аралап жүрген Тоқтардың қарсы алдынан шығып:
– Ассалаумағалейкум, Тоқтар Оңғарбайұлы, қасиетті де киелі Қазалы жеріне келген қадамыңыз құтты болсын, – деп қолынан алдым. Ол да:
– Бауырым қалайсың? – деп салалы саусақтарымен өзіне тартты, айқара құшақтасып қалдық.
Менің бұл ғарышкер Тоқтарды бетпе-бет көріп, бірінші рет кездесуім еді.
* * *
2004 жылғы тамыз айы. Қызмет бабында облыс орталығына іссапармен барғанымда, 19 қыркүйекте өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға №244 Қызылорда сайлау округінен кандидаттардың сайлаушылармен кездесуіне қатыстым. Өйткені, депутаттыққа кандидаттардың бірі – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров екен. Өзімше:
– Тоқтарға кім тең келеді. Қазақтың атын әлемге танытып жүрген тұңғыш ғарышкерімізге дауыс беру, оны депутат етіп сайлау қызылордалықтар үшін мақтаныш емес пе?! – деймін мен.
Бірнеше адам бағын сынап жатқан депутаттыққа кандидаттардың сайлаушылармен жүздесу жиынына барғанымда өмірде бәрі басқаша екеніне таңдандым. Мансапқұмарлық дегенді қойсайшы, ешкім шегінер емес. Бәрі де халық қалаулысы болғысы келеді.
Сайлаушыларды қызықтыратын сұрақтар көп. Тұңғыш ғарышкер байсалды қалыпта, күлімдеген күйінде нақты жауап береді. Әсіресе, орысша оқып, өмір бойы Ресейде жұмыс жасап, бүгінгі күні қазақ тілінде сайрап отырған Тоқтардан сырын білгісі келеді.
– Егер менде намыс болмаса, қазақ тілін үйренбес едім. Үйренемін деп өзіме-өзім серт бердім. Мен қазақпын! Өз ана тілімде ойламасам, менің кім болғаным. Елге келген соң қазақша білмейтініме қатты намыстандым. Күнде өзімді тәрбиелеуді қолға алдым. Құпиямды айтайын, мен қазақ тілін өлең оқу арқылы үйрендім, – деді ол. – Басқа тілді үйрен, бірақ ең бірінші қазақ тілін – өз тіліңді біл. Қазақша сөйлегісі келмейтін қазақтарды өз-өздеріне қарсы адамдар деп ойлаймын.
Кездесу соңында Тоқтарға барып амандастым. Сәттілік тіледім, қызылордалықтар Сізге дауыс береді, қам жемеңіз, – дедім қолын алып тұрып.
– Рахмет, бауырым, – деді ол жай ғана күлімсіреген күйде.
Атағы аңызға айналған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров алғашқы дауыс беруде сайланбай, 2004 жылғы 3 қазандағы қайта сайлауда Парламент Мәжілісіне депутаттыққа сайланғанында намыстан жерге кіргендей болдым. Сайлау науқаны кезінде дауылпаз ақын Мұхтар Шахановтың:
Тоқтар, Тоқтар, інім-досым, өренім,
Тұңғыш ұлттық ғарышкерім сен едің.
Нар жігітсің шыншыл рухты, шырайлы,
Сен құласаң қазақ даңқы құлайды, – деп жырлағаны да бар.
2005 жылдың қаңтарында Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровке Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануымен құттықтап, хат жолдадым.
Онда қазақтың тұңғыш ғарышкері атанып, елімізді аралағанда Қазалы ауданында да болғандығын айтып, бүкіл аудан халқы атынан ризашылығымды білдірдім. Сонымен бірге аудан орталығы – Әйтеке би кентінде Тоқтар Әубәкіров атындағы көше барын, онда 122 отбасында 850 адам тұратындығына тоқтала келе, депутаттық қызметіне табыстар тіледім.
* * *
Сәті түсіп, 2005 жылдың шілде айында ҚР Әлеуметтік қорғау министрлігіне білім көтеру курсына бардым. Арасында ғарышкер, депутат Тоқтармен кездесуге бекіндім. Қолымда аудан әкімінің, Ұзақбай Қарамановтың жеке өзіне тапсыруға берген хаты бар. Парламент үйіне іздеп бардым. Сегізінші қабатқа көтеріліп, жағалап келе жатсам «Тоқтар Әубәкіров, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі» деген жазуға көзім түсті. 805-ші бөлме екен. Негізгі жұмысымды бітірген соң, қайтып келіп, өзім көрген есікті имене ашып едім, орта бойлы жас жігіт қарсы алды.
– Айналайын, Тоқтар Оңғарбайұлы бар ма, кездессем деп едім, – деген өтінішімді жеткіздім.
– Мен көмекшісімін. Қазір келуі керек. Отырыңыз, – деді.
Көп күттірмей, Тоқтар да кіріп келді. Амандасып, есігі ашық тұрған бөлмесіне өтіп кетті. Аядай ғана шағын бөлме екен, қарсы қарап отырысымен шыр-шыр еткен телефон трубкасын көтеріп, тыңдады. Риза еместігі аракідік естілген жауабынан сезіліп тұр. Бір кезде:
– Неге түсінбейсіңдер, олай болмайды, мен келісе алмаймын. Бұл ұлтымыздың мәселесі ғой, қайта-қайта қоймайсыңдар, ертең халыққа не дейміз, – деп қатуланған күйде сөзін аяқтады.
«Буырқанып, бусанып, мұздай темір құрсанып» дейтін батырлар бейнесі көз адыма елестегендей болды. Көмекші жігіт барып шықты да:
– Кіре беріңіз, – деді.
Тағы да қол алысып, қапталдай қойған орындыққа отыра кеттім.
– Қандай шаруамен келдіңіз? – деді, манағы ызғарлы кейпі өзгеріп, маған күлімдеп.
– Қызмет бабымен Қызылорда облысының Қазалы ауданынан келген едім. Өткенде арнайы хат жазып, құттықтағанмын. Сәлем бергеннен басқа жұмысым жоқ.
– Әдетте, келгендер арыз-шағым айтушы еді, – деді таңдана қарап.
Үстелінің оң жақ тартпасын ашып, менің хатымды алды. Көзіме оттай басылды.
– Ой, рахмет бауырым! Рахмет, Сіздерге, ризамын, – деді жүзі жайнай түсіп.
– Дауысыңыз қатты шықты ғой, шенеуніктердің саясатын түсіну қиын ба? – дедім.
– Айтпаңыз. Болмайтын нәрсені айта береді, саясат дейді. Ертең Парламенттің Мәжілісі, әлі заң жобаларын қарап үлгергенім жоқ. Кезіндегі ұсыныс-пікірлеріміз ескерілді ме? Оған қарамайды, босқа келісім сұрай береді.
Мен мемлекеттік қызметте жүргенде талай идеялар айттым, қолтаңбам қалды, солар жалғасын тауып, кәдеге асып жатыр. Елбасымен бірге жұмыс жасау мен үшін қызғылықты болды. Сенің ойыңды дәл біліп, тамаша пікір ұсына біледі, өзіне тез баурап алады. Бірақ, өкінішке орай, Президенттің төңірегіндегі кейбір шенеуніктердің қызметі менің көңілімнен шықпады. Мен құрметтейтіндей салмағы болған жоқ. Сондықтан да мен қызметтен кетуге шешім қабылдағанмын, – деп ренішті кейіппен басын шайқай берді.
– Сонда қалай, әлемдік тәжірибеңіз мол мамансыз, ғарыш саласындағы қызметтерге бармайсыз ба? – деймін.
– Бауырым-ау, оған кім шақырып жатыр? Қазір заң жүзінде зейнеткермін. Сондықтан мені оған жібермейді. Кейде ақыл-кеңес сұрап келетіндер бар, олардан көмегімді аяған емеспін. Енді Парламенттегі депутаттармен жұмыс мынау. Ұлттық мәселелерге бет бұрғызу маған жердің тартылыс күшін жеңуден де қиын болып тұр, – деп күле қарады.
– Тоқтар Оңғарбайұлы, Сіздің алтын уақытыңызды алғаныма кешірім сұраймын. Мен үшін әр кездескенде өмір жолыңызбен кеңірек танысқан үлкен мәртебе, қуаныш. Өз ортамызда айта-айта жүреміз, – деп орнымнан тұра бастадым.
Ол екінші тартпадан шығарған аспан түстес көгілдір мұқабалы кітапты қолына алып:
– Мына кітапты оқыңыз, көп нәрсеге көзіңіз жетеді. Мен өзімді насихаттайын деп жаздырғаным жоқ, өтініш білдірген соң келісімімді бергенмін. Мұнда бәрі бар. Кітап өзіме ұнады. Менің Қызылордадағы штабым әлі жұмыс жасайды. Сондағы сайлаушыларыма тегін тараттым, – деп маған ұстата беріп, қолымды қысты.
Мұқабасында «Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» деп жазылған, айбатты суреті тұр. Авторы – Талғат Сүйінбай екен. Мен мәз болған күйде батырмен қимай қоштастым.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі