Халық санағының ІІ кезеңіне дайындық жұмыстары басталды
Kyzylorda-news.kz. Ұлттық халық санағының І кезеңі аяқталды. 1-30 маусым аралығында өткен ұлттық халық санағының I кезеңінде тұрғынжайлар, тұрғын үйлер және тұрғын емес үй-жайлар тізімдері нақтыланды. Бүгінде ІІ кезеңіне дайындық жұмыстары басталған.
Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, қоғамның қауіпсіздігі үшін халықпен тікелей байланыс жүргізетін 230 санақ нұсқаушыларының 66-ы екпе алған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрқабылова хабарлады.
Уақытша санақ жұмыстарының алғашқы кезеңінде облыстық «Жастар ресурстық» орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген жастар мен студенттер алынды. Ал, санақтың II кезеңінде 1113 азамат уақытша жұмысқа тартылады деп жоспарлануда. Олардың жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды.Сонымен қатар, биылғы халық санағы электронды форматта өтуімен ерекшеленеді. Сондықтан да әрбір учаскілер компьютермен, интернет желісінің байланысымен қамтамасыз етіледі.
«Санақтың II-кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізіледі. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты арқылы онлайн режимінде өтеді. Әр тұрғын осы сайт арқылы өздеріне қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеке мәліметтерін енгізуі тиіс. Ал, 1-30 қазан аралығында нұсқаушылар базаға енбей қалған тұрғындардың үйін аралап, планшет құрылғысымен ендіреді. Сайт жүйесі тәулігіне 24 сағат бойы қол жетімді. Бұл әрі облыс халқының компьютерлік сауаттылығының қаншалықты дәрежеде екендігін айқындайды. Әрбір санақ парағындағы мәліметтердің құпиялылығы заңмен кепілдендіріледі», – деді Гүлмира Жеткергенқызы.
Ұлттық санақ кезінде «1446» бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды. Санақшының қойған сұрақтарына дұрыс жауап беру әр азаматқа міндетті. Айта кету керек, бұл Ұлттық халық санағы «Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен өткізілуде.