Қоғамдық игіліктер қозғаушысы
Жұма күні аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Әйел – қоғамдық игіліктердің қозғаушысы» тақырыбында аудандық форум өтті.
Еркін форматта өткен шарада аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов форумның ашылуымен құттықтап, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың ыстық ықыласын жеткізді.
Сөзін форум жұмысына сәттілік тілеумен бастаған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова қазіргі ахуал мен Қазалыдағы қыз-келіншектер белсенділігі жылдан-жылға артып келе жатқандығын нақты сандар арқылы сөйлетті.
Өз актуалдығын көрсетіп отырған «Қоғамның тұрақтылығын сақтаудағы әйелдердің рөлі» тақырыбында құрылтай мүшесі, Қазалы ауданының психологиялық медициналық-педагогикалық консультация кабинетінің басшысы Айгүл Тілеумбетова хабарлама жасады.
Ол өз сөзінде билік пен қоғам арасын байланыстырудағы әйелдің рөлін көтеру идеологиясы бұрыннан барын айтып, тұрақтылық пен татулыққа тірек болар аналардың моральдық құндылық пен әлеуметтік жағдайға басымдылық беріп кеткендігін айтты. Бұл орайда әйелдердің білім-біліктіліктерін көтеру арқылы тұрақтылық пен сенімге жол ашуға болатынын жеткізді.
Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру туралы «Қазалы ауданының құрметті азаматы», Бекарыстан би ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Құралай Бекжанова сөз қозғады.
Ардагер ұстаз ұлт тұтастығы иман, ұяттан, мықты мемлекет тірегі отбасы екендігін айтып өтті. Сондай-ақ қоғамды дендеген масылдықтан арылудың жолы жайын, қимылдаған құр қалмайтынын тілге тиек етті.
Мал шаруашылығын дамыту арқылы тәжірибесімен Ғ.Мұратбаев ауылының жеке шаруа қожалығының төрайымы Гүлсім Бодықова бөлісті.
Жер емген ару тұрмысын тіктеп қана қоймай, шаруасы денсаулығына оң ықпалын тигізген. Жаз мезгілінде гектарлап бақша егіп, асыл тұқымды мал өсіру мен құнарлы тамақ ішудің денсаулыққа пайдасы жөнінде сөз қозғаған нәзікжанды өзі қолданған амалды өзгелерге де тұтынуға кеңес берді.
Республикалық әйелдер форумына қатысып қайтқан қаржы саласына ұзақ жыл тер төккен Гүлнар Есекеева жаңашылдыққа бой ұру – уақыт талабына ілесудің бірден-бір жолы екендігіне бағыттады. «Coca-Cola» компаниясының «Coca-Cola Белестері», сонымен бірге «Бір ауыл – бір жоба» атты жобалардың тиімділігі, қолжетімділігін айтып, сол арқылы кәсібін кеңейтуге болатынын жеткізді. Гүлнар Бақбергенқызы қаржылық сауаттылық туралы кеңес беруге ықыластылығын да жасырмады.
Бұл күні аудандағы Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілі «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие және сүйемелдеу жұмыстары туралы кеңес беріп, шарттарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Форум аясында Қызылорда облысы әйелдеріне Үндеу қабылданды.
Құрметті қонақтар қатарынан табылған Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова елде, облыста қолға алынған гендерлік саясатты қолдау, демографиялық жағдайды жақсартуға бағытталған саясат, жүзеге асылып жатқан игілікті істермен хабардар етті. ХХІ ғасыр қазақ әйелінен отбасы мен қоғам жүгін қатар, үндестікте ұстай алуды талап ететіне баса тоқталды.
Сондай-ақ Райкүл Мансұрқызы аудан аруларының форумына оң баға беріп, олардың қанатқақты бастамаларын аймақ әйелдеріне жеткізетінін атап, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Басқосуға жиналғандар өзара емен-жарқын тілдесіп, жеткен жетістіктерінің сыры, кәсіпкерлік тұрғыдан алған тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңында белсенділігімен дараланған үздік қыз-келіншектерге аудан әкімдігінінің, облыстық әйелдер кеңесінің Алғыс хаты табысталды.
Алтын МЕЙІРХАНОВА