2006 жыл: Жеңісті де, жемісті жыл
Тәуелсіздіктің 15 жылдығын жас Қазақстан бақуаты беки түскен елдердің қатарында қарсы алды. Сындарлы саясаттың нәтижесінде елдің ішкі әлеуеті артып, халықаралық аренада мемлекеттің беделі жоғарылай түсті. Әлем Қазақстанның қарымды қуатын ғана емес, қайратты саясатын, сауатты жолын, салауатты ұстанымын мойындап, небір түйінді мәселелерде Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттің тың бастамасымен санаса бастады.
Ұлықтаумен басталған жыл
Жыл басында Астанадағы Ақорда резиденциясында Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. 11 қаңтар күні өткен инаугурацияға әлемнің 70-тен аса елінен өкіл келіп қатысты. 2005 жылғы 4 желтоқсанда болған Президент сайлауы – ХХІ ғасыр басындағы еліміздің ішкі саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Бұл ретімен санағанда үшінші, ал Конституция қабылданғаннан кейінгі екінші бүкілхалықтық сайлау еді. Сайлау тізімдеріне тіркелген 8,8 миллион сайлаушының шамамен 6,8 миллионы дауыс беруге қатысты. Солардың ішінде биліктегі Президентке дауыс бергендер саны 6,1 миллион адамды, яғни 91,2 процентті құрады. Сайлау қорытындысы халық сенімінің айқын көрінісі еді. Осы жиында Елбасы алдағы онжылдықта Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қосу туралы мақсатын жария етті.
Жаңарған Гимн – жаңғырған рух
Шежірелі жылдың шеру бастаған жаңалығы – қаңтар айында мемлекетіміздің жаңа Гимні қабылдануы. Гимн негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі – Н.Назарбаев. Осы атаулы жылы жаңа Әнұранның қабылданғанында символдық мән бар еді. Бұл жылы Желтоқсан оқиғасына 20 жыл толған болатын. 1986 жылы тоталитарлық режимге қарсы тұрып, «әр елді өз ұлтының өкілі басқарсын» деп алаңға шыққан желтоқсаншылар қақаған аяз, үскірік желге қарамастан, осы әнді шырқап, тәуелсіздікті аңсаған қазақ рухын маздатқан болатын.
Бел ортадағы бәсекеге қабілеттілік
Швейцарияның Давос қаласында жыл сайын өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша 2004 жылдан бастап Жаһандық бәсекеге қабілет индексі (GCI) жариялана бастады. Әлем елдерінің саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік даму көрсеткіштерін негізге алып, оның рейтингін бағалайтын бұл индексте осы жылы Швейцария көш бастады. Одан кейін Финляндия, Швеция, Дания, Сингапур, АҚШ орын тепкен еді. Осы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 125 елдің ішінде 56-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның Орталық Азия ғана емес, ТМД-ның барлық мемлекеттерінен озық келе жатқанын айғақтады. Өйткені Ресейдің өзі осы тізімде 62-орынға орнықты. Әзербайжан – 64, Украина – 78, Тәжікстан – 96, Қырғызстан 107-орынға тұрақтады. Мұның бәрі тәуелсіздік тудырған сындарлы реформалар мен ұлттық жаңғырудың жемісі еді.
Қорда қомақты қаржы
2000 жылдардың басы ел дәулетін еселеген жыл болды. Әлемдік нарықтағы қолайлы конъюктура мен ішкі өндірістегі еңбек өнімділігі селбесе келе, жаңадан ашылған Ұлттық қорда шоғырланған қаражат көлемі күрт артты. Мәселен, 2004 жылы бұл көрсеткіш 5 миллиард доллар болса, 2005 жылы 8 миллиард, ал 2006 жылы 14 миллиардқа жетті. 2007 жылы бұл сома 21 миллиард АҚШ долларын құрағанын мақтанышпен айта кеткен абзал. Ұлттық қордың дер кезінде құрылуы Қазақстан тарихындағы айтарлықтай елеулі шешім еді. Мысалы, 2007-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс салдарын еңсеруде қордағы қаржы аса маңызды рөл атқарды. Қордың негізгі қаржы көзін шикізат секторы ұйымдарының жоспардан тыс кірісін құрады. Қаржылай ахуалдың күрт жақсаруына байланысты әлеуметтік саясат та жаңа арнаға бұрылды. Статистика агенттігінің мәліметінше, 2006 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің жылдық өсімі 7,1 процентті құрады. Жыл соңында инфляциялық өсім 0,8 процентке жетті.
Келешек үшін келісім
Мемлекет басшысының шетелдерге ресми сапарлары қай елдің болмасын, халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, оның халықаралық қауымдастыққа кірігу процесінде үлкен маңызға ие болғаны анық. Елбасының 2006 жылғы АҚШ-қа ресми сапары осындай тарихқа бедер салған оқиға болды. Өйткені дәл осы жолы Нұрсұлтан Әбішұлы алыстағы АҚШ мемлекетіне ресми сапары кезінде әдеттегідей мемлекет басшылары орналасатын резиденциялардың бірінде емес, Америка президентінің үйінде қонақ болған болатын. Жаһандық геосаясаттағы гегемон елдің қазақ халқының басшысына іш тарта ықылас білдіруінде ресмиліктен тыс риясыздық жатыр еді. Ал бұған дейін мұндай ерекше жоғары құрмет бұрынғы КСРО мемлекеттері басшыларының бірде-біріне көрсетілмеген екен. Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға сапары еліміздің құрметін арттырып қана қоймай, Қазақстанның геосаясаттағы таразы басын тең ұстаудағы саясатына салмақ бітіріп, бір ширатып алды. Мәселен, сыртқы саясат сарапшылары осы АҚШ-қа стратегиялық сапардан соң, Қытай басшылығы да екі ел арасындағы байланысты стратегиялық деңгейге көтеруге бұрынғыдан да зор мүдде таныта бастағанын жиі айтады. Одан бөлек Ресеймен әуелден келе жатқан мызғымас стратегиялық әріптестігіміз тағы бар. Бұл тарихи қозғау салған оқиғаны цифр да құптай түседі. 2006 жылдан соңғы ахуал бойынша Қазақстанға келген шетелдік инвестиция көлемі 100 миллиард доллардан асып түскен. Бұл стратегиялық ишараның жемісі ел тарихына саяси әл-қуатымен ғана емес, экономикалық қауқарымен де дем болып біткені анық. Сапар барысында 26-29 қыркүйек күндері Қазақстанның Тұңғыш Президенті АҚШ президенті Джордж Буш, АҚШ Конгресі палаталарының өкілдері, басты министрліктер мен ведомстволардың, ірі энергетикалық компаниялар басшылары, көрнекті қоғам және діни қайраткерлерімен кездесуі өтті.
А.БАҚЫТҰЛЫ