Жүз ауруға ем жалбыз

Жалбыз қандай қасиетімен белгілі шөп? Жалбыз шөбінің ел арасында дала, су, бұйра, кермек және бұрышты секілді түрлері кең танымалдылыққа ие. Дәрілік препаратқа пайдаланатын түрін «бұрышты жалбыз» дейді. Қандай ауруға дауа деген сұрақ көпшілікті толғандырары сөзсіз. Ендеше жалбыздың емдік қасиетіне кезек берелік.
Жалбыз – сонау ықылым заманнан-ақ адамзаттың пайдасына жараған киелі шөп. Қазіргідей медицина дамымаған уақытта бұл өсімдік ата-бабамызды талай ауру-сырқаудан аман сақтап қалған. Жалбыздың дәрілік пайдасы көшпенді тұрмыстан бөлек, дамыған ғасырдың медицинасында да дәлелденген. Ол вирустық ауруларды жоюға таптырмас дәрі бола алады. Бәрінен бұрын асқазан, ұйқысыздық және іш ауруын бірден жазады. Тұнбасын ауыз уылғанда, қызыл иек қабынғанда, тіс ауырғанда, баспада, жоғарғы тыныс жолдары қабынған кездері қолданып, ауызды шаяды. Суық тиген уақытта сүтке қайнатып ішсе, дереу емдейді.
Күніне 1 шай қасықтан 3 мезгілден 2 ай ішсе, жүрек ауруын емдеп жазуға септігі тиеді. Тұнбасын ірілі-ұсақты іріңді жарақаттар мен қотырларға таңып тастаса, тез сауықтырады. Мұрыннан қан ағып, тоқтамаған кезде де жалбыз шөбін пайдалануға болады. Оның суын мұрынға тамызса, қан тоқтайды. Жиі терлейтін адам егер жалбызды ыстық суға демдеп, ұйықтар алдында ішетін болса, тершеңдігінен айығады. Жалбыз тіс ауруларына бірден-бір ем. Ол тіс пастасының негізгі компоненттері ретінде қолданылады.
Жалбызды сондай-ақ косметологияда да пайдаланады. Мәселен, таңертең бетті құбырдан аққан сумен шайғаннан гөрі жалбыздан әзірленген лосьонмен жуған әлдеқайда пайдалырақ. Ваннаға жылы су толтырып, ішіне 5 ас қасық жалбызды 1 литр суға қайнатып, қоссаңыз, шаршағаныңызды оңай басады. Жұпар аңқыған иісінен иіссулар жасайды. Кулинарияда қолданып, сан түрлі ас-дәмдер әзірлейді. Ароматерапия ретінде пайдаланып, эфир майларымен ауаны жағымды иіске толтырады.
Ескерту: жалбыз қосылған шайды қан қысымы жоғары адамдарға және 6 жасқа толмаған балаларға ішуге болмайды.
Ел арасында жалбыздың жүзден астам ауруды емдей алатын қасиеті бар екендігі жиі айтылады. Дегенмен кез келген емді қабылдамас бұрын дәрігердің кеңесіне жүгінуді естен шығармағаныңыз жөн.
Дайындаған
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА