Қоқыс контейнері қашан реттеледі?
Алыстан келген ағайын мен тіршілік етіп отырған тұрғындар үшін ауданның айнасы да, өңірдің даму жағдайын көрсетер келбеті де – кент. Жыл сайын жаңа нысандар қосылып, жаңалығы көбейгені елге қуаныш. Өзгерістер жаңа тыныс сыйлағанымен, кенттің күнделікті тазалығы әр тұрғынның тілегі, қоғамның талабы десек артық емес. Әйтеке би кенті әкімі аппаратының атсалысуымен аудан орталығына күн сайын санитарлық-тазалық шарасы жүргізілді. Соған қарамастан соңғы уақытта кент көркін қашыратын контейнерлердің уақытылы тазаланбайтыны, кешіктіріліп тазалатыны көпке мәлім. Әлеуметтік желіде кент тұрғындары аталған мәселеге қатысты пікір жазып, жанайқайын жеткізуде.
Рәбиға Қарымсақова есімді тұрғын: «Қоқыстар уақытында алынбайды. Көрші үйдікі желмен ұшып, біздің үй жаққа келеді. Амал жоқ, жыйып өртеп жіберемін», – десе, Жаңагүл есімді келіншек: «Соңғы кезде қоқысты алу үшін екі аптада бір телефонмен хабарласып, өзіміз шақырып алдыртатын болдық. Оңай жұмыс емес, әрине. Бірақ халыққа қызмет ететіндіктен, жауапкершілікті сезіну керек», –деп шағымданған.
Көше тазалығы көптің абыройы екенін ескерсек, кент келбетін бұзар қоқыс контейнерлеріне кім жауапты? Арнайы сала мамандары аудан үшін маңызды мәселеде жауапкершілік жүгін сезінбей жүр ме?
Кенттің тазалығына, қоқыс контейнерлеріне жауапты мекеме «Көркем сервис» ЖШС директоры Дәулетбек Тұяқбаевпен тікелей хабарласқанда: «Жалпы ауданда жеке кәсіпкерлер мен тұрғындарды қосқанда 900-дей контейнер бар. Оның 600-і тұрғындарға тиесілі. Қоқыс контейнері күнделікті жұмыс тәртібін қажет етеді.
Өкінішке қарай, он күннен бері бізде контейнерге қажет техника бұзылып, тек бір машина ғана қалды. Күніне 120-130 контейнерді тазарту керек. Жалғыз техника оған қауқарсыз. Сондықтан тұрғындар түсіністік танытуы тиіс. Қажетті құралдар сатып алынуда, бұйырса қазанның алтысынан бастап барлық техника іске қосылып, кент тазалығы тұрақты назарда болмақ. Әрі біздегі машинаның көбісі ескірген», – дейді.
Дина БӨКЕБАЙ