Халық санағына қатыспай қойғандарға айыппұл салына ма?
Қазақстанда халық санағы аяқталуға жақын. Жеке деректерін беруден бас тартқаны үшін азаматтарға айыппұл салына ма деген сауалға Ұлттық статистика бюросы жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халық санағы 1 қыркүйекте басталды. Оған қазақстандықтар "онлайн" режимінде де, дәстүрлі тәсілмен де қатысты.
1 қарашада бақылау мақсатында аралау басталды, ол 8 қарашаға дейін жалғасады.
Айта кетейік, заңнамада алғашқы статистикалық деректерді, оның ішінде халық санағы кезінде ұсынбағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл әлемдік тәжірибе. Қазақстанда бұл норма ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 497-бабында жазылған. Бұл статистика органдары тарапынан қандай да бір қысым көрсетілетінін білдірмейді. Себебі, респонденттерді жауапқа тарту емес, жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы барлық азаматтарды сауалнамамен қамту мақсаты қойылып отыр. Сонымен қатар, сұхбат алушылардың алдында респондентке халық санағының маңыздылығы туралы түсіндіру міндеті тұрды, - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазақстандағы халық санағы осымен үшінші рет өткізіліп отыр.
Бұрынғы халық санақтарының нәтижелері бойынша ешбір респондент қандай да бір жауапкершілікке тартылған жоқ, деп нақтылады Ұлттық статистика бюросы.