Білімді ұлт – тұрақты дау кепілі
Бүгін Қызылорда қаласында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Білімді Ұлт – тұрақты даму кепілі» атты педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Дәстүрлі тамыз кеңесіне эпидемиологиялық ахуалдың күрделігіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап және Әділхан Жөлекешов бастаған аудан ұстаздары онлайн қатысты.
Келелі кездесуден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Ұстаз – ұлағатты атау. Мектептің жаны да, ары да – мұғалім. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Себебі, ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да биіктерді бағындыра біледі. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы ұстаным. «Ұстазыңды атаңнан да әзиз тұт» дейді халық даналығы. Сіздерге құрмет көрсете отырып, жауапты тағы бір жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Жаңа оқу жылында талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін.Оқу жылы Сіздер үшін, әріптестеріңіз үшін табысты жыл болсын, – деген аудан басшысы биылғы жылдың басты ерекшеліктеріне тоқталды.
– Жаңа оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – биылғы мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерімізге Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайта оқытылуы. 1 қыркүйек күні барлық білім беру ұйымдары бойынша «Әліппе» салтанатты түрде оқушыларымызға табыс етілетін болады, – деді.
Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, орта, арнаулы орта білім беру ұйымдары педагогтерінің еңбекақысы тағы да 25 пайызға артатынын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай төрт жылда педагогтердің еңбекақысы 2 есе өсіру жоспарлануда.
Мұнан соң білім саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ұстаз мәртебесін шәкіртінің білімімен еселеген бір топ аудан ұстаздары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хатымен» марапатталды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Абай ауылындағы №90 мектеп директоры Ділдабек Айтмамбетке облыс әкімінің «Алғыс хатын», «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Күлаш Абашова, М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі Элмира Жексенбиеваға Қазалы ауданының «Құрмет грамотасын» табыстады.
Сондай-ақ, тамыз кеңесінде бір топ ұстаздар аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат