Ескерткіш – белгі тұрғызылды
Қазақ халқы руын жетік білгенімен, бөлінушілікті құптамаған. «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» деп ұлы Абай осыны меңзеген. Торқалы тойда топырақты өлімде тоқайласып, бір-бірін ағайын-туыс, құда-жекжат, нағашы-жиен, қарын бөле санап бауырға тартқан. Қауқылдасқан туыстарымызды көргенде «шіркін, мың өліп, мың тірілген қазақты Жаратқанның сынақ ретінде жіберген сансыз зұлматынан сақтап қалған осы қасиеті шығар-ау» деп таңдануға мәжбүр боламыз.
Осындай үрдіске сай игілікті істі Қазалы жеріндегі Құрманайдың Бабақ аталығынан шыққан Боранбай әулетінің ұрпақтары қолға алып, аталарына ескерткіш-белгі тұрғызып, ас берді. «Дауылкөлдің» етегіндегі қорым басындағы еңселі белгіге әулеттің ақсақалы, ардагер теміржолшы Ерқосай Әбдікәрімұлының үш шумақ өлеңі тасқа қашалып жазылды.
Арал, Қазалыдан жиналғандарға тағылымдық жиын үстінде Әбжәми Жанаев, Ертай Қадырұлы, Игембай Отарәлі, Аманкелді Бисенов тағы басқа ақсақалдар ізгілікті істері үшін алғыстарын айтып, бата берді.
Имандылық шарасының басында жүрген ардагер-ұстаз, ҚР Кәсіптік білім беру ісінің үздігі Арғын Қабыл: «Атам қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» депті. Құдайға шүкір, бүгінгі күні иманды, әруақ сыйлайтын, ата жолын ардақ тұтатын жас ұрпақтың өсіп келе жатқанына көзім жетті. Алматыға көшіп, сонда тұратын маған 2017 жылдың басында Батырхан інім хабарласып, ата-бабаларға ас беруге дайындық жүріп жатқанын айтты.
Сөйтіп, жұмыс басталып кетті. Табанымыздан таусыла көп ізденіп, шежіре кітапшасын шығардық. Ескерткіш орнатылды. Бұл жұмыстың ойдағыдай бітуіне Батырхан, Қамбар, Ербол, Нұрбол, Нұрлан, Азамат, Нұрсұлтан, Ринат, Самат, Нұрлан, Тұрлыбек есімді інілеріміз белсене атсалысты. «Әруақ сыйлаған азбайды» деген үрдісті ұстанған ағайынның мұсылмандық істерін жаңғыру кезеңіндегі жарқын істер қатарына жатқызуға болады», – дейді.
Батырхан БАЙҚАЗАҚОВ.