Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік отбасы-есірткіден алыс!

Берік отбасы-есірткіден алыс!

Салем, сәлем, достар! Бұл біздің Ильясовтар отбасы. «Берік отбасы-есірткіден алыс!» атты үндеуімізді жолдаймыз. Біздің әулет, қаламыздағы тәрбиелі, өнегелі, іргелі шаңырақтардың бірі. Біздің әулетіміз үлгілі, тәртіпті, өнерлі ұрпақтарымен мақтанады. Мен және менің бауырларым сабақты өте жақсы оқимыз, зиянды әдеттерден аулақ жүреміз!
Иә, біздің отбасымызда зиянды әдеттерге жол жоқ! Ата-анамыз үнемі ішімдіктің, шылымның, есірткі заттарының біздің жас, балғын ағзамызға орасан зор зиян тигізетінін айтып отырады. Сонымен қатар, бұл заттар біздің жүйелі білім алуымызға, адам болып қалыптасуымызға, бақытты өмір сүруімізге кедергі келтіреді. Біз мұның бәрін жақсы түсінеміз, ата-анамызды қолдаймыз, есірткіге «ЖОҚ» дейміз.
Біз бақытты отбасымыз, себебі әкеміз бен анамыз шылым шекпейді, ішімдік ішпейді, есірткі қолданбайды. Әйтсе де, есірткі заттары және оның зияны туралы бізге түсіндіріп отырады. Біз ешқашан есірткі заттарын қолданбаймыз. Достым, сені де мұндай зиян әдеттерге әуес болмауға шақырамын. Өмірге сасық түтінмен сандалған ессіз көзбен емес, ашық жарқын, келешекке ұмтылған отты көзбен қара демекпін. Күмән мен күдікті ысырып тастап, мақсат пен үмітке жол аша біл. Біз салауатты өмірді қолдаймыз, достарым, сіздерді де осынау бақытты өмірге шақырамыз!
Ана жүрегі қашанда балаға тек жақсылық тілейді. Баласының қиналғанын анасы ешқашан көргісі келмейді. Аты өшкір сұм есірткі қаншама ананы зар жылатып, бауыр еті баласынан айырды. Балаларым, айналайын сендер де менің баламсыңдар әуес болмаңдар есірткіге, уламаңдар саналарыңды, жылатпаңдар аналарыңды. Сендерге бір жамандық болса аналарыңның қалай қайғыратынын білесіңдер ме? Бұл өмірдің қандай керемет екенін ұғасыңдар ма? Өмірлерің алда, бақытты шақтарыңды зор денсаулықпен қарсы алыңдар!
Міне, бүгін тағы бір отбасы есірткінің қанды шеңгелінен шыға алмай ойран болды, есірткіге еліткен отағасы жан жарын, балаларының анасын өлімші халге жеткізіпті. Өкініштісі, қазіргі уақытта сан алуан жолмен жасалған есірткі түрлерінің қара нарықта таралымы артып барады. Есірткі тарату, сақтау, пайдалану заңмен жазаланады. Қылмыс жасап құрықталып, темір торға тоғытылғандардың саны қаншама. Мені әкем зиянды әдеттерден тиып өсірді, өз кезегімде мен де балаларымның шылым шегуіне, ішімдік ішуіне, есірткі тұтынуына жол бермеймін. Әулетіміздің атына кір келтірмей, рухын асқақтататын ұрпақ тәрбиелеймін. Досым, еліміздің болашағы біздің балаларымыздың қолында. Олай болса, кел бірлесе отырып салауатты ұрпақ тәрбиелейік, бұл біздің отан адындағы парызымыз. Шалыс басқан замандасымыз болса, оң жолға бағыттайық. Отбасымызға бақытты өмір сыйлайық. Нашақорлықтың түп тамырына балта шабайық!
#есірткігеқарсы, #противнаркотиков
Қазалы қаласындағы №17 мектеп Ильясовтар отбасы


14 ақпан 2022 ж. 679 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031