Жабайы сауда жарға жықпасын

Бүгінгідей барлық дүние қымбаттаған шағында бала-шағасына тамақ тауып беру де оңайға соқпай отыр. Оның үстіне өткен жылы өртке оранған бірнеше сауда қатарында тауары жанып, жай-күйі қиындаған жандардың жағдайын қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында бұндай бейбастақтыққа жергілікті басшылық көз жұма қарады. Қазір олар қалпына келтірілді. Мемлекет ел қазынасын толықтыратын жандар үшін кеңшілік танытса да, олардан да белгілі жағдайда жауапкершілік сұралуы керек.
Себебі сауда нүктелері аудан орталығының кез келген жерінде бар. Олардың көбінің жанында көлік тұрағынан бастап, отырып тамақтанатын не қалдықты тастайтын қоқыс жәшігі жоқ. Салдарынан алушылар тұтынған заттарының сырты, қабығы мен қалдығын қалаған жеріне тастап кете береді. Ал жеміс-жидек, киім-кешек, ішек-қарын дейсіз бе, іздегеніңді де, іздемегеніңді де бір қатардан табуға жағдай тудырып отырған жабайы жағалаудағы жай да мәз емес. Ол жерлерде су себетін, қол жуатын мүмкіндік жоқ. Кешкі базар аяқталатын уақыттағы бұл жерлердің көрінісін көзбен көру тіпті ауыр. Аудандағы санитарлық талаптарды қадағалайтын басқарма мамандарына бұл жайт таныс болғанымен, олар талап қоюға қауқарсыз. Яғни арнайы рұқсатсыз тексеріске тосқауыл қойылған. Мұндай санитарлық талаптардың өрескел бұзылуы онысыз да әлемді ауырлыққа салған пандемияның одан әрі өршіп, аудан көшелерін көріксіздендіріп, бет-бейнесіне кесірін тигізіп келеді. Тазалық – денсаулық кепілі. Сондықтан базар басшысы және оған қатысы бар барлық басқарушы орган халықтың қалыпты жағдайға оралуын ойласа, бұл мәселеге бейжайлық танытпауы тиіс.
А.МЕЙІРХАНОВА