Теміржол саласының ардагерлеріне "Құрмет грамотасы" табысталды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев көлік саласы қызметкерлері күні қарсаңында ардагер теміржолшылар Жақсылық Көрпебаев мен Ерқосай Қабыловты қабылдап, мерекемен құттықтады.
– Сіздерді және Сіздер арқылы барша көлік саласы қызметкерлерін алда келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Көлік саласы, оның ішінде қазалылық теміржолшылардың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі орасан зор. Сол үшін де темірдей тәртіпке бағынатын теміржолдың тарландарына алғыс айтамын, – деп Мұхтар Әуесұлы ізгі тілегін жеткізді.
Мұнан соң теміржол саласының озаты, КСРО темір жол қауіпсіздігінің үздігі, Құрметті теміржолшы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Жақсылық Көрпебаевқа Қызылорда облысының, Құрметті теміржолшы Ерқосай Қабыловқа Қазалы ауданының «Құрмет Грамотасын» табыстады.
Өз кезегінде теміржол саласының ардагерлері аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, аудандағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделігіне байланысты көпшілік адам жиналатын басқосулар өтпейді. Көлік саласы қызметкерлері күніне байланысты облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттары» мекеме басшыларына тапсырылды. Әрбір мекеме басшысы санитарлық талаптарды сақтай отырып, қызметкерлерге марапаттарды табыстайтын болады.
"ҚАЗАЛЫ"ақпарат