Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың сыйы – Сарыарқаға

Сырдың сыйы – Сарыарқаға

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының Алматы облысымен бірігіп өткізетін жәрмеңкесі 11-12 қыркүйек күндері «Хан шатыры» сауда орталығының жанында өтеді деген хабарды естігелі, асыға күтіп жүргенбіз. Астанадағы кешелі бергі ұйтқып соққан желдің арты таң атпай (таң атпай деймін-ау, түнімен де жауғанға ұқсайды) нөсерлеткен жаңбырға ұласты дейсің. Әлдеқашан астаналық болып кетсе де туған өлкенің дәмін сағынған жұртқа бұл кедергі болмаса керек. Солай болып шықты, жаңбырдың астымен жүрген жұрттың қарасы біршама көрінді.
Сауданың көбі Сыр бойының атақты ақ маржанының маңайында екен. Қапшық-қапшығымен алып, сүйретіп те, арқалап та, арбаға салып та жатқандар бар. Қызылорда облысының басты бірендісінің бір осы ақталған күріштен кейінгі жәрмеңкенің көркін дәмі тіл үйретін қауын-қарбыздар, асқабақтар келтіріп тұр. Ұзын-сопақ, сары ала әміре дейсің бе, күләбі, әңгелек дейсің бе, аяқ алып жүре алмайсың. Берекенің бәрі аяқ астында, еңкейіп тере бер, тек ақшасын беріп кетсеңіз болды. Қазіргі сән бойынша буат-буат ақша ұстамай-ақ, қалта телефоныңыздан аудара салсаңыз да жетіп жатыр.
Күрішті де алып жатырмыз, қауынның да неше түрін арбаға салдық, келіншегіміз Қазалының кәмпитін іздеп кетіп, оны да тауып әкелді. Оң жақ бөліктегі Алматы облысының жәрмеңкесі де Алатаудың етегінен келген жеміс-жидегімен елді өзіне тартып тұр.
Оқиғаның ортасында жүрсек, жұрттың ойын білмек болып сұқбат алатын әдетім қалмаған. Ең әуелі іздегеніміз жәрмеңкеге жауапты жігіттер еді. Іздегенге сұраған дегендей, өзімізге де, Сыр бойына да жақсы таныс інішегіміз алдымыздан шыға келді.
Қызылорда қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Жәнібекұлы Әбдірасыловтың айтуынша, облыстан жәрмеңкеге 100 тонна ақталған күріш, 20 тонна балық және балық өнімдері, 50 тонна асқабақ, 150 тонна бақша, 45 тонна көкөніс пен жеміс, 10 тонна ет пен шұжық өнімдері және 5 тоннадай сүт өнімінің түрі жеткізіліпті.
– Сыр бойына тамбай тұрған жаңбырдың астанаға құйып тұрғанын қарашы, – дейді Дәулет бауыр. – Дегенмен нөсер басылған соң келетін, сауда жасайтын жұрттың қарасы одан сайын көбейер деп отырмыз. Алдыңғы қарқын жаман емес. Сырдың дәмін алып жатқан ел риза болса, біз де ризамыз.
Інішекпен әңгімеміз аяқтала бере, анадайдан әскери киім киген ірі жігіттің сұлбасы көрінді. Дәу болып көрінсе, елге танымал Бақытбек Смағұл батыр шығар деп ойлағанбыз. Дәл өзі. Туған өлкеде болып жатқан жақсы жаңалықтардың басы-қасында жүретін, игілікті, сауапты, ел мүддесі жолындағы істердің ұйымдастырушысы бола білетін Бақытбек Смағұл ағамыз қазалылық інілерімен жайдары амандасып, елден келгендердің ат-көлік амандығын сұрасып, мәре-сәре болып қалдық. Ауған соғысын бастан кешірген азамат бірнеше мәрте еліміздің Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-жазушы, Ауған соғысы ардаргерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы. Қарапайымдылығымен, әрбір адамға деген жылылық көзқарасымен бірден жаныңды баурап алатын ағамен әзіліміз де жарасады.
– Сіздің жауынгер киіммен келетініңізді білгенде, біз де «камуфляж киімімізді» киіп келетін едік, – деп өзіміздің де әскери адам екенімізді астарлатып жатырмыз.
– Жауынгер киім мына жау жаңбырдан жақсы қорғайды, – деп ағамыз да сөздің түбін түсіретіндігін еске салып қойды.
Сөйтіп тұрғанда ауылдың бір қарадомалақ баласы көрінді. Күн ыстықта Қуаңдария өзеніне шомылып, құмды жалаңаяқ кешкен, күнге әбден күйген, өзіміздің ініміз, туған ауылымыз Сарыбұлақтың баласы, дәлірек айтсақ ауылдың әкімі Руслан Жаңабаев.
– Ел-жұрт аман ба? Ауылдың қауынын әкелдіңдер ме, құрдасымыз Ерімбеттің шытырлақ қауыны бар ма, Тұрғали дос шауып жүр ме? – деп жатырмыз сұрақтың астына алып.
– Биыл жаз өте ыстық, қуаңшылық қатты болды. Ел-жұртымыз аман. Қуаңда балық бар, су бар, қазір қысқа дайындық басталды. Ерімбет құрдасыңыз малға қажетті шөп орудың қамында жүр, Тұрғали ағамыз ауылдың жарығын сөндірмей, түтінін түзу шығарып отыр, – деп Руслан ауылдың амандығын, жаңалығын ортаға жайып салды.
– Қауын әкеле алмасақ та, Қазалының күрішіне еріп келіп қалдық, – деп ағасына інілік ізетпен жарасатын әзілін де қосып қойды.
Міне, осындай көңілі жайсаң ауыл адамдарының ауызекі әңгімелерін естігенде жаның жадырап қалады. Бағзы заманнан жәрмеңке өтетін жер сауданың қызатын ошағы ғана емес, сонымен бірге жақсы жаңалықтардың, ойын-сауық пен ақындар айтысының, күйшілер жарысы және балуан күресулер мен көкпар тартысудың, ат бәйгесінің, шырқалатын, көңіл көтеретін ән мен жырдың да орталығы болған.
Ән салмасақ та, балуан болып күреспесек те, жәрмеңкеде жерлес жігіттермен жүздесіп, амандық-саулық білісіп, қауынымызды құшақтап, күрішімізді арқалап, арқаға жүк салсақ та, аяғымыз жеңіл, көңіліміз көтеріңкі болып қайттық.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ
14 қыркүйек 2021 ж. 357 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031