Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 8 наурызға арналған пайдалы әрі ерекше сыйлықтар

8 наурызға арналған пайдалы әрі ерекше сыйлықтар

Табиғат жанашырлары мереке күндері қоршаған ортаға зиян тимегенін қалайды. Сондықтан олар әрдайым экология жағынан тиімді сыйлық бергісі келеді. Zakon.kz сайты 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күнінде беруге болатын экосыйлықтар тізімін ұсынады.

Сертификат

Мереке күндері әдеттегі уақыттан көбірек қоқыс шығады. Гүлдің сыртындағы орамасы, сыйлықтың қорабы, одан қалса пластик ыдыстар деген сияқты заттар мерекеден соң қоқысқа кетеді. Оның біразы өңделмейтін материалдардан жасалады. Сондықтан сыйлықты да қоршаған ортаға зиянын тигізбей беруді әдетке айналдырған жөн.
Қалдықсыз сыйлықтың таптырмас түрі – сертификаттар. Мысалы, демалыс орнына абонемент, фитнеске бір айлық абонемент, сол адамның сүйікті дүкеніне сертификат, театрға немесе концертке билет сыйлауға болады. Бұл жақыныңыздың сергуіне, бір сәт бой жазып қайтуына жәрдемдеседі. Ол адамға қолданбайтын затты сыйлағаннан гөрі қалаған затын алуға мүмкіндік берген дұрысырақ. Тіпті сертификатты электронды түрде алуға болады.
сертификат

Ұзақ пайдалануға болатын заттар

Экобелсенділер Zero waste қағидасын қолдайды. Zero waste немесе «нөл қалдық» қағидасы бойынша кейбір адамдар шынымен де қалдық шығармай өмір сүру салтын ұстанады. Ол дегеніміз тағамнан қалған пластик, шыны, алюминий сияқты материалдарды қайта өңдеуге өткізу, тауарды көп сатып алудан, яғни тұтынушылықтан бас тарту, қалдығы қайта өңделмейтін заттарды пайдаланбау және тағы басқа. Демек бұл қағиданың негізгі ережелерінің бірі – бір рет қана қолданылатын заттар орнына көп рет пайдалануға болатын дүниелерді алу. Себебі бірреттік заттар аздан соң қоқыс палигонына кетеді. Ал біраз жыл пайдалануға жарайтын дүние адамға ұзақ қызмет етеді.
Ұзақ пайдалануға жарайтын дүние алғанда шектеу жоқ. Тек оның сыртын қайта-қайта орай беруден аулақ болыңыз. Сыйлықты шоперге немесе орамалға салып беруге болады. Шоперді дүкенге барғанда, ал орамалды қажетіне жаратады.
сыйлық

Қайта өңделген материалдан жасалған заттар

Бүгінде дүниежүзі пластик қалдықтардың көп шығатынын айтып, дабыл қағып жатыр. Мұндайда таптырмас амал – пластикті қайта өңдеу. Әлемде, соның ішінде Қазақстанда да пластикті қайта өңдеп, одан жиһаз, тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар жасап жүрген компаниялар бар. Дәл осы заттарды сыйлыққа берсеңіз, табиғат жанашырлары қуанып қалады. Сонымен қатар қайта өңделген қораптар, өңделген матадан тігілген басқа да бұйымдарды табуға болады. Мұндайда қаладағы экодүкендер көмектеседі.
сыйлық

Тағам мен жеміс-жидек

Көкөніс пен жеміс-жидектен тек органикалық қалдық қалады. Ал органика топырақта тез шіріп кетеді. Сондықтан балғын жемісті де, кепкен жемісті де қорапқа әдемілеп салып, сәлемдеме түрінде жіберуге болады. Тек мұндай тосынсыйды дайындағанда да оны пластикке ораудан аулақ болған жөн. Сонымен қатар тәтті тағамдар сыйлауға, ресторанға шақыруға, диеталық тағамға сертификат беруге болады.
тағам

Экологиялық заттар

Кез келген ұзақ пайдаланылатын затты экотауарлар қатарына жатқызуға болады. Оның кең таралған түрлері: шопер, шыны немесе алюминий бөтелке, темір контейнер, ағаштан жасалған тіс щеткасы, көп қолдануға арналған матадан тігілген маска, темір трубочка, сөмкеге салып жүруге болатын қасық пен шанышқы, беттерін бірнеше рет қолдануға болатын блокнот және тағы басқа. Дәл осы заттармен қоса экологиялық косметикалар мен артық қоспаларсыз күтім заттарын сыйлай аласыз.
экозаттар

Экосыйлық таңдағанда не нәрсеге назар аудару қажет?

  • Экобелсенділер жануар терісінен тігілген тон мен цирк немесе дельфинарийге билет сыйлауды құптамайды. Себебі жануарлар да – қоршаған ортаның бір мүшесі. Оның орнына мақта-матадан жасалған тонды таңдауға болады. Цирк орнына табиғатта демалыс ұйымдастырған абзал.
  • Гүл мен сыйлықты пластикпен немесе қағазбен орай бермеген жөн. Гүлді де, сыйлықты да лентаға байлап ұсынуға болады. Себебі гүл сыртын орайтын пластик қайта өңделмейді. Егер алған затыңыз сыртын сәндемей-ақ беруге жараса, дәл сол қалпы ұсыныңыз. Болмаған жағдайда орамалға орауға болады.
  • Сонымен қатар гүл орнына бөлме өсімдігін берген тиімдірек. Ол үйге сән береді, ауаны тазартып тұрады.
  • Сыйлық таңдағанда отандық өнімдерге назар аударған дұрыс. Оның бір себебі – шетелден келетін тауардың әуемен немесе транспортпен тасымалдануы. Ал көліктен ауаға зиян заттар тарайды. Сонымен қатар тауарға онлайн тапсырыс бермей, дүкеннен алғаныңыз жөн.
05 наурыз 2022 ж. 382 0

Елдік – ерге ұран

09 мамыр 2024 ж. 31

Жас сарбаздар сайысты

08 мамыр 2024 ж. 86

Соғыстың соңғы сарбазы

07 мамыр 2024 ж. 104

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 104

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 105

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 108

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031