Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баламалы энергияның басымдылығы мол

Баламалы энергияның басымдылығы мол

Адамзат баласы жаратылғаннан бері өзіне қызығушылықпен құмартқан аспан денелерінің маңыздысы – күн. Ежелгі адамдар тәңіріне балап, құпиясын ұғынуға ұмтылған жұлдыздың құдіреті неде? Ғылым дамыған бүгінгі күнде күннің қандай сыры ашылды, ғаламға тигізер пайдасы пайымдалды? Әңгіме сол туралы өрбімек.

Таныс та бейтаныс құбылыс
Күн – жерге ең жақын жұлдыз, аспан жүйесіндегі орталық және ең орасан дене, өздігінен сәуле шығаратын зор энергия көзі. Ол күн жүйесіндегі барлық денелерге сәуле шашып, күшті әсер ету арқылы оларды қыздырады, жердегі тіршілікке қажетті жарық пен жылу береді, өсімдік пен жануарлар әлемінің өмір сүруін қамтамасыз етеді. Бір қызығы, біраз бөлігі тас көмір, мұнай және басқа пайдалы қазбалар түрінде жер астында сақталған.
Күн – қызған газ шары, яғни гелий қоспасы бар сутектен тұрады. Күн қойнауында пайда болатын энергия ағыны сыртқы қабаттарға беріледі және барған сайын көптеген аумақты қамтуға қауқарлы.
Деректерге зер салсақ, күн жерде болатын құбылыстарға үлкен ықпалын тигізеді. Ол жер бетінің негізгі жылу көзі болғандықтан, жарықтандырып, жылумен бірге шамамен 11 жыл сайын болып тұратын белсенділігі арқасында бірқатар геофизикалық құбылыстардың тууына жол ашады. Олардың қатарында зарядталған бөлшектер ағыны бар. Жердің магнит өрісіне қатты ықпалынан магниттік дауылдар зарядталған бөлшектерді атмосфераның ең төменгі қабаттарына алып келуі нәтижесінде полярлық шұғылалар пайда болады. Кейде күннің қысқа толқынды сәуле шығаруы радиотолқындардың таралу әсерінен радио байланыс бұзылады. Сондай-ақ күндегі белсенділік жанама түрде жануарлар мен өсімдіктердің күрделі процестеріне де әсер етеді.
Мағлұматтардан жұлдыздың бұл түрінсіз жер бетінде тіршілік болмасын ұғынамыз. Әдетте күн сәулесінің әсері және атмосфералық қысымның төмендеуінен біз білетін тұман, жаңбыр, бұршақ, дауыл сынды табиғи құбылыстар пайда болады.

Күнге күйгеннің көмегі көп
Күн сәулесінің ағзаға пайдасы ұшан-теңіз. Бұл туралы дәрігер Мөлдір Нұрадинқызының пікірін тыңдауды жөн санадық.
«Білім күні – 1 қыркүйекте балалар бұрынғыдан біршама өсіп келеді. Оған балалардың жаз мезгілінде далада ойнауының тікелей әсері бар. Тәжірибеде жазда, жазға жақын туған бала мешелмен ауырмайды дейтін де пікір қалыптасқан.
Ультракүлгін сәуле бала сүйегінің негізгі құрамын құрайтын ағзаға қажетті минералдарды бөледі. Д дәруменінің негізгі қасиеті есте сақтау қабілетін жақсартып, адамның ұзақ өмір сүруіне әсер етеді. Күн сәулесі демікпе (астма) дертімен, кейбір теміреткі, қышыма сияқты тері ауруымен ауыратындар үшін де пайдалы. Адам көңіл күйін реттеп, жүйкесін жақсарту, қанның ұюын қалыпты жағдайда ұстауға көмектеседі. Күн сәулесінің әсерінен ағзада серотинин мен эндрофин бөліне бастайды. Алайда күнді қабылдаудың мөлшері мен зиянын да білу керек», – дейді сөзінде.
Дәрігер атап отырған эндрофин – қуаныш пен бақыт гормоны. Зерттеулер оңтүстік облысындағы тұрғындарға қарағанда солтүстіктегілер күйзеліске көп шалдығатынын байқаған.
Жазда күн астында ұзақ жүру қауіпті. Дене қызуын көтеріп, теріні күйік шалады. Күйген тері құрғап, қартаюға, ақуыздарды жоюға дейін жетікізеді. Салдарынан қауіпті меланома, тері рагы аурулары тууы мүмкін. Шаштың сарғайып, әлсіз болуы, бастан күн өту сынды қиындықты барлық адам біледі.

 Шексіз энергия шығынды ­азайтады
Дүние жүзіндегі жанды атаулының барлығына қажетті күн бүгінгі таңда балама энергия көзі ретінде де маңызды. Энергияның бұл түрі электр қуатына арнайы панельдер арқылы айналып, қолданыстағы су жылыту, салқындату, жылыжай сынды көптеген салада кеңінен қолданылуда.
Бүгінде ғалам жұртшылығы зиянды, қымбат энергия түрлеріне залалсыз, қолжетімді, табиғи баламаларға алмастыруды қолға ала бастады. Ол түсінікті жағдай. Шекті қор қашан да жетімсіздігін байқатады. Ал табиғи құндылықты құнттау – уақыт талабы. Соңғы мәліметтер бойынша Күннің жасы 4 млрд 600 млн жыл болып, ол әлі де 5 млрд жыл жарқырап жануға шыдамды. Оның жарқырауы немесе толық сәуле шығару қуаты осы уақыт аралығында айтарлықтай өзгермеген. Сондықтан күн затының ішкі энергиясының қоры әлі де миллиардтаған жылдарға жетуі тиіс.
Жаңалықты игілігіне пайдаланып жүрген кәсіпкердің бірі Айбек Ерғұланұлы күн энергиясын пайдалануда біршама қиындықтар да кездесетінін айтты. «Біріншіден, стансалардың алғашқыда құны жоғары. Күн энергиясының негізгі кемшіліктерінің тағы бірі - жүйелерді орнату үшін үлкен жер учаскелерін пайдалану қажеттілігі. Барлық салада ең тиімді түрде пайдалану үшін ғимараттардың күн энергиясын пайдаланатын түрде жобалануы, күн панельдерінің көбейтілуі, күн энергиясымен жұмыс істейтін батарея мен өнімдерді таңдау, аталмыш жүйемен жұмыс істейтін су жылыту жүйелерінің арттырылуы жеткілікті. 20 жыл ішінде бұл жүйелерді жою керек және қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін деп есептеледі. Дегенмен көп артық қондырғы, құрылғы, күрделі механизмді қажет етпейтін жүйеге құйылған қаржы аз уақытта өзін өтейді. Мәселен шалғайдағы жайлауға жарық апару үшін мемлекет қанша шығынға батады. Мұндайда ең тиімдісі – күн энергиясын пайдалану», – дейді. Сондай-ақ ауа райы мен тәуліктің уақытына тәуелділік, электр станциясының жанында атмосфераның ысуы, энергияны аккумуляциялау сынды қиындықтарға қарамастан, күн энергетикасынан арзан энергия әлі табылған жоқ.
Күн жүйелерін пайдалану қоршаған ортаға әсері өте төмен энергияны өндіреді. Себебі оған жану процестерін жүргізу үшін зиянды заттарсыз атмосфераны сақтай отырып, қазба шикізаты қажет емес. Энергияның осы түрін субсидиялау арқылы іске асыруды ынталандыратын елдер бар.
Күн панельдерін өндіруші елдердің басында көршілес Қытай мемлекеті тұр. Ал тұтынушылар жағынан Германия, Италия, Бельгия үштікті түзеді. Ал күн энергиясы әлеуеті тұрғысынан бай аймақта орналасқан Түркия осы энергия көзін дұрыс қолдана білу арқылы шетелдерге тәуелділікті азайтып, ел экономикасын ілгерілеткен.
Қазақстанның күн панельдерін шығаратын өз зауыты пайда болатыны туралы жұртшылық ЕХРО-2017 көрмесін өткізген уақытта хабардар болды. Сол кезде қабылданған «Болашақтың энергиясына» бағдары осы бағыттың іске асырылуына мұрындық болған еді. Бүгінде жаңа жүйені пайдалануға мүмкіндік туғызып отырған «Astana Solar» ЖШС фотоэлектрлі модульдердің зауыты жұмысын бастағанына көп болмаса да, өз жұмысымен дараланған өндіріс орны.
Компания мамандары өз істері туралы барлық облыстар мен алыс-жақын шет елдерде өнімдерін тұтынушылар барын және олардың саны артып келе жатқандығын айтады. Оған күн инсоляциясының деңгейі Қазақстан Республикасының барлық аумағында өте жоғарылығы – негізгі себеп көрінеді. Бұл аталмыш технологияларды барлық аймақтарда бірдей енгізуді қолайлы етеді екен.
Электр энергиясына тапшылық қазір әлем елдерін алаңдатып отырған басты мәселе. Ал оған тәуелділік, қолжетімсіздіктен арылтатын төте жол мемлекеттің алдында тұрған басты бетбұрысының бірі – «жасыл экономиканы» дамыту, осы саясаттағы көрсетілген инновация, экологиялық таза жобаларды жүзеге асыру ауқымын кеңейту. Қазақстан Республикасының «Қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді орындау мақсатында баламалы энергетиканы, оның ішінде күн энергетикасын дамытуды ынталандыру шаралары қолға алынған. Бәріне бірдей қолжетімді, шешуші экологиялық факторды жүзеге асырсақ, шаш-етектен төгілген шығынды азайтып, туған табиғат пен өмір ұзақтығына өлшеусіз үлес қосылар еді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
17 тамыз 2021 ж. 534 0

Ғайып болған елес ауыл

14 мамыр 2024 ж. 115

Қамыс басындағы қыз

14 мамыр 2024 ж. 100

Қарақұмға қой көшкенде

14 мамыр 2024 ж. 83

Аналар ардақталған күн

14 мамыр 2024 ж. 94

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031