Зағип жандарға берілген ұялы телефондар кері қайтарылды
Техникалық ерекшеліктерге сәйкес көру қабілеті төмен азаматтарға үлестірілген телефондарда міндетті түрде сөйлеу синтезі орнатылуы тиіс. Алайда, аймақтағы зағип жандарға берілген байланыс құралдарында бұл жүйе болмаған. Осыған сәйкес, өнім берушімен 2 тәулік ішінде әрбір телефон ашылып, ғаламторға қосылған SIM-карта салынып, сөйлеу синтезі орнатылып, жеткізілген. Дегенмен, телефондарды пайдалану барысында ақау байқалған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, "Қызылорда облысының мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмадиллаев, І топ көз мүгедегі Алтынкүл Сыдықова мәлімдеді.
"Өткен жылдың шілде айында әрқайсысының құны 125,0 мың теңгеден болатын 160 тифлотехникалық құрал - дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұтқыр телефонды мемлекеттік сатып алуға облыстық бюджет есебінен 20,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Өткізілген аукционға барлығы 8 өнім беруші қатысты. 12.09.2017 жылғы хаттамаға сәйкес әр телефонның бағасы 33500 теңгеден 160 дана барлығы 5,3 млн. теңгеге «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорыны» мекемесі жеңімпаз деп танылды", - деп мәлімдеді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т. Дүйсебаев.
Үнемделген 14 млн 700 мың теңге 2017 жылдың қараша айында бюджетке қайтарылған.
"Ұялы телефондар желтоқсанда таратылды. Ақпан айында кері қайтардым. Себебі, телефон жарамсыз болды. Бұл жерде аукционда жеңімпаз болған өнім беруші тарапынан сапасыз дүние болғаны өкінішті", - деді І топ мүгедегі А. Сыдықова.
Осылайша, кері қайтарылған 135 телефонның 103 данасы жарамсыз деп танылған.
"Осыған орай, 12.03.2018 жылы мамандандырылған мекеме - «Гранд» жеке кәсіпкерінің «5 элемент» сервис орталығымен телефондардың сапасы мен жарамдылығына сараптамалық қорытынды беру мақсатында шарт жасалды. Аталған сервис орталығынан әрбір телефонның сапасы мен жарамдылығына қорытынды алынғаннан кейін сот органдарына талап арыз жолданатын болады. Бұл басқарма тарапынан зағип жандарға беріліп отырған алғашқы телефондар. Алдағы уақытта мұндай олқылық қайталанбас үшін комиссия құрамына мүгедектер, зағип жандардан өкілдерді енгізуді жоспарлап отырмыз",- деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т. Дүйсебаев.
Өңірлік Коммуникациялар қызметі.