Қасиетіңді білгенімде, өлмес еді жалғызым
Көшпелі ата-бабаларымыз ауруынан ешбір дәрісіз, өз тәжірибелеріндегі амалдарды қолдану арқылы айығып отырған. Айналадағы табиғи дүниелерді қолданысқа қосып, жемістерін азыққа, тамырларын дәрі-дәрмекке, тері илеу, жүн бояуға қолдану техникасын терең меңгерген. Қазаққа кеңінен таныс жусан, дермене, жантақ, қызыл мия, адыраспан сынды дәрілік өсімдіктер қатарында айтылатын жалбыздың емдік қасиетке ертеден ие екенін көпшілік біледі. Соңына «Жалбызды жерде жан қалады, ерменді жерде ер өлмейді» деген мақал қалдырған бабамыз бұл туралы не білді? Бүгінгідей індет ушығып тұрған шақта, оны құрықтаудан, алдын алудың маңыздылығы жоғары екендігін түйсініп, дәстүрлі танымда тамыр тарқатқан қасиетті өсімдік жайлы айтуды жөн санадық.
Қонақжайлық белгісі
Өсімдіктер – оттегін бөлуші, табиғат көркі, дәрілік шикізат, мал азығы, тағамдық өнім. Олардың қатарындағы жалбыз – Қазақстанда кездесетін ерінгүлдер тұқымдас, көпжылдық өсімдік. Өзен мен көл жағаларында, тау баурайында, шабындықтар мен бақшаларда кездесетін оның құрамында адам ағзасына пайдалы заттар мол. Шипалы дәруменге бай, жұпар иісті шөптің түсі көбіне жасыл-сарғылт, сұры және күлгін келеді. Кейде ақ не алқызыл түстері де кездеседі. Деректерде отаны – Англия саналатын өсімдікті сол жақтан Еуропа континетіне, одан Азия мен Америка елдеріне жеткізген дейді.
Жер бетінде 3500-ге жуық түрі өсетін болса, маусым мен шілде айларының аралығында гүлдейтін жалбыздың еліміздің территориясында шамамен 10 түрі кездеседі. Солтүстік қоңыржай ендікте көптеп таралған. Бұйра жалбыз, бұрыш жалбыз, дөңгелек жапырақты жалбыз және масақты жалбыз деген түрлерін қолдан өсіру де қазір кеңінен етек алған.
Өсімдіктерді ауру-сырқауды емдеуге пайдалану әр елде түрліше сипат алған. Бұл өз кезегінде дәрілік өсімдіктерді емдеу ісіне пайдалану жолдарын өрістетуде үлкен мүмкіндікке жол ашқан. Жалбыз туралы деректер бізге ауызша жеткенімен, жазбаша атақты Гиппократ еңбектерінде көрінген. Ол жалпы өсімдіктің 200-ден астам түрін жазып, оларды ауруларды емдеуге, қалай пайдалануға болатындығы туралы толық ғылыми тұрғыдан мағлұмат берсе, Грецияның Диоскорит атты дәрігері өзінің «Дәрілік заттар» жазбасында дәрілік өсімдіктердің 600 түрінің қолдану жолдарын көрсеткен. Халық емшілері де қазақ даласында дәрілік өсімдіктерді жетік біліп, адамдар мен үй жануарларын емдеп, жазып отырған.
Бүгінде қолданыстағы препараттардың, косметикалық, кулинариялық, ароматерапиялық өнімдердің 40 проценттен астамы дәрілік өсімдіктерден жасалады. Солардың басым бөлігінде кеңінен қолданылатын жалбызды бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Ғылым мен техника дамыған сайын табиғи дүниелерді пайдалану, қажеттілігін түсіну аса үлкен қызығушылық тудырып отырған мәселе.
Ежелгі уақытта жалбыздың сулы тұнбасы ақылды оятатын, көңіл-күйді көтеретін, ас қорытудың кез-келген бұзылыстарында қолданған. Мифологияда жалбыз қонақжайлылықты білдіреді.
Жүз аурудың дауасы
Суармалы жерлер, өзен, көл, бұлақ маӊында, шалғындықтар мен тоғайларда, арық бойында өсетін дала жалбызын сабынныӊ иісін жақсарту үшін пайдаланады. Дәрілік маӊызы да ерекше. Кермек жалбыздыӊ жапырағы мен гүл шоғынан жалбыз эфир майы алынады. Жапырақтары мен гүлдерінен ерекше хош иісті ментол заты бөлінеді. Эфир майында 55 процентке дейін ментол кездеседі.
Жалбыздың дәрілік пайдасы көшпенді тұрмыспен бірге медицинасында кеңінен дәлелденген. Халық арасында «Жалбыз жүз аурды жазады» деген тәмсіл қалған.
Вирустық ауруларды жоюға таптырмас дауасы болған тұнбаны тұтыну кең тараған тыныс жолдары, тіс, жүрек-тамыр, бүйрек, іш, асқазан, бауыр, өт қабының қабынуы, суық тию, дауыстың қарлығуын, жөтел ауруынан айықтыратыны дәлелденген. Сондай-ақ тырыспа, бронхтар, өкпе, қуықтың қабынуын, жүйке бұзылыстарын, шаршағанды басуға септеседі. Түйілу, демікпе, дизентерия, полиартрит, атеросклерозды басуға септеседі. Тәбетті ашып, ағзаны тазалайтын антисептик ретінде пайдалануға таптырмас құрал.
Халықтық медицинада асқазан, ұйқысыздық және іш ауруын бірден жазады деген түсінік қалыптасқан. Тұнбасын ауыз уылғанда, қызыл иек қабынғанда, тіс ауырғанда, баспада, жоғарғы тыныс жолдары қабынған кездері қолданып, ауызды шаяды. Суық тиген уақытта сүтке қайнатып ішіп, емделген. Екі қасығын араластырып күніне бір шай қасықтан үш рет екі ай ішсе, жүрек ауруының бәріне ем. Сондай-ақ оны бүйрек пен бүйрек түбекшесі, бауыр мен өт жолының қабынуына қарсы қолданады. Жалбыз ұнтағының осы мөлшерін бал орнына сары майға араластырып жоғарыдағыдай ретпен қабылдаса, демікпе сырқатын жазып, өкпенің тыныс алу жолдарын тазартады. Булығып жөтелгенді тиып, қарлыққан дауысты ашады. Тершең адам жалбыздың кепкен жапырағын ыстық суға бұқтырып демдеп, жатар алдында жарты стаканын ішіп, ал аяғының иісі барлар сол суға үш мезгіл аяғын жуып жүрсе, бұл жағымсыз иістен арылады.
Полиартритпен ауыратын адам кепкен жалбыз шөбін суға қайнатып, күніне бір реттен жатар алдында ванна жасап булап жүрсе сырқатынан сауығады. Ал, соңғы кезде жалбыз тұнбасын іштің кебуін басатын, бойға күш-қуат беретін, несеп жүргізіп қуықтың қабынуын жазатын дәрі ретінде қолданып жүр. Сонымен қатар жалбызды басқа дәрілік шөптерге қосып өкпе туберкулезін де емдей бастады. Еті тілініп кеткен жарақатқа, іріңді шиқан сияқты шығулар мен қотырларға жалбыз тұнбасын таңып тастаса, тез жазылады. Көз қызарып, іскенде, ерінге ұшық шыққанда, 10 грамм жалбызды суға қайнатып, күніне 2 рет ішеді. Жас бөбектерге тұмау тиіп, денесі қызғанда, жас жалбыздан тиісті мөлшерде алып, суға қайнатып, бір метрдей көк түсті шүберекті жалбыз суына шылап баланы орап, қалыңдау жауып терлетеді. Бұдан кейін дене ыстығы біртіндеп қайтады.
Қызылша шығып, жөтелгенде, 3 грамм жалбызды, 6 грамм тұт ағашы жапырағын, 3 грамм қоңыраугүлді суға қайнатып ішеді.
Құлақ ауырғанда, жас жалбызды жаншып, шыққан шырынын құлаққа тамызсаңыз, керемет ем.
Күніне 1 шай қасықтан 3 мезгілден 2 ай ішсе, жүрек ауруын дереу емдеп жазады. Тұнбасын ірілі-ұсақты іріңді жарақаттар мен қотырларға таңып тастаса, тез сауықтырады. Мұрыннан қан ағып, тоқтамаған кезде де жалбыз шөбін пайдалануға болады. Оның суын мұрынға тамызса, қан тоқтайды. Жалбыз тіс ауруларына бірден-бір ем. Ол тіс пастасының негізгі компоненттері ретінде қолданылады. Ескере кетерлік жайт, бұлардың барлығы халықтық ем-шаралары. Қолданбас бұрын маман кеңесіне құлақ түрген маңызды.
«Жалбыз – қасиеті дәлелденген дәрілік өсімдік. Құрамында шайырлы және илік заттар, каротин, гесперидин, аскорбин, хлороген, кофейн, урсол және олеанол қышқылы, аргинин, рутин, глюкоза, бетаин, бейтарап сапонин, фитостерин кездеседі. Медицинада кеңінен қолданылады. Оның барлық бөлігі пайдалы емес, улылары кездеседі. Сондықтан оны өз бетінше тұтынуға кеңес бермес едім. Дәрігер тағайындаған жалбыз тұнбасы, ұнтағы, шайы, ол құрамында бар дәрілерді арнайы рұқсатпен дәріханалардан алған жөн. Сондай-ақ сатып алмас бұрын нұсқаулығын оқу маңызды. Маман тағайындағанда да өзіңіздің өсімдіктің бұл түріне аллергияның бар-жоғын ескертіңіз», – дейді терапевт дәрігер Мөлдір Алдасыберген.
Сондай-ақ жалбыз қосылған шайды қан қысымы жоғары адамдарға және 6 жасқа толмаған балаларға ішуге болмайтынын қаперіңізге саламыз.
Аңыздың айтары
Халық жадында шығыс халықтарына ортақ тұлға, медицина ілімінің негізін қалаушы Ибн Сина мен жалбыз хақында мынадай аңыз қалған.
Ертеде Лұқпан Хакімнің ұлы ойын баласы болып өсіп қалған кезінде дертке шалдығып, ішкен асы ішінде тұрмайды. Талай өлім аузындағы науқас жандарды емдеп жазған данышпан түрлі шөптен дәрі жасаса да, перзентін құтқара алмайды. Баласы дендеген науқастан қаза тапқанда, ғалым дертін білу үшін ішін жарып қараса, ұлтабарынан тобықтай тас шығады. Сырты жылтыр тасты «Жалғызымның көзіндей көрейін» деп қалтасына салып алады.
Бір жолы Лұқпан Хакім жаздың шілде күнінде ыстықтап, арықтағы суға түседі. Судан шығып киінейін десе, өсіп тұрған жалбыздың үстіне қойған камзолының қалтасынан еріген майды көреді. Қараса, қалтасындағы тас жоқ. Осы кез ойына баласының жасында ешкі майын жеп, тамақтан соң мұздай су ішкені оралады. Май ұлтабарына қатып, ішкен тамағымен әрі-бері қозғалып, тасқа айналғанын ұғынады.
Хакім болған жайтты болжамдап, «жалғызымның емі сен екенсің ғой» деп жалбызды құшып: «Жалбызым, жалбызым, қасиетіңді білгенде, өлмес еді жалғызым», деп жылай береді.
Дайындаған А.МЕЙІРХАН