Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық «Бенджамин Баттон»: Әр баланың өз ерекшелігі болады

Қазақстандық «Бенджамин Баттон»: Әр баланың өз ерекшелігі болады

Алғашында жаңа туған Ернарға «бастапқы гипотиреоз», «пневмобриоз» диагноздары қойылды. Бір жасқа толғанда баланың терісінде әжімдер пайда болып, «сусымалы тері синдромы» диагнозы тағы қосылған. Екі жасында сәбидің тыныс алуы қиындап, тексеру барысында «Бастапқы иммун тапшылығы» анықталған. Иммунитеттің төмендігінен Ернардың шаң мен қылшыққа аллергиясы өрши түскен. Құдды бір «Бенджамин Баттонның жұмбақ өмірі» атты голливудтық фильм желісі өмірде қайталанып жатқандай. Ернардың денсаулығы туралы «ҚазАқпарат» ХАА  өткен жылы көлемді материал жариялаған болатын. Арада бір жыл өткен соң, агенттік тілшісі Ернардың анасына хабарласып, баланың қазіргі жағдайын сұрап-білген еді.


«Ернардың жағдайы бірқалыпты, әзірге еш өзгеріс жоқ. Дәрігерлер емделмейді деп диагноз қойған болатын. Бірақ, медицина күн санап дамып келеді, болашақта емі табылар деген үмітіміз үзілген жоқ», - дейді Ернардың анасы Зебинса Төлебергенова.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан Ернарға айтарлықтай көмек көрсетіліп тұрады.    «Бұрынғы министр (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі - ред.) Тамара Дүйсенованың көмегімен 74 мың теңге тұратын «Гамонорм» препаратын тегін алып едік. Оны апта сайын бір флаконын терінің астына егіп тұру керек. Соңғы рет желтоқсан айында алған препаратымыз бітуге таяды. Министрлік әрі қарай да қамтамасыз ететін шығар. Одан бөлек емханалардан демікпе, өкпеге байланысты тегін дәрілер аламыз, Бурабайдағы санаторийге жолдамамен жібереді. Қазір Лесозаводта 49 мектептегі №1 оңалту орталығына барып жүрміз. Ондағы дефектологтар мен логопедтер Ернардың үлгерімін мақтайды», - дейді анасы. Сонымен бірге, З. Төлебергенова Ернардың дамып-жетілу жағынан қалыпты балалардан айырмашылығы жоқ екенін атап өтті.


«Ернардың ақыл-ойында, сөйлеуінде дефект жоқ. Аяғын уақытында басты, тілі уақытында шықты, тамағын өзі жейді. Қазақша да, орысша да таза сөйлейді. Ағылшын тілінде де базалық сөздерді біледі. Шахмат, дойбы, нарды ойнағанда әкесін жеңіп кетеді. Жүзден асырып санайды, адамдармен тез тіл табысады. Тек жиі ауыра берген соң, адамдардың арасына шығаруға қорқамын. Балабақшаға да беруге жүрексіндім», - дейді Ернардың анасы. Ернардың әрбір күні түрлі емдік процедуралармен басталады. Ингаляция жасау, дәрі ішу, гимнастика және массажды күнделікті жасау міндеттелген. Ауа райы жылы болса, Ернар аулада серуендегенді ұнатады. Алайда, соңғы кездері Ернар өз келбетінің басқа балалардан өзгеше екенін ұғынып,  сұрақ қоя бастаған көрінеді.  «Бірге өскендіктен болар, ауладағы балалар Ернарды бөліп-жармайды. Әйтсе де, ара-тұра көшеде ұлымды саусақпен көрсететіндер кездеседі. Өзі де айнаға ұзақ қарап, «Менің түрім неге басқаша?» деп сұрайтын болды. «Әр баланың өз ерекшелігі бар. Сен де ешкімге ұқсамайтын ерекшесің» деп жұбатқандай боламыз.


«Өскенде барлық аурудан жазылам ба?» деп сұрағанда, не айтарымызды білмейміз. Қазір оңалту орталығында әр түрлі баланы көріп жүр ғой, «Мама, мен түсіндім. Сөйлей алмайтын балалар бар, жүре алмайтын балалар бар. Әр баланың өз ерекшелігі болады екен» деп келді». Келесі жылы Ернар жеті жасқа толады. Денсаулығы мүмкіндік берсе, оны ата-анасы қатардағы мектепке беруді армандайды. Сонымен бірге, баланың ақыл-ойы мен денсаулығына пайдалы шахмат пен жүзу үйірмесіне қатыстыруды да жоспарлап жүр.
07 сәуір 2018 ж. 1 410 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 74

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930