Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бауыздау құда

Бауыздау құда

Алғашында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр жұртымен құда болғанына қуанған Ескен өзінің ол үшін қиналарын білген жоқ-тын. Туған ағасы Өскеннің баласы Бауыржанның келінді өздері туып-өскен солтүстіктен тым алыстағы жерден табуы бұған да қызығушылық тудырды.
Отбасылық ойластықтан соң белгіленген адамдар жолға қамданды. Жақында жоғары оқу орынын бітіргендеріне отыз жыл толған қуанышта бас қосқан топтастардың тобындағы қызылордалық Маратқа құдалық жайын жеткізіп еді, ол өзінің бұлар баратын Қазалыда тұратынын, келсе құшақ жая қарсы алатынын айтты.
Ұзақ жол жүріп келген құдаларды жаңа туыстарымен бірге Марат та күтіп алды. Өз үйіне күтіп, ас-суын дайындап, меймандос көңілін танытты. Дастарқан басында әңгіме-дүкен құрылып, жергілікті салт-дәстүрлер сөз болды. Әңгіме ауанын байқаған қызылжарлықтар қос тараптың араларында біршама алшақтық барын байқады. Сол күні Өскен: «Марат інім, бәрі үшін рахмет! Солтүстікте демесең, біз де қазақтың бір тармағымыз. Бірақ мұнда біз түсіне бермейтін көп нәрсе бар екен. «Әр елдің салты басқа» дегендей. Сол үшін құдалыққа өзің бастап бар. Ескеннің досы болсаң, бізге де алыс емессің», – деп қолқалады. Марат та келісім берді.
Қыз ұзату тойында құдалар жағы күтіп алып, қонақтарды жасына қарай бөлек-бөлек отырғызды. Мұны байқаған Ескен сыбырлап: «Мәке, мені қасыңнан тастап кетпе. Біз орыс мектебін бітірдік. Қазақшамыз да дұрыс емес. Бір нәрсе айтудың орнына басқа нәрсені айтып қойып, ұятқа қалармын, – деді. «Ештеңе етпейді. Салт-дәстүрге бас қатырма, ол жағын өзіме қалдыр. Ал сен айтқанды орында да отыр», – деді досы да.
Аз уақытта той да басталып кетті. Ән думаннан соң екі жақ бір-бірін таныстырды. Тізгінді Марат алды.
– Қасымда отырған құдаларыңыздың інісі, бауыздау құдаларыңыз Ескен, – дей бергенінде Ескеннің көзі шарасынан шығып кетті. Сөз аяқталысымен:
– Мәке, не ол «бауыздау»? Бір шешендердің тойында болғанмын, қанжармен мойнын тақап билеген. Маған солай жасай ма? – деді таңданысын жасырмай.
– Жоқ, олай емес. Одан да сорақы. Қазір мал әкелінеді. Соны мауыздап соясың. Одан аққан қанды жаңа құдаң екеуің бөлісіп ішесіңдер. Дәстүріміз солай, олай болмаса, құдалық дұрыс болмайды деген түсінік бар, – деді Марат да қуланып.
– О...иии, не надо, керегі жоқ. Мен қаннан қорқамын. Сою да, ішу де қолымнан келмейді. Өзің бірдеңе қылшы, сен жергіліктісің ғой...
– «Өзің бірдеңе қылшы» дегені несі. Шынтуайтына келгенде, мен қыздың туысымын. Қанымыз бір. Мен ішсем, екі жақтың қаны араласпай қалады. Сен ішуің керек.
– Сендер де қайдағыны шығарады екенсіңдер? – дей бергенде бұларды қонақ қылып жүрген арық келген жігітағасының: «Құда, құда болсаң, шыда» дегені Ескеннің үрейін одан сайын ұшырды.
– Бауыздар құда, неге ішіп жемей отырмыз? – деп алдындағы саптаяққа шырын құйып жатқан асабаға Ескен:
– Біріміз солтүстікте, біріміз оңтүстікте тұрғанымызбен, бір қазақтың баласымыз. Сіздердің кейбір дәстүрлеріңізді білмеуім мүмкін. Бірақ қонақты барлық қазақ құдайдай сыйлаған. Сондықтан енді мауыздайтын құдаларыңыз мына Мәкең, – демесі бар ма? Манадан екеуара әңгімені естігенімен, естімеген кейіп танытып отырған бөлмедегілер қыран-топан күлкілерімен «бастарына көтерді». Тыныштықты Марат бұзды:
– Ағайын, бұл мәселеге кінәлі адам болса, ол менмін. Алдын ала барлығын айтып түсіндіруім керек еді. Аздап қалжыңдаймын деген әрекетімнен жағдайдың мұнша ушығарын білмедім.
Есеке, досым, айып бізден. «Бауыздау құда» деп бас құдадан кейінгі, мал мауыздағанда бата берген кісіні айтады. Ертеде ол, шын мәнінде, мал мауыздады ма, мауыздамады ма, ол жағын анық білмеймін. Бірақ тағы бір білетінім, ұлтымыз ең жақсы, сыйлысын тәттіге теңейді. Тәтті деген не? Ол бал мен уыз. Осындай қарым-қатынасымыз жақсы болсын деген ниетпен «балуыздар құдалар» деп ең құрметті туысына балаған. Сондықтан қос тарапты жақын ететін елші өзіңе «балуыз» дегеннен артық қандай теңеу айтамыз, – деп құшағын ашты.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
28 тамыз 2021 ж. 1 639 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 50

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031