Жалған хабар таратса 15 млн теңге айыппұл немесе бес жылға дейін сотталады
Бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқандар қатаң жазаланады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев құқық қорғау органдарында мұндай қылмыстармен күресуге барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады. Қылмыстардың 90 пайыздан астамы "ізі суымай" келесі тәулікте ашылды,— дейді ол.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, соңғы он жылда осы санаттағы қылмыс едәуір азайған.
Атап айтқанда, 2011 жылы 123 факті тіркелген болса, былтыр 50 дерек тіркелген. Биыл 8 ай ішінде 52 қылмыстық іс тіркеліп, оның 28-і сотқа жолданды. Қазіргі уақытта 16 адамға сот үкімі шығарылды,— дейді Дархан Разуев.
Оның айтуынша, Қазақстанда терроризм актісі туралы көпе-көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (14,5 миллион теңге) немесе осы көлемде еңбекпен түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады.
"Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толғандардан бастап қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары білуі тиіс. Сонымен қатар осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығын өтелуі тиіс. Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды ата-анасы өтейді", — деді департамент басшысының орынбасары.